Жаңалықтар

Мәдени іс-шаралардың мәні кетіп тұр

Мәдени іс-шаралардың мәні кетіп тұр

«Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, бүгінгідей сананы тұрмыс билеген нарық заманында халықтың мәдени һәм рухани өмірінің маңызы орасан зор. Мәдени, рухани іргетасы мықты болмаған елдің уақыт ағысына төтеп бере алмайтыны айтпасақ та түсінікті.

Жиырма ғасыр бойы Орта Азияның мәдени жүрегі, өркениеттің орталығы болған Тараз шаһарында бүгінгі таңда мәдени тіршілік неге саябырсып тұр? Облыс орталығында апта сайын аудандар бірімен бірі жарысып мәдени шаралар ұйымдастырғанымен, қалалық мәденит және тілдерді дамыту бөлімі неге бұл іске белсенділік танытпауда? Әрине, аталған бөлімнің жұмысын түбегейлі жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те, дүние жүзінің төрт құбыласына ежелден аты мәшһүр Тараз шаһарында тұрғындардың мәдени тынысын ашатын шаралардың жоқ екені рас. Осылайша біз осыған тікелей жауапты Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қайырылдық. Басшысы Бақыт Тоқсанбаевамен байланысқа шығып, жыл басынан бері атқарылған жұмыстары жөнінде мәлімет алдық. – Бөлімге қарасты үш мекеме жұмыс атқарады. Олар Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі, Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі және «Анаға тағзым» орталығы. Бөлім қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ағымдағы жылдың 8 айында 1506 іс-шара ұйымдастырып, оған 230173 адамды қамтыды. Биылғы іс-шаралардың барлығы «Балалар жылы» аясында өткізілуде. Жаз айларында әр аптаның жұма, сенбі күндері облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың бекіткен кестесіне сәйкес «Жеңіс», Қайрат Рысқұлбеков, Тұңғыш Президент саябақтарында және Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің алдында қала тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Онда қалалық мәдениет үйі үйірмелерінің және қаланың жас өнерпаздарының концерттік бағдарламалары, «Жазғы оқу залы» жобасы аясында қалалық кітапханаларының кітап көрмелері, ашық аспан астында мәдени іс-шаралар қала тұрғындары арасында ұйымдастырылып, кітаптар насихатталып, «Анаға тағзым» орталығы үйірмелерінің түрлі іс-шаралары өткізілді, – деді Бақыт Тілегенқызы. Қазір қаладағы кітап қоры да 402602 дана екен. Бірақ оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер мұның жартысына да жетпейді. Нақты айтқанда, 170362 дана басылымдарды құрайды. Десек те сегіз айда оқырман саны 33607-ге жетіпті. Осыдан бірер жыл бұрын басталған кітапханаға кітап сыйлау акциясы да биыл саябырсып қалған. Нақты айтқанда, былтыр 344 кітап тарту етілсе, сегіз айда бар болғаны 54-ақ кітап сыйланған. Сонымен қатар облыс орталығындағы 1421 көшенің 462-сі әлі күнге орысша аталады. Оның ішінде 241 бұрылыс, өткел, тұйықтардың мағынасы әлдеқашан идеологиялық тұрғыдан ескіріп кеткен. Сол секілді 197 орысша көше де кісі есімдерімен аталады. Күні бүгінге дейін «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» болған жарнамалардың жайы да түбегейлі шешілмеген. Бөлімнің тіл заңдылығы мен талабын табанға таптаған жарнамаларды толыққанды тоқтатуға неге құзыреті жетпей отыр? – Көрнекі ақпарат пен жарнама – тіл саласындағы ең бір өткір мәселе. Жиі-жиі сынға да ұшырайды. Жарнама беруші сататын затына мән береді де, жарнаманың тіліне мән бермейді. Тілді білмей немесе сауаты жетпегендіктен емес, салғырт қарағандықтан түрлі кемшіліктерге жол береді. Қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән. Сондықтан да қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен ақпараттар кездеседі. Орыс тіліндегі мәтіндер қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылып, мағынасы бұзылған жарнамалар да кездеседі. Көшелердегі, сауда орындарындағы, дүкендердегі «канцтовары», «хозтовары», «ведется видеонаблюдение», «мы открылись», «закрывайте двери», «требуется продавец» секілді мемлекеттік тілді ескермей, тек орыс тілінде рәсімделген ақпараттар тұрғындардың наразылығын туындатады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы көрсетілетін қызметтің түрлерін, қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін жазу сияқты көпшілікке арналған хабарландырулардың қазақ тіліндегі нұсқасы сирек. Мұндайда «Жауаптылар қайда қарап отыр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Заңнамалық қателіктерді жергілікті атқарушы орган қызметкерлері тексеріп, бақылай алмайды. Ондай құзыретті 2018 жылы Кәсіпкерлік кодексінен алып тастаған. Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан, әдістемелік көмек көрсетуден әрі аса алмаймыз. Көпшілігінде жарнама берушілер жеке сектор өкілдері. Ал шағын бизнес субъектілерін тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылға мораторий енгізілген. Алайда құзыреттілік алынып, мораторий жарияланғанымен қарап отырған жоқпыз. Әрине, бұл салада деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, оларды заңнама талаптарына сай орналастыру бойынша құқықтық түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Біз кәсіпкерлерге, жарнама агенттіктеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларға қатысты әдістемелік көмек көрсете отырып, тегін аударма жасаймыз. Әрине, бұл шаралар көрнекі ақпарат саласындағы заңбұзушылықтарды толық жоюға мүмкіндік бермейді. Кәсіпкерлік нысандарының атаулары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңмен реттелмейді. Ал кәсіпкерлер жұмыстарын Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі негізінде жүргізеді. Әрбір заңды тұлға «Электрондық үкімет» веб-порталы және кірістер басқармасына тікелей өтініш жазу арқылы жеке кәсіпкер ретінде тек қана аты-жөнін көрсету арқылы тіркеледі. Тіркелу барысында нысанның атауы көрсетілмейді. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Меморандумның тармақтарын жүзеге асыру мақсатында жарнама агенттіктері басшыларының қатысуымен офлайн және онлайн семинарлар өткізіліп, әдістемелік көмекші құрал әзірленіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Айлық барысында жалпы зерделенген көрнекілік саны 2665 болса, оның ішінде анықталған кемшіліктер саны 12, ескерту берілген көрнекілік саны 12, нысан иелері тарапынан алынып тасталған қателігі бар көрнекілік саны 2 болып отыр. Қателік анықталған нысан иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. Бөлімнің жұмысының басым бөлігі сапырылған сандарға толы болғанымен, іс жүзінде олардың жұмысына қала тұрғындары қандай баға береді? Оны да білдік. – Өздеріңіз білетіндей қазір Тараз қаласын бұрынғы кейпімен салыстыра алмайсың. Әсіресе халық серуендейтін саябақтардың жасалғанына қатты қуандық. Қала болғандықтан үйде немерелеріміз демалыс күндері, әсіресе жазғы демалыста үйге сыймай кетеді. Ал ондағы әткеншектердің барлығы ақылы, қымбат, халықтың қалтасы көтере бермейді. «Баласағұн» секілді үлкен мәдени ошақтардағы өнер жұлдыздарының кештері де арзан емес. Отбасымызбен демалыс күндері қала аралап шықсақ, тым-тырыс болып тұрады. Биыл Балалар жылы болғандықтан осындай саябақтарда балаларға арналған іс-шаралар өтсе жөн болар еді. Өзім осы «Жеңіс» саябағының аумағында тұрамын. Мереке күндері ғана болмаса мұнда жай күндері іс-шара көрген жоқпын. Әйтпегенде саябақта ашық аспан астындағы сахна да, небір шаралар ұйымдастыратын алаң да жеткілікті. Бұрнағы жылдары облыс басшысы осы саябақтардың игілігін пайдаланып, мәдени шаралар өткізуді табыстағанын да білеміз. Бірақ жауаптылар осыны білмейтін секілді. Сол кезде ғана арагідік шаралар ұйымдастырылды. Бірақ, кейін қалды. Бізде «Көне Тараз» кешенінде де, Тұңғыш Президенті саябағында да сахналар бар. Олардың барлығының қаңырап босқа тұрғанын көріп жүрміз. Сондықтан әлі де болса демалыс күндері отбасымызбен барып көретін шаралар ұйымдастырылып тұрса деген тілегіміз бар, – дейді көпбалалы ана Гүлсім Ошақбаева. Біз сөйлескен қала тұрғындарының басым көпшілігі осындай пікірде. Ал осы мәселені көтеру барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысынан сұратқан мәліметте бөлімнің алдағы жоспарлары да жоқ болып шықты. Жыл аяғына дейін қандай бастамалары бар екенін сұрасақ, «Жоспарды жазып қайтесіздер? Әрбір үлкенді-кішілі шараларды жазып отыруға уақытым жоқ. Қандай жоспар керек? Өтетін іс-шаралар өтіп жатыр» деп қысқа қайырды. Талай жылдан бері осы бөлімді басқарып келе жатқан Бақыт Тоқсанбаеваның күнделікті қалада өтіп жатқан іс-шаралардан шынымен уақыты болмай жүр ме, әлде тың идея, ерекше бастамалары болмағаны ма? Атқарылған іс бар жерде алдағы жоспар да болуы тиіс емес пе? «Анаға тағзым» орталығы болмаса, бөлімнің тарапынан күнделікті өтіп жатқан іс-шаралардың исі де сезілмейді. Бірақ бұл бөлім тек бір орталықпен ғана шектелмейді емес пе? «Әуенді Тараз кештері» жобасын облысымыздың әр ауданы алдына жан салмай жарқыратып өткізді. Оның қорытындысын неліктен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жасамай отыр? Әлде жасай алмай отыр ма? Тым құрығанда неге жергілікті ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен кездесулер ұйымдастырмасқа. Бұрнағы жылдары жергілікті қаламгерлерді, сазгерлерді еске алу шаралары да өтіп тұратын. Қазір ол да жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бөлім жұмысы «сен тимесең мен тимеден» аса алмай отырған сыңайлы.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ