Әріптестік әлеуеті артып отыр

144

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапары барысында қазақтың біртуар ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Нұржан Нұржігітов өз сөзінде мәдениет пен руханият биліктің жіті назарында екенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда мәдениет саласы екі ел арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды одан әрі тұрақты дамытудың маңызды факторларының бірі болып табылады.

Жамбыл – ұлы ақын. Импровизатор ретінде ақындық өнерді биік деңгейге көтерді. Ол қазақ халқының мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі поэзияның шыңына айналды. Ақынның шығармалары ондаған тілге аударылып, дүние жүзіне тарады.

Екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтудағы Ұлы Дала Гомерінің рөлін ерекше атап өткен жөн.

Қазақтың көрнекті ақынының Санкт-Петербургтегі ескерткіші екі ел арасындағы өшпес достық пен бауырластықтың символының белгісі. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Нева бойындағы қала тұрғындарының ерлігін жырға қосты.

Жамбыл облысының делегациясы атынан Санкт-Петербург қаласының тұрғындарына қазақ халқының ұлы ақынын ұлықтағаны үшін шексіз алғысымызды білдіреміз,-деді Нұржан Нұржігітов.

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші – қаланың  көрнекті орындарының бірі. Ескерткіш орналасқан көше қазақ ақынының есімімен аталады. Ескерткіш 2003 жылы тұрғызылған, ол қаланың 300 жылдығына орай Қазақстанның Санкт-Петербургке жасаған тартуы болып табылады. Мүсіннің авторлары – петерборлық Феликс Романовский мен Валентин Свешников, сондай-ақ қазақстандық мүсінші Бақыт Әбішев.

Бұдан соң Нұржан Нұржігітов бастаған Жамбыл облысының делегациясы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Одан кейін №140 орта мектептің мұражайында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық залына барды.

– Соғыс – ауыр қасірет, оның қайғы-қасіреті ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

19 жасар Әлия Молдағұлова ортақ Отанымыз үшін жастық шағы мен өмірін құрбан етіп, ерліктің, қайсарлықтың, жанқиярлықтың үлгісін көрсете білді.

Санк-Петербургтің Красногвардейский ауданында Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше ондаған фашистік басқыншыларды жойған, қазақтың мерген қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне аталған шағын көше бар.

Осынау тарихи орынға келіп біз қазақ қызының Ресей үшін  қаншалықты құрметті екенін сезінеміз, — деді Нұржан Нұржігітов.

 

Comments are closed.