Геннадийдің қарсыластары
Геннадийдің қарсыластары
Онымен кездесуден қашып жүр
Кәсіпқой бокстан WBA және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы Геннадий Головкин WBC чемпионы Мигель Коттомен кездесу өткізгісі келетінін мәлімеді. Генаның пуэрторикалық боксшымен жекпе-жек өткізгісі келетіндей себебі бар. Котто – төрт салмақ тұжырымы бойынша чемпиондық атаққа қол жеткізген спортшы. Ал Головкин келесі салмақта көш бастаудың ретін ойластыруда. «Маған керегі – Котто. Бұл жекпе-жек мен үшін үлкен маңызға ие. Өйткені, Мигель Котто Серхио Мартинесті жеңу арқылы WBC тұжырымына ие болды. Мен Серхиомен жұдырықтаса алмадым. Сол себепті оны жеңген боксшымен шыққым келеді», дейді ол. Серхио Габриэль Мартинес – аргентиналық боксшы. Орта салмақтағы WBC және WBО тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, бриллиант белдіктің иегері. Геннадийдің жұдырықтасқысы келетін қарсыластарының бірі – мексикалық былғары қолғап шебері Канело. «Канелоны мексикалық аңыз деп атауға лайық. Кіші Чавеспен де жақсы жекпе-жек өткізуге болады. Біз онымен келісімге келуге талпындық, бірақ ол жұдырықтасуды қаламайтын сыңайлы. Фроч та жақсы қарсылас. Олардың барлығының есімдері кәсіпқой бокста жазылған. Ал мен атақты боксшылармен жұдырықтасуды қалаймын», – дейді Головкин.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».