- Advertisement -

«Арыстан гүрілдейді түсімізде…»

151

- Advertisement -

Өлеңге де сыймайтын дүние көп екен. Қазақстан Жазушылар одағының бір кезекті құрылтайында жарыссөз тәмамдалып, ел басқарма мүшелерінің сайлау қорытындысын күтіп, гу-гу әңгіме дүрілдей бастағанда Шерағам: «Қарқаралыдан келген Ақсұңқарұлы, қайдасың? «Қасқырдың монологын» оқышы! Мыналар итшілеп кетті ғой?!» – деп еді!

Қасқырдың монологы

Жек көрем итті!
Алысып жүрем,
Шабысып жүрем!
Қағынып…
Сайын даланың тағысымын – мен,
Не деген ғажап – тағылық!

Шауып түсемін!
Күш ағысымды сыйғыза алмай ішіме.
Адамның алмас пышағы сынды,
Ырзамын азу тісіме!

Қасқыр – бабалар!
Бар ұлыстардың,
Мазасын алып манадан –
Иттермен болған қанды ұрыстардың,
Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,
Қорлық – қарғысқа барабар.
Бізбенен иттің тегі бір дейді…
Рас па қасқыр – бабалар?!

Өлексе үшін жұлысқан болсақ,
Өмірі бітпей кегіміз,
Иттермен бірге туысқан болсақ,
Не болды – ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар,
Күн туғаны ма ақыры…
Неге үндемейсіңдер, қасқыр – бабалар,
Қағынып кеткен жатыры?!

Неге үндемейсіңдер?
Ұрлық түн еді:
Жатқаным мынау – жау іші.
Аспанның астын дүрліктіреді,
Үрген иттердің дауысы…

***
Әлі есімде, Қасымның Қарқаралыдағы 80 жылдық тойына Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бастаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар келді. Қарқаралының әкімі «Қасым туралы сөзді мен айтуым керек! Егіндібұлақта Тәттімбет туралы баяндаманы сол ауданның әкімі жасады ғой?» – деп отыр екен, Нұрағам (Н. Оразбек ол кезде о кісі облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы) «Сен Қасым жөнінде неңді айтасың? 100 саулықтан қанша қозы алғаныңды айтасың ба?!» – деп бетін қайтарып тастаған. Нұрағамның ұсынысымен мен сонда баяндама жасап едім.

Қарқаралының өкпе тұсынан айтылған Қасым туралы сөз тыңдарман мен көрерменнің көкейіне қона кетті. Қасымның бауырында өскен Ғафекеңнің өзі сүйсініп: «Ей, Серік! Сен Қасымға болашақтың көзімен қарап, ордалы ой айттың ғой? Қаскеңе замандастарының көзімен қарап, мен де біраз аталы сөз айтқам!» – деді!

Қарқаралының таңғажайып баурайы, әуелеген ән мен күй, ас та төк дастарқан, шалқыған шарап… Нұрағаң қасымда, қайда барсақ, ілтипат пен құрмет! Нұрағам: «Мен Өзекеңе Серіктің қасында болайын, Сіздің қасыңызда менсіз де әкім-қаралар көп қой?» – дегем. Бүгінгі Қасым туралы лебізіңе сүйсініп қасыңда жүрмін ғой!» – деп қояды. Түске қарай: «Айтпақшы… сен Жазушылар одағының хатшысысың ғой? Жазушыларыңа кіріп-шығып, сәлем бермейсің бе?» – деген.

Кіріп келсек, Шерағаң көңілді екен, босағаны енді аттаған бізді дастарқанға оздырмай: «Уа, Ақсұңқарұлы! «Қасқырдың монологын оқы!» – дегені. Жатқа білетін өлеңімді есіме түсіре алмай, мелшиіп мен тұрмын босағада. «Жек көрем итті!..» – деймін, арғы жағы есіме түспейді! «Жек көрем итті!…».

«Әй! Сол иттеріңнің ішінде біз жоқпыз ба өзі? Соны айтшы?!» – деді Шерағам, менің халімді түсініп! «Сіз жоқсыз ғой, Шераға…», – дедім сасқанымнан…Тілім күрмеліп… «Е, онда төрге шық!» – деді Шерағам, «Қалғанын есіңе түскенде оқырсың…».
Шерағам сол Қасым туралы сөзді өзі сұратып алып, «Егеменнің» бір бетіне жарқыратып шығарып еді.

Кейін ол «Адам дәрігері адам кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні… Ал ақын, егер ол ақын болса, ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді. Сондай нағыз ақындардың бірі – қасиетті Қызыларай тауында туған Серік Ақсұңқарұлы» деп жазды (Шерхан Мұртаза, «Егемен Қазақстан», 2000 ж. 29.03.).

Қайран, Шерағам… Арыстандай ақырып, о да кетті мына жарық дүниеден! Алашына айтпаған сөзі қалмады! Арғы- бергіні ақтарып-төңкеріп, ақырып, ашынып, бәрін айтты. «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда»-деп айтты! Бірақ, Елбасы тыңдаған жоқ оны…

***

Алаштың арыстаны

… Бөріден –
Бөрілінің байрағынан,
Ата жау сескенетін айбарынан!
Жасынның Оты лаулап тұрушы еді,–
Шағылған Күнге Алтын Айдарынан…

Хош, Қараорманымның Арыстаны!
(Алаштың қай жауымен алыспады?).
Келмеске о да кетіп, енді бізге,
Заманы Арыстанның алыстады…

Қоян да, түлкі де енді би болады,
Біздің ми сол не айтса иланады.
… Арыстан гүрілдейді түсімізде,
Ол – бізді ит пен құсқа қимағаны.

Көз жасы омырауда тарамдалған,
Әкең де қалған өстіп, анаң қалған.
Алаштың арыстары кеткен кезде,
Осындай алмағайып заман болған.

Заманы Арыстардың алыстады,
Жағымыз, қол да тұр ма қарысқалы?
Қараорман қалды бізде, қайтем енді,
Иесі көзден ұшқан –Арыстаны…

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support