- Advertisement -

Алаштың арда туған Асанбайы

217

- Advertisement -

Қайраткерге құрмет толастамайды

15 қыркүйек – халқымыздың дара перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туған күні. Қайраткердің 100 жылдығына орай туған жері Меркіде екі күн бойы той дүбірі толастамады. Республикалық ақындар айтысымен басталған жиын келесі күні Асанбай Асқаровтың бюстіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.

Рәсімде облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков сөз алды. «Еліміздің ерен тұлғасы, мемлекеттің мақтанышына айналған қайраткердің Отанын сүйген жүрегі, елі мен жеріне деген кіршіксіз адалдығы, рухани кемелдігі мен тереңдігі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Осында елімізге танымал тұлғалар, Асанбай ағаның ұрпақтары мен туыстары, қызметтес інілері мен жанашырлары жиналып отыр. Дара тұлғаның даңқы арта берсін!», – деді М.Сарыбеков.

Келесі кезекте қайраткердің қызы Шолпан Асқарова тебірене сөз сөйледі. «Қадірлі жерлестер! Қадірлі елдің тізгінін ұстаған азаматтар! Біз бүгін үлкен толғаныс үстіндеміз. Біз бүгін әкемізге жасалып жатқан зор құрметтің куәсі болып отырмыз. Сіздердің, осы елде тұратын барша көпшіліктің ықылас-пейіліне қарап әкемнің мың жыл жасай беретініне көзім жетті. Бүгінде анамыз Фатима 98 жаста, Алматыда тұрады. Бұл тойға келе алмағанымен, сіздерге үлкен сәлемін жолдап, рақметі мен ризашылығын айтып жіберді. Бұл той – тәрбие мен тағылым тойы, – деді ойын түйіндеп.

ҚР-ның Халық әртісі, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев қазақ даласының қай түкпіріндегі жұртшылықтың да тау тұлғаға деген құрметі ерекше екенін айта келе, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің тойға деген құрметі мен сәлемін жеткізді.

Гүл қою рәсімі аяқталған соң іс-шараға қатысушылар Қ.Сарымолдаев ауылындағы No1 орта мектепке беттеді. Тойға келген игі жақсылар, жалпы меркіліктер аталған білім ошағына Асанбай Асқаров есімінің берілуіне арналған салтанатты жиынға қатысты. Қонақтарды мектептің домбырашылар оркестрі күмбірлеген күміс күймен қарсы алды.

Ал ҚР Президенті архивінің ғылыми қызметкері Аян Жолдасов көпшілікті архивте сақталған Асанбай Асқаровқа қатысты құжаттармен таныстырды. Жиында ауылдың қадірлі ақсақалы Байсейіт Жылысбаев бата берді.

Мектеп оқушылары Асанбай Асқаровтың «Елім барда», «Семсер болсам деп едім», «Өмірдің жарқын беттері», «Туған жердің туын биіктеткен тұлға» атты өлеңдерін жатқа оқыды. Ал ұстаздары мен ата-аналар мектептің алып тұлғаның есімімен аталғанына марқайып тұрғандарын жарыса жеткізді.

Осы білім ошағының мәжіліс залында тұлғаның 100 жылдығына арналған  «Аласармас асқар тау» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қысқаша сөз алып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Ресейдің Санкт-Петербург қаласына шұғыл іссапарға кетуіне байланысты жиынға келе алмағанын айтып, облыс әкімінің құттықтауын оқып берді. Конференцияны жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы жүргізіп отырды. Ол қайраткер Асанбайдың тергеуге алынған жылдарда да рухы түспегенін, ақталғаннан кейінгі өмірін Отанына, жас ұрпақтың болашағына, ел тарихына қатысты кітаптар жазуға арнағанын айта келіп, негізгі баяндамашы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Оразалы Сәбденге сөз берді.

Оразалы Сәбден мазмұнды баяндама жасады. «Асанбай Асқаров Социалистік экономиканы құрушы көрнекті өкіл. Қайраткердің туылып, өмір сүрген дәуірі де аса күрделі болды. Соған қарамастан, ол орыс тілінде тиянақты білім алып, 1939 жылы 17 жасында мектеп оқушыларына орыс тілінен сабақ беруге мүмкіндік алды. Ал 37 жасында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, яғни, облыс басшысы деңгейіне көтерілді. Меркі ауданында бірінші хатшы кезінде Шу, Талас өзендерін пайдалана отырып, өңір экономикасын дамытуға күш салды.

Кезінде астаналық облысты басқарған тұсында Асқаров салдырған «Қазақстан» қонақ үйі, «Медеу» мұз айдыны, Сарбаздар үйі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Ал содан бері Алматыда ешқандай ғимараттың құрылысы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған емес.

Осыдан-ақ, Асқаровтың ұйымдастыру қабілеті, абыройы қандай болғанын біле беруге болады. Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда да шыны зауытын, қорғасын зауытын жандандырып, индустрия саласының дамуына үлес қосты. Ал бүгінде елімізде индустрияның дамуы өзекті.

Бұл мәселені Асқаров осыдан 44 жыл бұрын көтеруін нағыз мемлекетке деген жанашырлық дер едік. Сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы қырық миллион тонна астық құйды, мал өсіру бойынша республика бойынша бірінші орынға шықты. Шымкентте салынған саябаққа шетелден неше түрлі жеміс ағаштарын әкеліп отырғызып, өсірді. Адал еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атанып, 5 рет Ленин орденін иеленді.

Асқаровтың есімін неге бір ауданға бермеске?
Асанбай Асқаровтың өміріне, өнегелі істеріне арнап неге фильм түсірмеске? Жас ұрпақты тәрбиелеуге деген идеология осы емес пе?», деді О.Сәбден.

Мұнан соң екінші негізгі баяндаманы профессор, академик Хангелді Әбжанов жасады. Ол өз баяндамасында Асанбай Асқаровтың бала күнінен ерте есейгенін, оның балалық кезеңі ашаршылық жылдарына тап келгенін, артынша Ұлы Отан соғысында қолына қару алып, майданда ел қорғағанын айтып өтті. «Асанбай Асқаров Жамбыл облысын басқарғанда Таразда үш институттың ашылуына себепкер болды.

Шерхан Мұртаза мен Қаратай Тұрысовты оқушы күндерінен танып, қолдап, жылы ықылас танытты. Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын қолдады. Ол кезде бұл романды қолдау жанып тұрған отқа түсумен бірдей еді. Ақталып келген соң жазған «Ұлы Тұран ұлдары» кітабының шоқтығы биік, тағылымы терең.

Асқаровтағылымыжасұрпаққаүлгі,істеріұзақ жасай береді», – деді Х.Әбжанов. Мұнан соң қоғам қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы Амалбек Тшанов, профессор Қансейіт Әбдезұлы, Президент архивінің директоры Сәбит Шілдебай және өзге де белгілі азаматтар өз ойларымен бөлісті. Бұл жиын жазушы Нұрғали Ораз, ақын Қасымхан Бегманов, қайраткердің қызы Шолпан Асқарованың келуімен де ерекшеленді.

АСАНБАЙДЫҢ АҚҚАЙЫҢДАРЫ

Бұл күні Меркі аудандық мәдениет үйінде Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері сахналаған Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайындары» атты қойылымы көрсетілді. Асанбай рөлін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков, Фатима
рөлін актер Индира Мұстафаева шебер ойнай білді. Өзге де негізгі рөлдерде Халық артисі Мәкен Рахымжанова, ҚР еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан, Мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков, Жандар Қырықбаев тамаша ойнап шықты. Бұл қойылымда Асанбай Асқаровтың тергеу абақтысында жазықсыз жатқан кездегі қайсарлығы, рухы сынбағаны шебер көрсетілді.

Қойылымның сәтті шығуына өзге де актерлар атсалысты. Тіпті олар көрерменнің арасынан шығып, өз міндеттеріне сәйкес рөлдерін сомдап, «Асқаровқа бостандық!» деп ұрандағанда тұла бойымыз шымырлап кетті. Қойылымнан соң меркіліктер Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры актерларының өнеріне ұзақ қол соғып, үлкен құрмет көрсетті.

КӨККӨЛДЕГІ ЖИЫН

Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына келген барша қонақтарға арнап, Көккөл демалыс орнында үлкен ас берілді. Қайраткердің рухына Құран бағышталды. Жиын үстінде «Дулат баба» қорының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, «Бәйдібек баба» қорының төрағасы Нағашыбек Қапалбекұлы, бес облыста прокурор болған Әбдір Мәмбетәлиев сөз сөйлеп, қайраткердің терең білімі, тұлғалық қасиетіне кеңінен тоқталды.

Мұнан соң Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков сөз сөйлеп, барша қонақтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ ол меркілік жұртшылық атынан қоғам қайраткері Амалбек Тшановқа, Президент архивінің директоры Сәбит Шілдебайға, жазушылар Қуандық Түменбайға, Мархабат Байғұтқа, режиссер Қуандық Қасымовқа, мүсінші Темірхан Көлжігітке, Амантай қажыға және Шолпан мен Фархат Асқаровтар бастаған Асанбайдың ұрпақтарына сый-құрмет жасады.

АСҚАРОВҚА АРНАЛҒАН АЙТЫС

Жиын қонақтары мұнан соң Меркі аудандық мәдениет үйінде өткен «Алаштың арда туған Асанбайы» атты республикалық айтыстың финалын тамашалады. Айтыс басталар алдында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. «Бұл тойдың мәні мен мазмұны бөлек. Асқар тау ешқашан аласармайды. Ол 37 жасында облыс басқарған дара тұлға.

Бұл той ізгілік пен тағылым тойы. Асанбай Асқаровтың тарихтан алар орны ерекше», – делінген Президенттің құттықтау хатында.
Айтыстың марапаттау сәтінде айтыс ақындары мен жыршы-термешілері халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков сөйлеп, екі күндік айтыстың өтуіне, айтыскерлердің өлеңдеріне қысқаша талдау жасап, әр айтыстың қызықты, мазмұнды өткенін жеткізіп, барша айтыскерлер мен көрермендерге алғысын білдірді.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (1 миллион теңге) байзақтық Дархан Әбдіманатқа бұйырды. Бұл жүлдені облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тапсырды. Жүлделі бірінші орынды (700 мың теңге) түркістандық Дәурен Ақсақалов иемденсе, 500 мың теңгелік үш екінші орындарға жуалылық Қанат Мырзахан, құландық Айтбек Тұрсынбай, қарағандылық Ботагөз Мұхиден ие болды. Үш үшінші жүлде қызылордалық Нұрмат Мансұровқа, маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевқа, байзақтық Рай Дөңбайға бұйырды. Оларға 300 мың теңгеден жүлде берілді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support