- Advertisement -

«Асанқайғы жетуді армандаған, Асанбайды тудырған Жерұйықсың»

254

- Advertisement -

Асанбай Асқаров – Алашқа ортақ ірі мемлекет қайраткері. Меркі аудандық мәдениет үйінде Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған «Алаштың арда туған Асанбайы» атты айтыс басталды. Айтысты Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков ашып, қайраткердің еңбектеріне, ізгі қасиеттеріне кеңінен тоқталды. Сондай-ақ аудан басшысы айтыстың қазақтың арда өнер екенін айтып, барша айтыскерге сәттілік тіледі. Айтыс басталар алдында жыршы Бейбіт Шошабаев жырдан шашу шашты.

Онан соң ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақыт Шағырбаев сахнаға шығып Әбдімомын Желдібаевтың «Алаштың Асанбайы» әнін әсерлі орындап берді. Айтысты өңірімізге танымал айтыскер Әсет Дүйсебаевтың жүргізуі де айтыстың сәтті өтуіне ықпал етті. Қазылар құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, «Aulieata-Media» ЖШС Бас директоры, ақпарат саласының үздігі Оралхан Дәуіт, айтыс ақындары және жыршы термешілер халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, танымал айтыскер Ахметжан Өзбеков, ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова, профессор, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, ақын, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова болды. Тәуелсіз сарапшы ретінде республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек те қазылар құрамына енді.

Айтыстың алғашқы жұбы болып Қызылорда облысынан келген Нұрмат Мансұров пен сарысулық Алик Бекмұсаев айтысты.

Алик Бекмұсаев: «Осындағы текті елім армысың, Асанбайдай арда ұлды тудырған» деп арындап сөз бастаса, Нұрмат Мансұров: «Асанқайғы жетуді армандаған, Асанбайды тудырған жерұйықсың» деп толғанды. Нұрматтың: «Сырдария , Сарысу боп қосылыппыз, Су шығарып кетейік сахараға» деген көркем жырларына көпшілік ризашылықпен қол соқты. Нұрматтың: «Аудан әкімі Аликті қабылдапты, көңілі мен құрметін жалпы бөліп. Алайда жеңіл-желпі қайтарыпты, Ат мінетін кезіңде қамшы беріп» деп әзілдесе, Алик те: «Әкімнің ойы қайта кемел шығар, Қабылдап жатқаны да бедел шығар. Қамшы берсе өзіңдей жан інімді, Көнбесе сабап алсын деген шығар» немесе «Әкімнің ат беруі мақсат емес, қабылдап елегені жеткілікті» деп жақсы жауап берді. Негізі алғашқы боп шыққанына қарамастан, Нұрмат Мансұров пен Алик Бекмұсаев тамаша айтыс жасады.

Екінші жұпта таластық Олжас Отар мен түркістандық Дәурен Ақсақалов айтысты.

Олжас: «Әкем де Асанбай, қайраткер де Асанбай, Үлгі адам деуге татиды олар, Екеуі де елінің ардақтысы, Екеуінің де жары Фатималар» деп әдемі бастап, «Өлеңіңді жөнімен айта алмасаң, Сазайыңды беремін, Дәурен інім», деді. Ал Дәурен оған: «Тірі ініңді сен қалай өлтіресің, меркіліктер өлілерін тірілткенде» деп әдемі жауап беріп, «Жамбыл ата шын аты халық болса, Олжастың шын аты салық болды» деп әзілдеді. Сонда Олжас Отар: «Шіренген шенеуніксің, Дәурен інім, Қарынды сабыр етіп жарты ұстаңдар. Билікті жеке басқа пайдаланбай, Қонаевтың үлгісін жалпы ұстаңдар», деді.

Олжас Отармен айтысқан Дәурен Ақсақалов: «Асанбайдай нар тұлға осы емес пе, Артына мал қалдырмай тал қалдырған. Асекеңе шіркін-ай кім жетеді, Артына 110 гектар бау қалдырған. Артына өнегелі мұра тастап, Қазаққа жарқын, жақсы жол қалдырған» дей келе «Орысша сөйлейтұғын Олжастардан, орысша білмес Отар Олжас жақсы», деді. Бұл тұста Дәурен де: «Асқаров артына орман тал қалдырса, әр кез елін ойлаған жігерлі ғой. Қостанайда біреулер терек түгіл, Жайнаған орманды өртеп жіберді ғой» деп мәселені де көтере білді.

Мұнан соң Шымкент қаласының ақыны Аян Ниязбек пен байзақтық Рай Дөңбай айтысты. Аян Ниязбек: «Жамбыл менен Алматы, өр Түркістан, Аймаққа айналды ғой аса ыңғайлы. Ал ендеше ел болып ұлықтайық, Жерұйықты жасаған Асанбайды», деді. «Жауыңдай көріп жүрген Шымкенттің, Бір қызына орамал салыпсың ғой. Шымқалаға бармастай болушы едің, Ақыры күйеубала болыпсың ғой. Түркістанды өзіңше жамандап ең, Ақыры өзіміз боп қалыпсың ғой», деді.

Мұнан соң айтыс көркін Т.Рысқұлов ауданының атынан қатысқан Асхат Қылышбек пен Қарағанды облысынан келген Ботагөз Мұхиден қыз бен жігіттің әзіл айтысын жасады. Маңғыстаудан ат арытып келген Нұрлан Мұсаев пен жуалылық Қанат Мырзахан жоғары деңгейде айтысты. Екеуі де елдің жайын көтеріп, Асанбай Асқаровтың тұлғалық қасиетін тамаша ашты. Аян Ниязбек: «Мен мектепте сабақ берем, Қалалардың іргесі болмаса да, Балалардың іргесін қалап келем», деді.

Байзақтық Дархан Әбдіманат пен ақтөбелік Ақниет Жұбанышев те әдемі айтысты. Меркілік Мейіржан Жекебаев пен жуалылық Дидар Апбасов та жарасымды айтысты. Мейіржан: «Мен осынау Меркіден бақ табамын, Асанбайдай тұлғамен мақтанамын. Жер жақсысы қасиетті Меркі жері, Қасиетті Жауғаш, Сыпатай,Ақтоғаным» десе, «Жас ұрпақ бүгін жүріп келе жатыр, Әділетті Асанбай ізіменен» деп жырлады. Таластық ақын, әріптесіміз Есет Досалы мен Мойынқұм ауданының ақыны Ғабит Есдәулетов әдемі айтысты. Ғабиттің «Aq jol» атты облыстық газетіме, Асанбайды жаздың ба қарық қылып?» дегеніне Есет:

«Ақынсың үздіктермен шендеспеген,
Шынығып шын белесте белдеспеген.
«Aq jol»-дың астанада күндері өтті,
Орекең барып қайтты нар көшпенен.
Омаров сол жиында мені мақтап,
Биік баға беріпті дәл «бес» деген.
Омаров Тоқаевтың кеңесшісі,
Сендейлер бұл ақпарға сенбес дер ем.
Сен болсаң не жаздың деп кекірейдің,
Көрмес кісі түйені көрмес деген» деп әдемі жауап берді.
«Ағайын, Асқаров деп өлеңді естім, Асанбай кетпес мәңгі көнермес мың.

Дүниеге қызықпаған сол Асқаров, Саясатқа келгенде шебер дестім. Шымкенттен көшкенде екі КамАЗ, Кітаппен көшкеніне елеңдестім. Асқаровтай арттың ба том-том кітап, Мойынқұмнан көшкенде немен көштің?» деп әдемі әзілдеді.

Сонымен, меркіліктер бұл күні кешке дейін тамаша айтыстың куәсі болды. Айтыстың келесі күні өтетін финалына 22 айтыскер ақындардың арасынан 6 ақын іріктеліп шықты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Меркі ауданы.

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support