Мәдениет

Бұл жолы... ««бес қатын»

Бұл жолы... ««бес қатын»

5Облыстық қазақ драма театры жаңа маусымды өзбек драматургы Иброһим Садықовтың «Әпендінің бес қатыны» комедиялық спектаклімен ашты. Бұған дейін «Бір қазаққа бір қатын» атты спектакльге үйренген көрермендер, «...бес қатынға» да жиналды. Театрдың көркемдік жетекшісі Қуандық Қасымовтың режиссерлығымен қойылған қойылым жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Шыны керек, ел драматургиясы ақсап жатса өңірлік театрлар амалсыздан өзге елдердің драматургиясына ден қойып, аударманы сахнаға шығаратыны мәлім. Бұл күні Әпенді рөлі Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбековке бұйырса, оның бес жұбайының образын ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетова (Фатима), театр әртісі Галина Қойшыбаева (Қыршаңқы), Анар Сағымбекова (Зүбайда),  халық әртісі Мәкен Рақымжанова (Пейіш), Мәкен Райысқановалар (Тотықұс) өз деңгейлерінде сомдады. Қадыр молда рөлі Құрақ Оразбаевқа, Гулям рөлі Анапия Ахметке бұйырыпты.

Шымылдық түріле салысымен-ақ көлбеу түскен шаңырақ, сахнадағы бес есік арқылы біз бес қатынның бір үйде, бір отауда өмір сүріп жатқанын ұға қойдық. Әріректе орналасқан қақпа да өз орнында.

Комедия елді күлкіге көметіні екі бастан аян. Бұл жолы да солай болды. Алдымен сахнаға алақ-жұлақ киініп шыққан Жүніс Әлімбековтің жүріс-тұрысының өзі елді еріксіз езу тартқызды. Сол Әпенді Падишахпен бәстесіп, өзінің Құдай қосқан жарынан өзге төрт тоқал алуға серттеседі. Жарты әлемді жаулап, қолбасшы атанған Ескендір Зұлқарнайынның «Әлемнің қақ жартысын жаулаған мен бір әйелдің билігінде жүргім келмейді» деген сөзі Әпендіні желпінтіп тастағаны айқын. Солай болды да. Старттағы нәзік арулардың денені әрлі-берлі бұрып, еппен билеген биі көңілге қонымды. Әлбетте хореографиялық жұмыс осындайда аңғарылады. Фантазияның да бұл жерге ара түскені айқын. Әйтпесе, барлық оқиға, ой, талғам, интуициялық сезім өмірде орын ала бермейді ғой. Фатима – Майра Әлімбетова, Пейіш-Мәкен Рақымжанова, Қыршаңқы-Галина Қойшыбаева, Зүбайда – Анар Сағымбекова, Тотықұс – Мәкен Райысқанова сынды әпендінің бес жарының болмысы сан түрлі. Әр қилы психология... Қыршаңқы дүниені жайшылықта бәрін таптап өтетіндей дүлейлеу болса, Тотықұстың бойынан кербездік, азын-аулақ тәкаппарлық байқалады. Зүбайда болса, Әпендінің ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп түсінетін бұйрық орындаушы. Пейіш айтқаныңды бірден түсіне қоймайтын, дүдәмалдау. Дегенмен, ол да қожайынның әмірінен әріге аса алмайтын бейбақ. Ал Фатима – Әпендінің қырық жыл отандасқан жары. Бес әйелдің тілін табам деп миы атала көже бола жаздаған байқұс Әпенді әйтеуір ебін табады, көңілдерін жынданып кете жаздаса да жайландырады. Үстіңгі жағына, төңірегіне қызғылтым нұр шашатын бармақтың басындай асыл тас орнатқан сақинаны әрбіріне тарту етеді. Сезімінің дәлелі екенін де түйсіндіреді. Ол туралы тіс жармауын талап етеді. Алдаудың, арбаудың қақпанына түскенін түсінбеген бес әйел өзінше риза. Қыздың, әйел затының көкейінде сыр хаттала қоюшы ма еді? Уақыт өткен соң Әпендінің дүрдараз әрекеті әшкереленіп, басы дауға шатыла жаздайды. Фатимамен тілдесіп, төрт әйелден түгел құтылудың жолын іздестіреді. Амалы таусылған Әпенді өтірік өлген болып, Фатима тоқалдарын көрші ауылдарға қаралы хабарды естіртуге жібереді. Әлгілер ізім-ғайым кеткен соң Әпенді де жүгін жиыстырып, Фатимамен кетуге мәжбүр болады. Бұл аударма осылайша өмір психологиясын көзге көрсетіп берді. Адамдардың аңқаулығы, аңғалдығы секілді қасиеттер қойылымда көрініс тапты. Тек, режиссердың жұмысы көңілге қонды дегенімізбен, қойылымның ұзап кетуі әредік іш пыстырды. Сосын біздің режиссерлар комедия іздейміз деп, «бір қатын», «бес қатын» секілді әйелдерді аңқау етіп көрсететін атауы «айқайлаған» дүниеге қызығатыны қынжылтады. Сонда бұдан басқа көңілді қойылымдар кемшін болғаны ма? Бұдан кейін қаламызда тұсауы кесілген «Құлыншақ» спектаклі туралы газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Бөлтіріктің рөлін сомдаған Әлжан Жармұхамедов және өзге актерлер рөлді жақсы сомдағанымен, театрдың осы қойылымында көбінде оқиғадан гөрі композицияны байқағанымыз бар. Рас, Қасымов келгелі жаңалықтар бар. Айталық, спектакльдерден балеттің элементін, балалар театрын, платиканы байқаймыз. Қуандық Қасымов келгенде «Біздің театр Шымкенттегі сегіз театрдың да рөлін атқарып шығуы тиіс» деген. Ол дұрыс. Режиссерлық қоюшылыққа, шешімге де айтар дауымыз жоқ. Тек, оқиға желісі әр спектакльде шиеленісе түссе деген тілек қана.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».