Саясат

Құқық бұзған қызметкерлер

Құқық бұзған қызметкерлер

Меркі ауданында былтыр – 23, биыл – 26 маман қызметінен қуылған

Қоғамды жегідей жеп, жұртшылықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне селкеу түсіретін сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы бітіспес күрес «Нұр Отан» партиясының аумақтағы құрылымдарының да өмірлік мүддесіне айналып отыр. Соның бір нақты көрінісі ретінде, жуырда ғана партияның облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің «Нұр Отан» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Б. Көпбосыновтың аудандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жұмысының жағдайы жөніндегі есебін тыңдап, талқылағанын айтсақ та жеткілікті.

Кеңес отырысында Меркі ауданы әкімдігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлама жасаған партияның облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Қасымхан Төлендиев пен қоғамдық кеңес алдында есеп берген аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов аумақтағы жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған оң жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, олар мемлекеттік қызметшілер арасында еліміздің қолданыстағы заңнамасы талаптарын өрескел бұрмалаушылықтың да тыйылмай отырғандығына тоқталды. Мәселен, өткен жылы ауданда барлығы 26, ал ағымдағы жылдың 9 айында 35 мемлекеттік әкімшілік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Былтыр – 23, биыл – 26 маман атқаратын қызметінен босатылған. Үстіміздегі жылдың бірінші-үшінші тоқсандары аралығында ауданда 7 адам, атап айтқанда: Ойтал ауылдық округінің бас маманы Мақсат Көшербаев, «Ақ бота» балабақшасының меңгерушісі Айтжамал Шалғынбаева, аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Нұрлан Қалабаев, Т. Рысқұлов ауылдық округінің бас маманы – ветеринар Ақлима Шалабаева, Жаңатоған ауылдық округінің бас маманы – ветеринар Өсер Әденов, Тәтті ауылдық округінің бас маманы – ветеринар Ермек Аймбеков, Меркі ауылдық округінің бас маманы – ветеринар Александра Пономарева сыбайлас жемқорлық сипаттағы құқық бұзушылық қадамдарға барғаны үшін тәртіптік жазаға тартылған. Ал 2014 жылдың 25 қаңтарында № 19 орта мектептің директоры Қ. Барменқұловтың үстінен 15 мың теңге пара алғаны үшін қылмыстық іс қозғалып, ол қызметінен шеттетіліпті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық әрекеттері үшін 2013 жылы партияның Меркі аудандық филиалына қарасты бастауыш ұйымдардың есебінде тұратын 5 адам, биыл 2 адам партия қатарынан аластатылған. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовтің төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің отырысы партияның Меркі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың есебін назарға алу және оған өңірде сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік көңіл-күй ауанын орнықтыру туралы ұсыныс енгізу жайында қаулы қабылдады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».