Жаңалықтар

Зиялылардың бас қосатын ошағын қалыптастырды

Зиялылардың бас қосатын ошағын қалыптастырды

Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі:

– «Aq jol» – мәртебесі аймақтық басылым болғанымен, сол басылымдардың ішіндегі бірегейі. Өйткені Жамбыл өңірі Алматыға жақын болды. Сондықтан мықты қаламгерлердің біразы осы басылымға табан тіреді. Еңбек жолымда мен газет пен телеарнада қатар қызмет етіп көрдім. Осы екеуін салыстырып қарасам, мен газетті алдыңғы орынға қояр едім. Неге? Өйткені тілші мақала жазады. Оны бөлім меңгеруші оқиды. Одан жауапты хатшыға барады. Бас радактордың орынбасары бір шолады. Бас редактордың өзі оқиды. Одан корректор оқиды. Кезекші редактор тағы бар. Не керек, мақала қырланып, жөнделіп газетке басылады. Бұл тәжірибе осы «Aq jol»-да да бар. Бұл басылымның да өзінің бесігіне байлайтын, қара шаңырақта ұстайтын қасиеті бар. Газет мықты-мықты қаламгерлерді шығарған үлкен мектеп. «Aq jol» зиялылардың бас қосатын ошағын қалыптастырды деп айтуға әбден болады. Республикалық басылымдар мен аймақтық басылымдардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ деп отырмыз. Оған мысал ретінде осы газетте еңбек етіп, бүгінде елімізге танылып отырған Есет Досалы, Маржан Рақай сынды журналистердің атын әлеуметтік желі арқылы жақсы білеміз. Сіздерге деген ықыласымыз түзу! Мерейтой құтты болсын! Қанаттарыңыз талмасын, қаламдарыңыз мұқалмасын!