- Advertisement -

Қыдыр атаның батасын алған қаламгер

207

- Advertisement -

Ойымыз тұрмақ санамызға кіріп шықпаған Несіпбек Дәутайұлының ажал ғайыбы абыржулы халден арылтпай алаңдаулы күйге түсіріп қояды деп болжаппыз ба. Өмірінің соңғы жиырма жылындағы ернеу кемерінен асып төгілетіндей ізденісінің арқасында ендігінің қатары сиреген оқушысын көкорай шалғын ойдың құнарына кенелтіп, аңқыған жұпарына жұтындыра түскен жайы бар еді.

Өткен ғасырдың аяғы мен жаңа дәуір басында қазақ шартарабын шарлаған Тұрсынжан Шапайдың әдемі қиялын елуден асып алпысқа бет алған Несіпбек Дәутайұлы әңгімелерімен ары қарай іліп әкетіп, жалғастыра жөнелгенін көркемдік заңдылықта қалай аталатынын кім біліпті.

Бастауыш класты бітірер-бітірместен қойға тап болғанын емеурінмен білдіріп, қалай бағып, қандай күй кешкенін ашып жарып айтуға сараң ол: «Оқу дегеннің не екенін білмеймін, партаға отырған-отырмағанымды ұмытып қаппын», дегенде кекесін араласқан қоңыр даусы жарықшақтанып шығып, көзін бір нүктеден айырмай ұзақ қадалатын. Сопақ кескіні сол сәтте томсарыңқы тартып, ызбар ұялағандай қоңыр көзін өңмеңге тура қадағанда дегбірің қашпаса да, сынампаз уытын жайсыздау сезінетінің бар.

Әлдебір ойдың ұштығынан ұстай алмаған қиналыста іркіліп барып жымиған уақытта түздік жайдары мінездің мейірімі әп-сәтте сезілетін. Қой соңында жүрген кездің азап-тозағын тіс жарып айтпағаннан былай шығармаларының фабуласынан оларды кезіктіре алмайтыныңа таңырқағаннан бұрын осында бір гәп бардай көріне беретін.

Несіпбек Дәутайұлының жүрегіне құлазыған құла дүздің оңашасында ұялаған көркем қиял ішкі толысуының құсбегілік ұстамға келетін сабыр-шыдамының арқауы берік еді, жетігу үдерісінің үздіксіз жүруінің арқасы шығар атақты Кенен ақсақал ауылының баурайында жазушылықтың ешкімге ұқсамайтын өзгешелеу бітімі дүниеге келді. Иірсудан ірге көтеріп, ірілендірілген шаруашылық орталығына жаппай қоныс аударған шақ ата қонысқа деген Дәутайұлының сағыныш сезімінің орнын дәл табатын сиқырлы перне.

Анда-мұнда аузынан Иірсу шыққанда күлімсіреген көзінің қиығын алысқа жіберіп, әлдебір қимас шақты есіне түсіргендей қараторы кескіні күреңітіп тұрып алатын. Көлемді қолжазбасының алғашқы жолы Иірсудан басталғаны да осындайда еріксіз еске түсетін сияқты.

Кенен елді мекен тұрғындары ақынжанды сері келетін ол кезде. Әдебиетке икемі бар біреу кезіге қалса бітті Несіпбек Дәутайұлын әңгіме өзегіне айналдырып, бастауышты бітер-бітпестен қойдың соңына түскені жеті- сегіз жылға созылып кеткеніне таңырқасатын. Ауыл кеңес төрағасы қоярда-қоймай кешкі мектепте оқытып, орта мектепті бітіргені жөнінде құжат әперіп, аудандық газеттің қазақша бөліміне жетекшілік ететін адам майдандас досы екен, соған айтып жатып корректорлыққа орналастырса керек. Бұл ауыл адамдарының аузынан естіген әңгіме. Егер өмірі тап бұлай өрбімесе, Дәутайұлы ел аузына іліккен жазушы болып шығар ма еді, шықпас па еді деген сұрақ қойып, оған жауап іздеудің өзі орынсыз сияқты.

Алғашқы қолтаңбасынан-ақ қарымы танылып, қатар бастағандардың ықыласын өзіне аударғандағы құпиясы, Тәкен Әлімқұловша айтқанда, ішітілігінде жатқан шығар. Жоғарыда баяндалғандардың ешқайсысын ашылып-жарылып әңгіме қылмаған Дәутайұлы қылығын неге жорырыңды білмей дал боласың кейде. Өзі туып-өскен Кенен ауылында Шолпанқұл жөніндегі аңыз жетіп артылатын, сонан кейінгі көрнекті тұлға – Несіпбек Дәутайұлы. Қойдың соңында салпақтап жүрген қаршадай балаға қарт кісі жолығып, ақ батасын берген деседі. Содан бастап оның десі жүріп, жастау шағында айтысқа қатысып, қарсыласын екі ауыз сөзден асырмай жеңіп шыға беретін еді дейді.

Айналайын туған ел не деген дархан, кең пейіл, айдалада қой бағып жүрген ұлына Қыдыр атаға батасын бергізіп, жазушылық бағытты ұстатады. Қалай деген күнде Несіпбек Дәутайұлының қиял мәдениетінің поэзиясы нәзік, махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің бойжеткенге хат жазып отырған сәттегі жүрек лүпілін сездіретіндей сарын оның жан әлеміне берік орнығуының өзі керемет.

Бұл оның ұстанымын нықтай түсіп, елегізіп құлазудың орнына ой еркіндігінің оңашасында қиял айдынының шексіз асаулығы Дәутайұлы әңгімелерін әдемі ертегіге ұқсатып жіберетін ерекшелікті сыйлайды. Бұл жағынан оның сарыны мен алымының мәнері қарасөзді өлеңмен жырлайтын шеберлік иесі екенін танытады.

Сомдаған кейіпкерлері махаббат дертіне шалдығып аһ ұрып жатпаса да, сезім дүниесінің шырмауынан шыға алмайтын пенделер. Дәутайұлының тап осы арада қой соңында өткен балалық шағының елесі қосанжарласа ілесіп қалмайтындай әсер береді. Бұл жағынан ол бейнелер құрамының сардары секілді. Абайша айтқанда, «қолына қаламын қатты ұстап» жаза бастаса бітті шеттерінен еңселерін тіктеп, сапқа тұра қалатын сарбаздардай.

Балалық шағын ашып-жарып айтуға бейілсіз Дәутайұлы жаңа-жаңа оннан аса бастаған шағында екі күн бойы жауын астында қой айдағандағы тұрқына жарты ғасырдан астам уақытты өткеріп барып жаны ашыған күйзелісті кейіпке енетін. Тебіреніске толы қоңыр үнінің тербелісі жүрек қозғайтындай шынайылыққа толы көрінді. Оның жазудағы құпиясының сыры тап осы мінезінде жатқан шығар.

 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, жазушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support