- Advertisement -

Ежелгі Меркі қалашығының ертеңі қалай болмақ?

394

- Advertisement -

Қатпар-қатпар қарт тарихта, көмбе-көмбе көне шежіреде Ұлы Жібек жолының бойына жан дарытып, қан жүгіртіп отырған, есімі тархан Таразбен бірге аталатын бірегей шаһар – Меркі қалашығы. Топырағына ғасырлардың ғибраты сіңген бұл тарихи орын аудан орталығында орналасқан.

Ал оның негізгі тарихи аумағының жартысынан астамы һәм ондағы құм астындағы аршылмаған құндылықтар әлі күнге үш базардың астында жатыр. Тарих тұңғиығына бойласақ, Меркі өңірінің байырғы тұрғындары да, іргесін берік қалап кеткен сәулетшілері де түркілер екені айтылады. Мәселен, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабындағы деректер бойынша «Меркі хәллохтар ( қарлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады».

Осы кітаптың тағы бір жерінде былай дейді: «…Меркі мен Нуикста мұсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы. Меркіде түріктер басым келеді». 766 жылы түркештерді биліктен тайдырған қарлұқтар сол өңірді билеуде ықпалды қалалар Құлан мен Меркінің гүлденуіне және осы бекіністердегі әскерлердің қорғаныс қабілетін арттыруға ерекше назар аударды. Жалпы, бұл кітаптың тарихи деректері біз үшін аса қымбат. Яғни, Х ғасырда жазылған кітапта «Тараз», «Меркі» атаулары жиі кездеседі.

Осыдан- ақ Меркінің тарихы тереңде екенін аңғару қиын емес. Меркіні Меркі еткен қарлұқтар туралы да көп жазылған. Араб тарихшысы Ибн-әл Факих «Китабахбар әл-булдан» еңбегінде «Қарлуқтар – ежелгі түріктер» деп жазғанын ескерсек, Меркі – түркі тектес халықтардың мекені. Ал қарлұқтар түркі тайпасының бір бұтағы болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Қарлұқтар Тараз қаласының шығыс жағындағы Құлан, Меркі, Аспара, тағы да басқа кішігірім қамалдар мен қалаларды билегені белгілі.

Меркінің орталықтағы қираған орны дөңес тәрізді төртбұрыш. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде ішкі қамалдың қалдықтары бар. Ол ішкі қаладан қазіргі кезде кеміріліп, шымға айналған, биіктігі 1,5 – 2 метр. Қорған дуалмен бөлінген. Қабырғаның бұрыштары дөңгелек мұнаралармен күшейтілген, ішкі қалаға кіре берісте 2 мұнарасы болған. Ішкі қаланың биіктігі 3 метрге жетеді. Қалашықтың батыс жағындағы табиғи қорғаны, оң жағалауында биік жарқабағы мен балшықты жайылмасы бар Көлтоған өзені болған. Қалашық ХІІІ ғасырда Моңғолдармен соғыста қиратылды. Қазіргі таңда бұл қалашық орналасқан қасиетті орын жылдан- жылға түрленіп, гүлденіп келе жатқан Меркі ауданының орталығы. Өз заманында Жібек жолы бойымен өтетін көпестердің керуендеріне де пана болған қалашық дәл сол кезеңдегідей қазір де тоғыз жолдың торабында, базардың аумағында тұр.

Десек те, тарихи жәдігер ретінде және ескерткіштерді сақтаудың талабы бойынша мұндай орындардың жақын аумағында ойын-сауық орындары, базарлар болмауы тиңіс. Қазір қалашықтың аумағы қоршалмаған. Үстінен ары-бері көлік зулап, мал жайылып, тіпті қоқыс қалдықтары да шашылып жатады. Қанша жерден қоқыс қалдықтары қалашықтың сақталуына жауапты мамандар тарапынан жиналады да , базар маңындағы көпшілік бұл мәселені күнделікті көзге іле бермейтін секілді.

– Ертеде түркілер Жібек жолы бойында керуенге жағдай жасау мақсатында осындай қалашықтар тұрғыза бастағаны тарихтан белгілі. Меркі, Құлан, Аспара қалашықтары сол жетінші, сегізінші ғасырларда пайда болады.

– Оның алдында керуендер Ауғаныстан, Пәкістан секілді таулы аймақтардан керуендер осы қалашықтар арқылы байланыс жасаған. Яғни қалашықтың тарихы Ұлы Жібек жолымен тікелей байланысты дамып отырған. Көне тарих беттерінде Меркі қалашығы XIII ғасырда өмір сүруін тоқтатқан деп жатады. Оның жалпы дәлелі соңғы 2016 жылы осы жерде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгенде айшықталды. Ол экспедицияның жетекшісі тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов болды. Зерделеу барысында қалашықтың нақты жасы да анықталды. Одан бөлек бұл жерде кеңестік кезеңде де көп қазба жұмыстары жүргізілген. 2014 жылы тарих ғылымдарының докторы, белгілі археолог Айман Досымбаева зерделеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бірқатар құндылықтар құм астынан шығарылып, қалашықтың ежелгі құрылысының беті ашылып, тарихи маңызы бар жәдігерлер табылды.

Жалпы Меркі ауданында 211 ескерткіш бар. Соның біреуі ғана, яғни тек осы қалашық республикалық дәрежеде қорғалатын жалғыз ескерткіш. Оның аумағы 11 гектарды құрайды. Қазір сол 11 гектардың 5 гектары ғана бос жатыр, қалғанының аумағында үш базар орналасқан. Меркі, Аспара және Хан базарының қазіргі таңда жалдау уақыты бітіп тұр. Биыл аудан тарапынан осы Меркі қалашығын жерге орналастыруға қаржы бөлінді. Келесі жылы мемлекеттік актісі әзірленетін болады. Содан кейін базарлардың орындары ауыстырылмақ. Нақты уақытта осы базарларда бес мыңға жуық адам сауда жасап, күн көріп отырғандықтан олардың барлығын бірден көшіру мүмкін емес.

Десек те аумағында базар болғандықтан қалашық орны қоқыс үйінділерінен көз ашпай келеді. Тұрғындар мал жаяды. Ал оның тазалығына мен жауапты болғандықтан әрдайым сол тазалық мәселесін қадағалап жүруге тура келеді. Жалпы көне тарихтан бері бұл жердің тоғыз жолдың торабында орналасуы оның қарыштап дамуына ықпал етті. Қазірдің өзінде туризмді дамытуға үлкен мүмкіндігі бар. Республикаға қарайтын 25 ескерткіш «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі мекемесінің қорғауында. Бірер жыл бұрын Серік Ақылбек деген археолог ғалым ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, үш жылдық жобасын жасады. Оны Мәдениет министрлігіне ұсынып қойды. Қолдау тапқан жағдайда 2023 немесе 2024 жылда осы қалашықта үлкен, ауқымды қазба жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Талғат Сұлтанов.

Қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қазір аудандық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ал түркілердің ізі қалған қалашық аумағындағы халық базардың басқа жаққа көшуіне қарсы.

– «Базар таратылады» деген әңгіме бұған дейін де болды. Ол кезде осы жердегі барлық саудагерлер бас көтеріп қарсылықтарымызды білдірдік. Бірақ ол жағдайға байланысты бізге жаңсақ ақпарат берілген екен. Дегенмен базарды басқа жаққа көшіру туралы әңгіме бұрыннан бар. Осы жерде қаншама адам тіршілік етіп жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей қазір нарық заманы ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Әрбір адамның басында несие бар. Саудада жүргенімізге де он жылға жуық уақыт өтті. Көшірген күннің өзінде осындағы барлық адамды отырғыза салатындай дайын орын жоқ. Оның үстіне мұндағы бес мыңдай адам бір күнде көше алмайды. Жаңа орынға жайғасқанша да біршама уақыт жоғалтамыз. Азық-түлік, көкөніспен көшудің өзі қиын. Уақытысында сатып жібермесек, мерзімі өтіп кетеді. Аяғында шығынға ұшыраймыз. Және ол шығынды бізге әкімдік те, ешкім де өтеп бермейді. Сондықтан осы аумақтан көшуге өз басым қарсымын. Жолдың бойында орналасқандықтан базарға келімді-кетімді адамдарға да қолайлы бұл жер,-дейді аудан тұрғыны Орынкүл Қасымова.
Мұндағы жағдай да бұрынғы Тараздың көк базары атанып кеткен «Төлебай» сауда ошағының тағдырын бастан кешіп тұр. Ол кезде де базар халқы бірауыздан қарсылық танытқанымен, қазіргі таңда бұл көзқарас өзгергені белгілі. Шахристан аумағы бүгінде тұрғындардың ғана емес, алыс-жақын шетелден келген меймандардың да сүйікті орнына айналып үлгерді.
– Барлығымыз осы базарда күн көріп отырмыз. Базар аумағы өте үлкен. Қалашықта қазба жұмыстарын жүргізсе, оған еш қарсылығымыз жоқ. Аумағы қоқысқа толып, мал жайылмас үшін неліктен қалашықты қоршауға алмайды? Жасыратыны жоқ, бұл жердің ескі қалашық екенін бір ғана тақтайшадағы жазбасы болмаса, сырттан келген адам біле бермейді. Себебі аумағы ашық-шашық жатыр. Ондағы қоқыс қалдықтарын базардағы саудагерлерден бөлек, кез келген адам тастап кетуі мүмкін ғой. Сондай олқылықтар болмас үшін жоғарыда атап өткенімдей қоршау қажет. Ақыры республикалық қорғаудағы жәдігер болса, бұлай төмпешік күйінде ашық жатқаны дұрыс емес. Алдағы уақытта қазба жұмыстары жүріп, көркейетін болса, ол осы жердің тумасы ретінде бізге де жақсы. Тек бізге ыңғайлы орын тауып берсе болды. Біздің жағдайымызға түсіністік танылса, біз де түсіністікпен қараймыз, – дейді тағы бір тұрғын Әуес Бақытбек.

Расында қазіргі таңда Меркі қалашығы орталықтағы негізгі жолдан қарыс қадам жерде жатқанымен айналасы қоршаусыз. Мемлекеттің қорғауында екендігі сөз жүзінде ғана ма деген ой келеді. Оның тарихы, маңыздылығы да тақтайшасында толық жазылмаған. Және ол жерден табылған жәдігерлердің қайда орналасқаны туралы да бірде-бір ақпар жоқ.

Тарих саласының мамандары болмаса бұл аумақтың Меркі қалашығы екендігі былайғы жұрттың түсіне де кірмейтіні анық. Оған қоса келушілерді бағыттайтын тақтайшалары да ескірген. Енді қалашықтың ертеңі қалай болмақ? Өскелең ұрпаққа өткен тарихтың өнеге ошағы бола ма, жоқ әлде ит пен құстың өлексесін тастайтын қоқыс полигонына айналады ма? Базардағы халықтың жайы қалай шешіледі? Осы сауалдардың жауабын алдағы уақыттың еншісіне артып отырғандар «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешім шығара алады ма? Шығара алса қашан?!

 

Меркі ауданы

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support