Бір күнде... екі нысан
Бір күнде... екі нысан
Осы аптада төлебиліктер екі бірдей қуанышты жайдың куәсі болды. Ең алдымен ауданда жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандартына сәйкес «Мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу» орталығы ашылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 27,4 миллион теңге бөлінген. Ал ғимараттың ағымдағы жөндеу жұмысын «Эльмирус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті.
Орталық жеке оңалту бағдарламасының белгіленген мерзіміне орай, яғни, 6 ай-1 жыл аралығында күндіз 3-18 жастағы психоневрологиялық жартылай ауытқуы бар, сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін болады. Штат кестесі бойынша мұнда бас-аяғы 33 қызметкер жұмыс істейді.
Ғимараттың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов құттықтау сөз сөйлеп, нысанның лентасын қиды. Сондай-ақ, облыс әкімінің атынан орталыққа теледидар тарту етті. Орталықта қызмет алушының әжесі Сәуле Жүгенова облыс басшылығына алғысын айтып, жарымжан балалардың осы орталықта ем алу арқылы қатарға қосылып кететіндігіне сенім білдірді. Бұдан кейін, жиналған көпшілік орталықтың ішкі көрінісімен танысып шықты. Ондағы дефектолог, психолог, логопед, уқалап емдеуші мамандардың көмегімен және дене шынықтыру арқылы емдеу бөлмелері, 2 ойын бөлмесі, 7 жасқа дейінгі балаларға арналған жатын бөлме мен асхана талапқа сай жабдықталған.
Шу ауданында осы күні тағы бір нысанның есігі айқара ашылды. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап келе жатқан «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің қатарын «Айналайын» балабақшасы толықтырды. Бұл 2010-2014 жылдар аралығында бағдарлама бойынша жүргізілген құрылыстар есебінен бой көтерген 14-ші балабақша болып отыр. Ерқанат Нұрбапаұлы бұл нысанға да атбасын бұрып, заманауи үлгідегі, барлық жағдайы жасалған ғимараттың сапасына оң баға берді. Шу ауданының орталығы Төле би ауылында орналасқан 280 орындық типтік нысан екі қабаттан және үш блоктан тұрады. Құрылысы өткен жылдың сәуір айынан бастау алған. Мұндағы электр жүйесі мен су құбыры орталықтандырылған, жылу жеке қазандықтан берілетін болады. Жалпы 605,077 миллион теңге жұмсалған балабақша құрылысын «ПК Вулкан-С» ЖШС жүргізіпті.
«Айналайыннан» алғашқы білім мен тәрбие алатын бүлдіршіндер 12 топқа жіктелетін болады. «ПК Вулкан-С» ЖШС директоры, мердігер Сергей Кулемин жаңа нысанның ашылу салтанатында балабақша меңгерушісі Сейсебала Рысқұловаға балабақша кілтін табыс етті. Облыс әкімінің орынбасары Е. Манжуов ата-аналар мен бүлдіршіндерді құттықтай келе, бүгінде облыстағы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбие мекемелерімен жалпы қамтылу деңгейін және ағымдағы жылдың соңына дейін облыс бойынша тағы да 3 балабақша пайдалануға берілетіндігін атап өтті. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан балабақшаға фортепиано аспабын сыйға тартты.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.