Мықтылардың мысын басқан Линария
Мықтылардың мысын басқан Линария
Аққұба өңді, талдырмаш денелі Линарияны сырттай қараған жан спортшы деп ойлай қоймайды. Бірақ, ол өте шымыр. Небір мықтыны татамиде алып та, шалып та жығып жүрген талантты дзюдошы. Оның жуырда ғана Азия ойындарынан қола жүлделі болып оралуы – осы сөзіміздің айғағы. Линария Мингазова жеке жаттықтырушысы Елдос Далабайдың айтуынша, бапкерлер алқасының дүбірлі додадан жүлде алады деп үміт артқан балуандардың бірі болыпты. Расында, екі белдесуде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген ол финалға шығуға бір табан жақын қалған еді. Аяқ астынан денсаулығы сыр бермегенде түркімен дзюдошысын да татамиде тұқыртатын еді дейді бапкері. Ұлттық құрама бапкерлерінің Линарияға сенім артатындай жөні бар. Өйткені, Мингазова команда капитаны. Әрі былтырғы Азия біріншілігінде дзюдодан ел қоржынына жалғыз жүлдені салған спортшы. Жалпы, мамандар жамбылдық балуан қызды мықтылар қатарына жатқызды. Рас, әзірше оның әлемдік рейтингтегі көрсеткіші аса жоғары емес. Дегенмен, Линария Азиадада дүниежүзіндегі таңдаулылар көшін бастаған моңғолдық спортшы Цолмон Адиясамбуды жеңді. «Ұлттық құраманың бас бапкері Ленаға үлкен үміт артады. Алдағы Олимпиадаға бара қалса, жүлде әкелетін спортшының бірі деп те санайды. Осы жолы да сондай сенімде болды. Лена сол үдеден шықты. Мингазова дүниежүзілік рейтингте екінші орында тұрған моңғолдық дзюдошыны жеңгенде финалға шықтық деп ойлағанбыз. Салмақ қуғанның әсері ме, ол аздап сырқаттанып қалды. Сондықтан, болашақта Ленаны 57 килограмм салмаққа қайта ауыстыруды ойластырудамыз. Оған бұл шешіміміз аса қиындық тудыра қоймас. Себебі, осы салмақта ол былтыр Азия чемпионатының қола жүлдесін иеленген», – дейді Елдос Далабай. Линария Мингазова – Азия біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері. Алғашқы қоланы 52 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүргенінде алған. Екіншісіне 57 килограмм салмаққа ауысқанда қол жеткізді. Яғни, Лена жаңа салмаққа ауысса да, өз қарқынын бәсеңдетпейді. Лена спортқа он бес жасында бетбұрған екен. Жаттығу залында шынығып жүргеніне де он бес жылға жуықтапты. 2001 жылдан бері білікті бапкер Елдос Далабайдың қол астында жаттығып жүр екен. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда бірнеше мәрте жүлдегер атанған балуан қыз – облыста дзюдодан тұңғыш рет қола медаль жеңіп алған спортшы. Өйткені, 2009 жылға дейін өңірімізде ерлер және әйелдер арасында да дүбірлі додада табысқа жеткен ешкім болмаған еді. «Линария дзюдодан және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол дзюдодан бөлек самбо күресімен де айналысқан. Екі рет әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлдені жеңіп алған. Қиындыққа мойымайды, алға қойған мақсатына жеткенінше тоқтамайды», – деп ой бөліседі бапкер шәкірті жайлы. Қазір Мингазова сырқатына байланысты ем-шара қабылдап жүр екен. Сондықтан, дзюдодан Астанада өтетін әлем кубогына қатыса алмады. Елдос Далабай Ленаның сауығуын күтеміз дейді. Содан кейін олар бірден жаттығу жұмыстарын күшейтіп, келесі жылы Елордада жалауы желбірейтін әлем біріншілігіне дайындықты бастамақ.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».