Алыста қалған Айнакөл

121

АЛЫСТА ҚАЛҒАН АЙНАКӨЛ

жарнамасы жер жарғанмен, жағдайы жоқ 

Өңірімізде табиғаттың тылсым сыры тұнған, көргенде таңғаларлықтай көрікті жерлер жетерлік. Алатау мен Қаратаудың қасиетті қойнауы толған сыр, мыңжылдықтарға жалғасқан талай тарихты ішіне бүгіп жатқаны да анық. Таңдайын қақтырып, таңғажайып сырға бөлейтін мекендердің бірі де бірегейі – Айнакөл.

Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романында көп айтылатын Ақсай мен Көксайда да көрікті, тұмса табиғаты тұнып тұрған, ғажап орындар әлі күнге өз келбетін сақтап қалған. Көксайға апарар жолдың сол жағында шатқал болса, шатқалдың ішінде туристік орталық салынуда. Ал одан ары қолтықтай сұғына түскен ондаған шақырым созылып жатқан өзен арнасы бар. Осы Көксай өзенінің басы Айнакөлде жатыр.

«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, Айнакөлді көріп қайту көптен ойда жүрген. Оның орайлы сәті де туды. Айнакөл Ақсу-Жабағылы қорығының солтүстік шығыс жағында Жуалы ауданы мен Түркістан облысы, Түлкібас ауданының шектесер Іле Алатауы мен бергі таудың ортасындағы таудың биік аңғарында орналасқан. Оның Айнакөл аталуының себебі – көлдің суы мөп-мөлдір болуы, тау үстіне шыққанда алдыңнан айнадай болып жарқырап жатады деп айтылады.

Қорыққа кірер тұста қорықшы туристерге қойылар талаптың қатаң екенін ескертті. Ол Айнакөлді көруге келетін шенеуніктердің кейде заң талабын бұзып, өрескел әрекеттер жасап жататынын да айтып қалды. «Өткенде облыстық әкімдіктен бірнеше қызметкер келді. Айнакөлдің басына барған соң дрон ұшырып, қорықтағы аң-құстарды үркітті. Арқар мен елік үйірін үркіткенімен қоймай, дронмен аюды қуып, қызыққа батқан. Биліктегі азаматтардың кейде осындай іс-әрекеттерінен қорықтағы аңдар мекенін тастап, басқа жаққа ауып кетуде. Сондықтан дронмен кіруге тыйым салынды», – деді қорықшы.

Қорықшы ескерткендей, ғажап табиғаты шатқалға бойлап енген сайын өзінің әсем көркімен баурай берді. Шынын айту керек, Айнакөл сапары мені таң-тамаша қалдырды. Көбінесе демалысқа келушілер Көксай шатқалынан қайтып кетіп жатады. Ал «Жуалы ормандары қорының» қорықшысы Қалмахан Аманқұлдың айтуынша, Ақсу-Жабағылының бұл бөлігі бұрын ауданға қараған екен. 1992 жылы сол тұстағы аудан басшылығы Алатаумен шектесетін ауданның біраз бөлігін Ақсу-Жабағылы қорығына өткізіп жіберіпті.

Көксай өзенін жағалап, тау-тастың арасымен жоғары өрлеген соқпақ жолға түстік. Бірде биікке өрлесе, енді бірде төмен құлдырайтын соқпақ жолда жақпар-жақпар тастар, қалың өскен бұталар мен қалыңды баса із қуып жүріп келеміз. Өрге өрмелегенде өкпең өшіп, төмен түскенде аяғың тайып кететіндей, жар жағалай жүргенде аяғыңның астындағы құз терең болып, қалт кетсең шыңырау түбіне бір-ақ құлап кететіндей көрінеді. Жаныңды шүберекке түйіп, аяқ астына қарап жүрмесең қауіп те қатер де көп. Бірақ саф ауасы мен сайраған құс, биік тау шыңдары әр сәт сайын таң-тамаша қалдырады. Басын қар басқан шың, әрбір өзек табиғаттың тамаша туындысы дерсің.

Арнаның өз желі бар. Ол желге өзеннің гүрілі, құстардың үні мен шегірткенің шырылы қосылғанда, бір үлкен дала оркестрі әуен ойнап тұрғандай әсер береді. Дала әуеніне елтіп, соқпақ жол бойында қиядан құлап, бей-берекет жатқан қойтастарға отыра қалып, тыңдай бергің келеді. Қос жағалауда қалың өскен арша, шырша, жидектер, долана мен сан алуан ағаштар мен гүлдердің қош иісі мұрын жарады. Су жағалай бой көтерген аққайыңдар да өзенге ерекше көрік беріп тұр.

Әлеуметтік желіде блогерлер Айнакөлдің айбынын асырып-ақ жатыр. Бірақ жарнамасы жер жарғанмен, жолы алыс. Соқпақ жолы жоғарыда айтқанымдай жалғыз аяқ, ол жерге жету де жеңіл шаруа емес. Алты шақырымға жуық жол тек өрге сүйрейді, оны дем алмай бағындырғанның өзінде кемі екі жарым, үш сағаттай жүруің керек. Оған да шыдас беретін, бермейтіндер бар. Бір сөзбен айтқанда, төзіміңді сынайтын тұс осы жер.

Жол адамның төзімділігін, шыдамдылығын шыңдай түседі екен. Сондықтан оған апарар жолдың азабы мен қиындығына шыдаған адам ғана мақсатына жетеді. Жол азабын көтере алмай, жарты жолдан қайырылып кеткендерді қайтар жолда кездестірдік. Дегенмен өмірдің өзі сол емес пе, мақсатына табандылық, қайсарлық, шыдамдылық танытқандар ғана жетеді. Мына жер деп көрінген Айнакөл оңайлықпен қол жеткізбеді, әйтсе де, сол табандылықпен діттеген жерге үш сағат дегенде жеттік.

Жолда Айнакөлге бізден бірер минут бұрын шыққан азаматтарды қуып жеттік. Өзін Толик деп таныстырған жігіт Бәйтерек ауылының тұрғыны екен. Бұл жолы өзімен бірге ұлы мен қызын және Байзақ ауданы, Бурыл ауылында тұратын танысын ертіп шығыпты.

Айтқандай-ақ Айнакөл алдымыздан күн нұрына шағылысып, жарқырап көрінді. Өзі айнадай жарқырап, сәуле шашып тұр. Алғашында су бетінде жалтыраған сәулені мұз ба деп ойлап қалдым. Сөйтсем күн сәулесіне шағылысып, су бетінде кесек-кесек мұз бөліктері жүргендей көрінеді. Әжептеуір аумақты алып жатқан су екі сайды бойлай алып жатыр. Суы тұп-тұнық, мұздай. Іле Алатауында орналасқан Айнакөл ел мақтағандай-ақ әдемі, сұлу, жұмақ мекен дерсің.

Бурылдық қонақ әңгіме барысында елімізде осындай тамаша, көрікті жерлердің бар екеніне қуанатындығын айтты.

– Табиғат аясына шығып, осындай тамаша жерге жаяу жүріп жеткеннің өзі бір ғанибет. Жол-жөнекей ойланасың, күнделікті ойдан арылып, көңіл-күйің бөлінеді. Тынысың ашылып, тынығып қаласың. Сол үшін де табиғат аясына, адам сирек болатын осындай жерге шығып, тау аралап бір мезгіл тынығып қайтқанға не жетсін?! Мен көп жерде болдым. Мені туған жерімде ертегіге баларлық осындай көрікті мекеннің болуы ерекше қуантады. Бірақ осындай табиғат аясына келгендер айналаны ластамаса екен. Біз табиғатты таза күйінде сақтап қалуымыз керек, – деді ол.

Сапарласымыздың жол бойы тазалыққа мән беретінін, жол-жөнекей шашылып жатқан қағаздарды жинап, бір қапқа салып жүргенінен-ақ байқап едім. Сол жерде аз аялдап, тамақтанып алған соң олар айналада бізге дейін келіп кеткен туристерден қалған қағаз, пластик құты мен күлек қалталарды жинап, арнайы орынға апарып өртеп жіберді.

Толик көктем айларында Көксай маңынан қозықұйрық теретінін айтып қалды. Арасында осында келіп, кетіп жүреді екен. «Биыл бұл жерге екінші рет келіп тұрмын. Маған осы жерге келген өте ұнайды. Қатты шаршағанда осында келсем, бір демалып қаламын. Қатты ұнайды, жолы ауыр демесең. Жолының ауыр, әрі алыс болғаны да жақсы ма деп ойлаймын. Елге қолжетімді жерде орналасса, ластап тастай ма деп қорқамын. Дегенмен бұл мекен бір мезгіл келіп, демалуға тұрарлық», – деді.

Айнакөл Көксай өзеніне құятын тау қойнауындағы соңғы көл. Оның жоғарғы жағында тағы осындай бес көл бар екен. Барлығының да көлемі шамалас.

Қайтар жолда Айнакөлді бетке алған үш туристік топқа ұшырастық. Бірінші топ мүшелері сайдың тасындай жастардан құралған. Тараз қаласынан шығыпты. Архитектура саласында жұмыс істейтін жастардың құрамы 11 адамнан құралған.

– Былтыр Айнакөлге арнайы келіп, бірақ жете алмай, жарты жолдан қайтып кеткен едім. Биыл бірге жұмыс істейтін әріптестеріммен қайта келіп, Айнакөлге қалайда жетеміз деп талаптанып келдім. Енді сол көлді көруге асықпыз, – деді Нұрғиса Әуесбекұлы. Арасында қыздар да бар екен. Олардың шаршағаны соншалық, бізді көрген бойда «Аға, қанша қалды?» деп сұрады. «Енді көлге дейін 200 метр қалды» деп едім, жігіттер жағы қуанып кетті, ал қыздар болса, шаршағандықтарын білдіріп қойды. «Айнакөлдің жарнамасын мұнда жол талғамайтын квадроцикл қойылған, ол жарты жолға дейін жеткізіп тастайды деп еді. Жарнамасы сөз жүзінде екен, бүйткен Көксайы бар болсын», – деп қалды жол шаршатқан қыздардың бірі.

Иә, Айнакөл тұрмақ, Көксайға апаратын жолдың өзінің де оңып тұрғаны шамалы. Алатау ауылынан шыққаннан кейін 4-5 шақырым асфальт жабыны төселгені болмаса, ары қарай жол жеңіл автокөлік үшін де ауыр. Бұрынғы жолы мәз емес еді. Енді Көксай каналы бойынан су электр стансасын саламыз деп құрылысын бастаған мердігер жолды талқандап кеткен. Өкінішке қарай, біздегі жаман үрдіс қандай мердігер жұмыс істесе де, ізін тазалап кетпей бүлдіріп кететін әдеті бар. Ал оның зардабын қашанда халық тартады. Осыдан кейін қалай турист тартамыз. Жарнамасы жер жарып тұр, бірақ жолы жоқ.

Қайтар жолымыз да оңай болған жоқ. Дегенмен алдағы уақытта Айнакөл Көксайға турист тартудың бір өзегі болғалы тұр. Демек Көксайда демалыс орнын салып жатқан кәсіпкерге «Ақсу-Жабағылы» қорығы басшылығымен бірлесе жұмыс істеп, соқпақ жолмен қатар өзен жағалай шағын жол салып, туристерді атпен немесе жол талғамайтын көліктермен тасымалдауды ұйымдастыру керек сияқты.

Қорыта айтқанда, Көксайдың болашағы зор. Өйткені мұнда Алматы облысындағы Шарын шатқалынан кем түспейтін шатқал, қала берді Айнакөл бар.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 Жуалы ауданы.

Суреттерді түсірген

Алтынбек ҚАРТАБАЙ.

Comments are closed.