Жаңалықтар

Құжаттан әрі аспаған, жағдайың қалай, жас маман?

Құжаттан әрі аспаған, жағдайың қалай, жас маман?

Талай жастың жолын ашып, үлкен өмірге қадам басуына көмектескен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асқанына да 10 жылдан астам уақыт өтті. Жоба аясында жалынды жастар ауыл-ауылдарға жол тартып, бұқара үшін қызмет етіп қана қоймай, өз тұрмысын да түзеуге мүмкіндік алды. Ең әуелі бір реттік көтерме жәрдемақысына қол жеткізсе, кейіннен оларға баспана алу үшін тұрғын үй несиесі берілді. Осылайша қалада білім алған жастар көгілдір отын жоқ, жолы нашар, кемшілігі көп, білікті мамандар жоқтың қасы саналатын қаншама елді мекендерде кадр тапшылығының шешілуіне тың серпін берді.

Біздің өңірде аталған бағдарлама аясында 2010-2022 жылдар  аралығында 2505 маманға 8,1 миллиард теңгенің не сие сі беріліпті. Ал өткен жылы 247 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға 1 071,2 миллион теңге несие қарастырылып, 248 жас бюджеттік несиеге қол жеткізген. Бұдан бөлек, 503 маманға 146,8 миллион теңге көтерме жәрдемақы төленген. Биыл 117 маманға 528,9 миллион теңге несие алған. Әйтсе де, ауылды көркейту мақсатында жүзеге асырылған жобада аймақтардағы моноқалалар қамтылмайтыны белгілі. Мемлекет көмегіне ие болмаған мұндағы жастардың да жігерін құм қылатын осы жай. Мәселен, Шу қаласындағы ауруханада акушер-гинеколог болып қызмет ететін Айкөркем Әмірееваның аудандардағыдай шағын қалада жұмысқа орналасқан жас мамандарға тиісті қолдау көрсетілсе деген тілегі бар. Ол жас маман үшін пәтер жалдап тұру қалтаны қағатынын әрі қалалық ауруханадағы қызметкерлердің жалақысы аудандағы әріптестерінен әлдеқайда аз екенін тілге тиек етті. – Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың көпшілігі шағын қалаларда қызмет еткісі келмейді. Өйткені мұнда жағдай жасалмаған. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті билік тарапынан қолдау жоқ. 2011 жылы Тараз қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясын бітірген соң, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ- түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түстім. Осылайша аталған оқу орнында 2011-2015 жылдары бакалавр, 2016-2018 жыл аралығында интернатурада білім алдым. Мамандығым – акушер-гинеколог. 2019 жылы Алматыдағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, биыл резидентураны тәмамдадым. 4 жыл бұрын Шу қаласындағы ауруханаға жұмысқа орналастым. Себебі мен білім алған оқу орнына жұмысқа шақыру Шу қаласынан келген. Осылайша 1 жыл жұмыс істеп резидентураға оқуға түсемін деп ойладым. Осы мерзім ішінде қызмет ете жүріп, облыс әкімінің грантын ұтып алдым. Ал әкімнің грантымен оқыған маман 5 жыл осында жұмыс істеуге міндеттеледі. Жағдай жасалса, қолдау көрсетілсе ешкім жұмыс істеуден қашпайды ғой. Ал бізге берілген көмек бір жылдық пәтерақымыздың төленуі. Одан өзге ешқандай жеңілдікке қол жеткізген жоқпыз. Аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан әріптестеріміз секілді бір реттік көтерме жәрдемақы мен баспана алуға берілетін тұрғын үй несиесін де ала алмаймыз. Аз ғана жалақымен пәтер жалдап тұру қалтамызды қағады. Тиісті қолдау көрсетілсе, ең алдымен баспана мәселесі шешілер еді. Содан соң, біліктілігімізді шыңдауға күш салар едік. Мәселен, Алматыдағы ИРМ секілді клиникаларда ота жасаудың қыр-сырын үйрену үшін тәжірибеңді арттыруға мүмкіндік бар. Осылайша, жаңа технологиялармен жұмыс істеуді де үйренер едік. Біздің қалалық ауруханада кадр тапшы. Мұнда тек 2 акушер-гинеколог бар. Оның үстіне, біздегі құрылғылардың тозығы жеткен. Ауыр дәрежеде немесе шала туылған нәрестеге арналған аппарат жоқ. КТГ аппараты болғанымен, ол да дұрыс істемейді. Қазіргі таңда баланың жүрек соғысын тыңдауға арналған арнайы датчиктер бар. Ал біз әлі ағаш стескоп аппараты арқылы тыңдаймыз. Заманауи аппараттар болса, оқу ордасында үйренген оталарды жасар едік. Себебі, ұзақ уақыт бойы ота жасамасаң, қолың шығып қалады. Менің ендігі мақсатым – жеке клиникаларға барып, ота жасаудың жаңаша түрін үйреніп, арнайы сертификат алу. Ол да қаражатқа байланысты. Амал жоқ, жолдасымды көндіремін. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері бір жылдан соң, аудандағы мамандар қалалық ауруханаға, қаладағы дәрігерлер аудандық ауруханаға ауысып тәжірибе алмасады деп отыр. Әзірге бұл сөз жүзінде ғана. Осындай қиындықтардан соң, жастардың көпшілігі мұнда келгісі келмейді. Тек мен секілді шағын қаланың жігітіне тұрмысқа шыққандар болмаса, – дейді Айкөркем Әзімханқызы. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Сейт Календеров жобаға аудандардағы моно және шағын қалаларды да енгізу үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына тиісті өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жолданғанымен қолдау таппағанын жеткізді. Оның айтуынша, тиісті министрліктің жауап хатында мұндай өзгертулер заң талаптарына қайшы келетіні көрсетіліпті. – «Дипломмен ауылға» жобасына аудандардағы моно және шағын қалаларды да енгізу үшін Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» №66 Заңының 18-бабының 8-тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2014 жылғы 6 қарашадағы №72 бұйрығына тиісті өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жолданды. Алайда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрліктің жауап хатында «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 8-тармағына сәйкес «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешені мамандарын қолдауға бағытталғанын және осы баптың күші ауылдық аумақтарға ғана бағытталғаны көрсетілген. Тиісті министрліктің жауап хатында мұндай өзгертулер заң талаптарына қайшы келетіні атап өтілді. Осылайша бұл мәселе бүгінгі күнге дейін Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр, – дейді Сейт Серікұлы.  P.S: Бүгінде моноқалаларды дамыту ісінде кешенді ұстаным сондай-ақ жаңа шараларды жүйелеу әрі оны іске асыру үшін арнайы «Жол картасы» әзірленгені белгілі. Мұнда моноқалаларды мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай тізбесін, әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеу, индустриялық аймақтар мен даму аумақтарын құру секілді мәселелер қарастырылған. Осы тізімге шағын қалалардағы жас мамандар мәселесін шешу әрекеттері қосылса, қанекей! Әйтпесе моноқалалардағы жастардың мұңын кім тыңдайды?!  

Есен ӨТЕУЛІ