Құқық

Жаңа кодекс келер жылдың басынан күшіне енеді

Жаңа кодекс келер жылдың басынан күшіне енеді

Биылғы 5 шілдеде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» жаңа кодекске қол қойды. Ол  кодекс (ӘҚБтК) 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Айту керек, жаңа кодекстің ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болатын 2001 жылғы 30 қаңтарындағы ӘҚБтК-тен бірқатар ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, қолданыстағы ӘҚБтК-те 5 бөлім, 44 тарау, 733 бап болатын болса, жаңа кодексте 5 бөлім, 53 тарау, 920 бап бар. Бұл орайда бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде танылған кейбір баптар ӘҚБтК-тен алынып, жаңа Қылмыстық кодекске (ҚК) қылмыс ретінде енгізілген. Сонымен қатар, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға назар аударылған. Осы мақсатта жаңа кодекске әкімшілік құқық бұзушылықтардың жаңа түрлері енгізіліп отыр. Мысалы, қызметкерді 2 жыл ішінде еңбек демалысына жібермеу және өзге де түрдегі кемсітуге жол бергені, еңбекақысын толық мөлшерде төлемегені үшін, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді қамтамасыз етпеу. Яғни, жаңа ӘҚБтК-те уәкілетті органдарға еңбек заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қолдануда едәуір кең шеңбер құрған. Белгілі бір әкімшілік құқық бұзушылықты нақты анықтай келе, жұмысқа еңбек шартын жасамай тарту, еңбекақысын уақтылы төлемеу, еңбек демалысын бермеу, күніне жұмыс істеу уақытын арттыру, жұмыста кемсітуге жол беру сынды құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Азаматтық және қылмыстық іс жүргізу кодекстері сияқты, жаңа ӘҚБтК-те жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша заң күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыларды қайта қарастыру институты енгізілген. Бұл жеке және заңды тұлғалардың өз құқықтарын толықтай жүзеге асыруына мүмкіншілік береді. Кодекстің басты міндеттері – ізгілендіру. Оның нақты мысалы ретінде кіші кәсіпкерлерге көмек ретінде салынатын айыппұлдардың көлемін 50 пайызға төмендету, қамаудың ең жоғары мерзімін 30 тәулікке дейін қысқарту, алкоголь мен нашақорлықпен ауыратындарға қолданылатын мәжбүрлеу шарасын алып тастау, тағы да басқа жағдайларды айтуға болады. Жемқорлыққа жол бермеу және қысқартылған өндірісті қамтамасыз ету мақсатында жаңа кодексте экологиялық, салық, экономикалық және электр энергетикасы заңнамасын бұзғаны үшін көзделетін айыппұлдың пайызбен есептелетін белгіленген мөлшері бекітілген. Ал Кодексті қайта қарастыруға: құқық бұзушыға, жәбірленушіге белгілі болмаған және белгілі болуы мүмкін емес, іс үшін маңызды мән-жайлар, соттың заңды күшіне енген үкімімен анықталған, заңсыз не негізсіз қаулы шығаруға әкеп соққан куәнің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс емес аударма, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы, істі қарау кезінде жасалған, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушылардың, іске қатысатын басқа да тұлғалардың не олардың өкілдерінің қылмыстық әрекеттері немесе судьялардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қылмыстық іс-әрекеттері, осы қаулыны шығаруға негіз болған соттың шешімін, үкімін, ұйғарымын немесе қаулысын не өзге де мемлекеттік органның (лауазымды адамның) құқықтық актісінің күшін жою және тағы да басқалар негіз болған.

Мелдебек Үшкемпіров, облыс прокуратурасы 4-басқармасының аға прокуроры, кіші әділет кеңесшісі.