Еңбексүйгіштігі жас ұрпаққа үлгі

54

Егемен елді көркейтетін еңбек адамы екенін ескерсек, олардың қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Ол – дихан әлде малшы бола ма немесе өнер адамы, актер бола ма, бәрібір. Тек табан ақы, маңдай терін төгіп, жанын сала жұмыс істейтін болса осы атаққа лайықты. Себебі, еңбек адамы кез келген салада болуы керек-ақ.

Мырзахмет Ибрагимовтың еңбексүйгіштігі жас ұрпаққа үрдісті үлгі. Ғибратты ғұмыр иесі 40 жылға жуық жол саласында аянбай тер төкті. Жамбыл ауданы, Бірлесу Еңбек ауылының тумасы бала күнінен ширақ азамат болып өсіп, өмір сынында шарболаттай қайралып жетілді. Мектеп бітірген соң, Өскемен құрылыс-жол институтына оқуға түсіп, автомобиль жолдары мамандығын иеленді. 1985-1986 жылдары өзі сұранып Кеңес Одағының әскері қатарында азаматтық борышын өтеді.

Еңбек жолын сол кездегі Шымкент облысы, Алғабас ауданындағы «Чалдар» совхозында қарапайым шаруа ретінде бастады. Кейіннен Аса ауылының Жамбыл аудандық автожолына шебер болып ауысты. Шын ниетпен кіріскен қай жұмыстың да нәтижелі болатыны белгілі.

Алғашқы жылы-ақ жас жігіттің айы оңынан туды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз атқарып, 1991-1994 жылдары №64 жол пайдалану мекемесінде шебер, прораб және бас инженер болып жұмыс істеді. Бұдан кейін де табысын еселей түсіп, көтеріңкі көрсеткіштерге қол жеткізген Мырзахмет Қраубекұлы Свердлов (қазіргі Байзақ) және Жуалы аудандық автожол мекемелерінде бастық болды. Осы көрсеткіш нәтижесінде 2001 жылы «Инвест МК» ЖШС-нің директоры болып тағайындалды.

Одан кейінгі жылдары «Қазақавтожол» мекемесінің облыстағы филиалының директоры, ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты Көлік инфрақұрылымын дамыту комитетінің облыстық басқармасында басшының орынбасары, басқарма бастығы сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне бағынысты Автомобиль жолдары комитетінің «Жамбыл жол зертханасында» басшы болды. 2019 жылдан бастап «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» өңірлік филиалында директор қызметін атқаруда.

Атақ-мансап үшін емес, туған өлкесінің гүлденуі үшін еңбек еткен Мырзахмет марапаттан кенде болған емес. 2007-2008 жылдары қатарынан екі рет «Құрметті жолшы» омырау белгісін иеленсе, 2008 жылы оған «Қазақавтожол» мемлекеттік кәсіпорнының «20 жылдық мерейтойы» медалі табыс етілді. Бұл қырықтың қырқасына енді ғана шыққан жігіт ағасы үшін үлкен мәртебе еді. Бір аттаса «Ерен еңбегі үшін» медаліне қол жеткізудің алдында тұрды. 2011 жылдың 5 желтоқсанында бұл атақты да иемденді. Ал бүгінде Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы».

Сүйікті жары Күлжарқын Жанғазиева да еңбекпен есейген жан. Қазір екеуінен тараған 4 ұл-қыз өрісті өркенін жайып отыр. Жақында Мырзахмет ағаға арнайы барып, сәлем бердік. Алпыс жасқа қадам басқан ел ағасы жұртшылықтың ықыласына бөлену үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеу керектігін тілге тиек етіп, менің замандастарыма аздап өкпе-назын жеткізді.

— Дәл қазір нағыз еңбек адамдары азайып бара жатыр. Бүгінде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық, соның жағдайы жақсы. Қазіргі көп жастарды қарасаңыз, танымал әзілкеш болғысы келеді немесе жанын қинамай-ақ тез баюды қалайды. Алайда, әр адам өзі саналы түрде жұмыс істеп, бақуатты болмаса, төрткүл дүние байлығының мұрагері атансаң да, одан қайыр жоқ. Бір сөзбен айтқанда, «Әкенің дәулеті — балаға дәулет болмайды».

Мәселен, өзім басшылық жасайтын «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» өңірлік филиалына тағылымдамадан өтуге келген жас жігіттерге біз әр ай сайын ақы төлейміз. Мұның бәрі жастардың осы салаға деген қызығушылығын ояту әрі олардың тұрмысының түзелуі үшін қолға алынып отыр. Бұдан бөлек, түрлі мердігер компаниялардың басшыларына ұсыныс айтып, тұрақты жұмысқа орналасуына демеу жасаймыз.

Десе де, жастардың көпшілігі кездескен қиындықты еңсерудің орнына, қолын бір-ақ сілтеуге дайын тұрады. Біздің буынның өкілдері Кеңес Одағы ыдыраған тұста да еңбек етті, жақсылықтан үмітін үзген жоқ. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда осы саланың білікті мамандары атанды.

Жалпы, біздің еңбек етуге, табыс табуға деген ынтамыз ұшқан ұямызда-ақ қалыптаса бастады. Ата-анамыз қарапайым ауыл адамдары. Өз басым көпбалалы жанұяның перзентімін. Бала күнімізден-ақ таңның атысы, кештің батысы бел жазбай жұмыс істейтінбіз. Осы тұста қазіргі жастардың да ата-аналары балаларын еңбекке баулып өсірсе дейсің. Қатарыңнан қалмау үшін тіршілік істеу керек қой.

Әрине, баспасөз беттерінде әлеуметтік желілерде нағыз еңбек адамы жөнінде жиі-жиі жазылса, жастарымыз да еңбекке бейім болар еді. Осылайша, ел ырысқа кенеліп, шынайы бақуатты бәсекеге қабілетті ұлт атанар едік, — дейді М.Ибрагимов.

Comments are closed.