- Advertisement -

Моноқалалардың жылыту науқанына дайындығы қалай?

145

- Advertisement -

Моноқалалар – Қаратау және Жаңатастың орталық қазандықтарында жылыту науқанына дайындық жұмыстары көктемнен басталады. Өйткені қос қаланың «жүрегіне» айналған қазандықта қақаған қыс айларында апат орын алатын болса, оның зардабы ауыр болады. Сондықтан да Талас және Сарысу аудандарының орталықтарындағы қазандықтардың қалыпты жұмыс істеуі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Мұны аудан, қала әкімдері, тиісті мекеме басшылары жақсы біледі. Сондықтан жөндеу жұмыстарына, газ бен мазутқа қажетті қаржы бөлуді алдын ала реттеп, жөндеу жұмыстарына жұмылдырылатын жұмысшыларды іріктеп, дайындау да маңызды.

Қаратау қаласының «Игілік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының орталық жылу қазандығы бір көргенде қысқа жүз пайыз дайын сияқты. Жылыту науқанында алты ай, тәулік бойы толассыз жұмыс істеп, от жалыны бет қарпып, гүрілі мен дүрілі құлақ тұндыратын кәсіпорында тыныштық орнағанымен жөндеу жұмыстары бірқалыпты жүріп жатыр.

– Біз 158 көпқабатты тұрғын үйді, 7 мектепті және қаладағы әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандарға жылу береміз. Атқаратын жұмысымыз аса жауапты болғандықтан да, жыл сайын қысқы жылыту науқанына ерте кірісеміз. Бірінші қазандықтарда жөндеу жұмыстарын бастап, қанша отын жағатынымызға дейін есептеп, алдын ала тапсырыс береміз. Жылыту маусымында 15 мың тонна текшеметр газ тұтынамыз, бұл 450 миллион теңге. Оған тапсырыс беріп қойдық. Қорымыздан былтыр 714 тонна мазутты көрші Жаңатас қаласына бергенбіз, ол он күндік қорымыз. Қазір оны қайтару туралы жұмыс жүріп жатыр. Жалпы кәсіпорында 164 адам жұмыс істейді. Жылыту маусымы кезінде 20 адамға көбейеді. Өйткені ол кезде төрт ауысымда жұмыс істейміз. Жаңа жылға дейін тұтынатын газдың қаржысы аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық және автомобиль жолдары бөліміне түсіп қойды. Газды Өзбекстаннан және «Амангелді газынан» аламыз. Бүгінге қазандықтар және қосымша қондырғылары 70 пайыз дайын, – дейді «Игілік» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны басшысының міндетін атқарушы Шәріпбек Оралбаев.

Ол ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі жұмысшы-қызметкерлердің де есімін атады. Жылу цехының бастығы Есенгелді Бекбергенов, ауыз су цехының мастері Аслан Жұманқұлов, қазандық операторы Елена Кочегина, техникалық бөлім бастығы Игорь Байбара, газбен дәнекерлеуші Еркін Жайлаубаев, автокран жүргізушісі Рысқали Майсүпов кәсіпорын мақтаныштары көрінеді.

Қала ішіндегі жылу жүйелерін ауыстыруда да бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Мәселен, магистральдық құбырларды ауыстыру үшін облыстық бюджеттен бөлінген 61 миллион теңгеге 1260 метр 219 диаметрлі құбыр 273 диаметрлік құбырға ауыстырылған. Қаланың ішіне берілетін құбырлар бойындағы бұрандалар кәсіпорын күшімен жөнделіпті. Аудан әкімдігінің көмегімен де атқарылып жатқан жұмыс аз емес көрінді.

Жаңатаста жұмыс орындарының көптеп ашыла бастауынан қала тұрғындарының саны артып келеді. Жылумен қамтамасыз етілетін мекеме, кәсіпорындардың қатары да жыл сайын ұлғаюда. Қаладағы «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорныны 20975 қала тұрғынына, 42 бюджеттік мекемеге, 29 өзге заңды тұлғаларға және 362 кәсіпкерлік нысанына коммуналдық қызмет көрсетеді.

– Штат бойынша кәсіпорында 160, ал негізгі кесте бойынша 139 адам еңбек етсе, 21 адам маусымдық жұмысшылар. Кәсіпорынның жылдық жалақы қоры 189 миллион 396 мың теңге. Айлық жалақы қоры 15 миллион 787 мың теңге. Орташа айлық жалақы 108 мың 147 теңге. Кәсіпорын үш бу және үш жылыту қазандығымен жабдықталған. Қазандықтардың жөндеу жұмыстары 74 пайызға аяқталды. Мазут нысандарында – 79, сорғылау тобы – 79, суды тазарту тобында – 70 және электр жабдықтарының жұмыстары 48 пайызға орындалған. Барлық қазандықтар арнайы мекеменің техникалық және диагностикалық тексеруінен өткізіліп, сараптама қорытындысы алынды. Келесі сараптама өткізу мерзімі алдағы – желтоқсан айы. Орнатылған қазандықтар тек сұйық отындық қара маймен жұмыс істейді. Бүгінде қазандықтарды табиғи газға ауыстыру жобасы дайындалуда, – дейді «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Абдуталип Абилов.

Бүгінде қалалардағы қазандықтардың дені табиғи газ жағатындықтан мазуттың орнына көгілдір отынды қолдану тиімді. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына біршама уақыт болды. Қандайда бір мүмкіндікті пайдаланып, жоба ертерек жүзеге асса қалалық қазандықтағы әр жылдары орын алып қалатын төтенше жағдайлар болмас па еді, оның үстіне жыл сайын қымбаттап жатқан сұйық отындық қара майдың орнын газға тезірек ауысса, біршама қаржы үнемделіп, ол қаржыға кәсіпорынның кем-кетігі одан сайын жаңара түседі. Аудан әкімдігі бұл жұмыста қол қусырып қарап отырмағанын білеміз, дегенмен мүмкіндікті барынша қарастырса деген ниет біздікі.

2022-2023 жылдардағы жылыту маусымына жалпы қажетті қара май көлемі 13 458 тонна көрінеді, өткен жылыту маусымынан қалғаны 28,0 тонна, алдағы маусымға 13 430 тонна қажет екен. Қалалық қазандықта қара май отынын сақтайтын және резервтік отын қорын құруға арналған «РВС-5000» тиіпті үш резервуар орнатылған. Кәсіпорын тарапынан 2021-2022 жылдары көрсетілген коммуналдық қызмет түрлеріне пайдаланылатын электр қуатының тарифтік бағасы қосымша құн салықсыз 13 теңге 12 тиын көлемінде келісілген. Биылғы сәуір айынан бастап электр қуатын жеткізуші «Қазфосфат» ЖШС электр қуатының бағасын 46 пайызға өсіріп, қосымша құн салықсыз 19 теңге 17 тиын көлемінде белгілепті. Бұл өсім кәсіпорынның қаржылық шығынын орташа есеппен 40 пайызға көбейтіп, шығын көлемі 31 миллион 476 мың теңгені құрайды.

Қаратаудың қойнауында және етегінде жатқан қос қалада ана жылы қатты дауыл соғып, төтенше жағдай жарияланғаны, қаратаулықтар мен жаңатастықтардың есінен шыға қойған жоқ. Құдай сақтап, адам аман болғанымен, екі қаланың инфрақұрылымына көп шығын келді. Үкіметтің, облыс басшылығының шұғыл әрекет етуінен екі қалада аз уақытта қалпына келтірілді. Табиғаты құбылмалы өңірдегі қалаларды қыстан аман алып шығудың жауапкершілігі зор. Бетін аулақ қылсын, қазандық істен шығып, магистральды құбырлардың бірі жарылып жатса қаладағы жылу желісі қатып қалады. Ондай апат орын алып жатса, көпқабатты үйлерде тұратын адамдарды көзге елестетудің өзі ауыр.

Коммуналшылармен қатар, аудан, қала әкімдеріне, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына да қалаларды қыстан қатырмай алып шығу үлкен сын. Тағы бір мәселе-жылу мен сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар өздері өндірген өнімді көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі элеваторға дейін жеткізіп береді. Ал ары қарай әр пәтерге баруы жекеменшік тұрғын үй кооперативінің және тұрғындардың өздеріне байланысты. «Қыс – қатал сыншы» екені кім-кімнің де есінен шықпаса дейміз.

 

Амангелді ӘБІЛ

Талас және Сарысу аудандары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support