- Advertisement -

Жайылымдық жер «жыры» қашан аяқталады?

95

- Advertisement -

Әдеттегідей көршімнен сүт сатып алуға барғанмын.

– Қызым, біз енді сүт сата алмайтын сияқтымыз. Бір сиырымызды амалсыздан сатып жібердік, жемшөптері қымбат. Әрі қазір бұрынғыдай шелектеп сүт беретін сиыр да жоқ, өрістен аш келеді, екіншісінің сүті өзіміздің балалардан артылмайын деп тұр, – деп мұңайды.

Осы сәтте анамның да түнеукүнгі осы сарындағы әңгімесі ойыма орала кетті.

– «Ауылда қазір әр үй кемі 3-4, алды 30-40 сиырдан өріске шығарады. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында 6 пайызбен берілген несиеге ауылдағылардың басым бөлігі сиыр сатып алды. Сүті олжа, оны сатып, құрт-майымызды жасап, несиеміздің бір бөлігін жабамыз деп жоспарладық. Бірақ көктің нағыз көтерілетін тұсы – сәуір, мамыр айларының өзінде жайылымнан желіндері жер сызып келетін сиырларды көрмейтін болдық. Жайылым жоқ, ауыл маңындағы сол бір өріске күніге айдап апарып, кешке қайтады әйтеуір. Жердің бәрі жекеменшікке өтіп кеткен, басқа жаятын жер жоқ.

Өткен жексенбіде базарға апарып тағы екі сиырды сатып келді, қайтеміз оны, жемшөбін де ақтамайды. Не көп сатылатын сиыр көп, арзанға сатылыпты екеуі де», – деп күрсінген болатын.

Расымен, шүкір, қазір ауылда төрт түліктің саны артқан. Статистиканы сөйлетсек, Кеңес Одағы тұсында өңірде тек ірі қара мал 300 мыңның төңірегінде болса, қазіргі таңда 527 мыңнан асқан. Жалпы есепке алынған мал саны – 4,3 миллион. Тіркелген мал шартты басқа айналдырғанда негізінен әр малға 8 гектар жайылым тиесілі болуы тиіс. Ал облысымыздың жер қорындағы жайылым жер көлемі – 8,1 миллион гектар.

Енді бүгінде 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіні анықталып отыр. Әсіресе Байзақ, Жамбыл, Меркі аудандары мен аудан орталықтарында жайылым тапшылығы қатты сезілуде. Ал оны шешудің жолдары ретінде облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов 5 бағыт бойынша жұмыстардың жүріп жатқанын жеткізді.

Нақтырақ тоқталар болсақ, ауылдық округ теңгеріміне босалқы жерлер санатындағы 225 мың гектар жайылым жерді елді мекенге беру жұмыстары басталған. Өткен жылы жылы 227,5 мың, биыл 8 ай ішінде 0,7 мың гектар жер берілген. Екіншіден, ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елдімекендерге қайтарып беру жұмыстары да қолға алыныпты. Осы жерлерді және елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста жақын орналасқан есебінен 199,6 мың гектар жайылым жерді ауылдық округтерге бекітіп беру басталған. Былтыр оның 13,6 мың гектары, биыл әзірге 8,4 мың гектары берілген.

Сондай-ақ мал басы көп тұрғындардың малдарын орман қоры жеріне шығару да ұйымдастырылыпты. Әзірге орман қорындағы 1 миллион гектар жайылымға 242,9 мың мал басы шығарылыпты. Төртіншіден, жер пайдаланушылармен өнімі жиналып алынған жерлерге кедергісіз мал жаюға меморандум жасау жұмыстары қолға алынған. Бұл үшін көлемі 486,5 мың гектар болатын 2071 шаруа қожалықпен меморандум жасалыпты.

Соңғысы, игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып келген 252,3 мың гектар жайылым жердің өткен жылдан бері 106,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, ол да шаруа игілігіне ұсынылған. Мұнымен қоса, биыл елді мекен жайылымын ұлғайту үшін қосымша 418,4 мың гектар жер учаскесі қосылып берілетін көрінеді.

Атап өтерлігі, проблеманы шешудің мұндай жолы өңірімізде алғаш рет қолға алынып, бұл тәжірибені басқа облыстар да қолға алып жатыр екен. Нәтижесі де жаман емес, жайылымдық жер көлемі ұлғайып, арыз-шағымдар әлдеқайда азая бастаған. Осылайша өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жайылымдарды пайдалануды реттеу» тақырыбында өткен брифингте аталмыш басқарма басшысы Бақтияр Көпбосынов алдағы уақытта жамбылдықтарды жайылымдық жер «жыры» мазаламайтындығына сендірді.

 

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support