Ауыр атлеттерге артылар жүк ауыр
Ауыр атлеттерге артылар жүк ауыр
«Сақтықта қорлық жоқ» деген. Ауыр атлетикадан Алматыда өтетін әлемдік додаға Сьерра-Леоне, Гвинея мен Либерия елдерінің спортшылары қатыспайтын болды. Себебі, аталған мемлекеттерде Эбола дертінен көп адам көз жұмған. Сондықтан, доданы ұйымдастырушылар осындай шешім қабылдап отыр. Тек, Нигерия осы жолы халықаралық ауыр атлетика федерациясы тарапынан рұқсат сұрап, аламанға 14 атлетін қосуға мүмкіндік алды. Нигериялықтардың қайткен күнде де бұл додаға қатысуға ұмтылатындай жөні бар. Алматыдағы әлем чемпионатында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарына жолдама таратыла бастайды. Осы аламанда жалпыкомандалық есепте топ жарған мемлекеттің құрама командасын үлкен сый күтіп тұр десе де болады. Зілтеміршілер жарысында ең көп ұпай жинаған елдің олимпиадаға 10 жолдама (алты ер спортшы, төрт әйел атлет) алуға мүмкіндігі бар. Дода өз жерімізде өтетін болғандықтан, біздің атлеттерге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Десе де, федерация басшылары мен бапкерлер алқасы «арық сөйлеп, семіз шығуды» көздеді ме, жоспарда екі алтын медаль алу қажеттігін ғана көрсетті. Мамандар кімдерге үміт артатынын ашып айтпаса да, жеңіс тұғырынан көрінеді-ау деген болжамды тізімде Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары, Илья Ильин, Светлана Подобедова, Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло тұрғаны анық. Алматыдағы аламан – Ильин, Подобедова мен Манезаның Лондон олимпиадасынан кейінгі алғашқы ірі жарыстары. Ал Зүлфияның жуырда ғана Азиададан олжамен оралғаны белгілі. Бірақ, жүлде – алтын емес, күміс. Әйтсе де, Чиншанло тайпейлік Шу Чин Хсуден ұтылып, күміс медаль алғанда ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни: «Чиншанло Алматыдағы әлем чемпионатында Шу Чин Хсуден есесін қайтарады» деп мәлімдеді. Яғни, екеудің бірі Зүлфия болатынына бас бапкердің сенімі мол.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».