Көшбасшы болмаса, көш ілгері баспайды
Көшбасшы болмаса, көш ілгері баспайды
Облыстың түкпір-түкпірінде «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстары өткені белгілі. Тараз қалалық филиалы №52 бастауыш партия ұйымы да есеп беру-сайлау жиынын өткізді. Оған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаев, бастауыш партия ұйымының мүшелері, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері қатысты.
Жиынды бастауыш партия ұйымының төрағасы Рүстем Қасымов ашып, баяндама жасады. Оның сөзінен бастауыш партия ұйымының cоңғы екі жылда бірқатар жұмыс атқарып, көптеген саяси іс-шараларда өз белсенділіктерін көрсеткені аңғарылады. «Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларын насихаттауға арналған ақпараттық- насихаттық топтардың құрамына бастауыш партия ұйымының мүшелері енгізіліп, соңғы екі жылдың көлемінде ірі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен білім беру ошақтары толығымен қамтылып келеді. Сонымен қатар, партия мүшелерінің партия қалалық филиалының бастамасымен ұйымдастырылып жүрген тазалық айлықтары, сенбіліктерімен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған спорттық шараларға қатысу белсенділігін атап айтқым келеді. Партия ұйымының мүшелері өңірде өткізіліп жүрген мемлекеттік мерекелерге, қоғамдық-саяси және мәдени-рухани шараларға қатысудан сырт қалған емес», – деген баяндамашы атқарылған істерді саралап берді. Мемлекеттік және әлеуметтік мәселелерге ықпал ету үшін бастауыш партия ұйымдарының өкілеттіктерін арттыру қажеттігі туралы ұсыныстарын да ортаға салды. Біріншіден «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты арасында белсенді жастардың мемлекеттік қызметке деген құлшыныстарын ескере отырып, тиісті партия ұйымының мүшесі болып табылатын азаматтардың тиесілі бос тұрған лауазымдарға ұсыныс беру мүмкіндігін арттыру үшін партия Жарғысына енгізу. Екіншіден, барлық мекемелердің персоналды басқару немесе кадр қызметтері ресми түрде ай сайын кадрлық өзгерістер бойынша есептерін партия филиалдарына ұсыну. Себебі, бүгінгі күннің өзінде, бастауыш партия ұйымы мүшелерінің саны партия филиалының есебіне сай келмейді. Осылай деген Рүстем Қасымов партиялық топтар мен мүшелерінің белсенділігі әлі де болса төмен екендігін жасырмады. Партия қатарына өтуге тілек білдірген жастардың қатары тым көп емес екен. Жарна төлеудегі селқостық та қылаң беріп қалады. «Партия аппараты сіздерді іздемеуі керек, қайта біз оларды іздеп, тиісті жарналарды уақтылы төлеп, партия өмірінде болып жатқан жаңалықтармен қамтылып отыруымыз керек. Бұл өз кезегінде партиялық тәртіп пен жауапкершілікті көрсетеді», – деді баяндамашы. Одан кейін жарыссөзге облыс бойынша тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары Ермек Қарабаев, Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Кенжебек Олжабай, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек шығып, өз ойларын ортаға салды.
Жиында қорытынды сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бүгінге дейін облыс бойынша 357 бастауыш ұйымда есеп беру-сайлау жиналыстары өткенін, оған қырық мыңнан астам мүше қатысқандығын және алда партияның облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының есеп беру-сайлау конференциялары тұрғандығын, бұл маңызы зор саяси науқан екендігін атап айтты.
– Cыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «Нұр Отан» партиясы алғы шепте келе жатыр. Көптеген алдын алу шаралары мен акциялар өткізілуде. Орын алған кемшіліктер қоғамдық кеңес отырыстарында қаралып, тиісті ұсыныстар жасалуда. Бірақ, партия мүшелерінің осындай қоғамға жат әрекеттерге баруы – «Нұр Отан» партиясы мен мемлекеттік қызметші деген абыройлы атаққа дақ түсіріп отырғандығы жасырын емес. Осындай келеңсіз әрекеттері үшін есепті кезеңде облыс бойынша 115 адам партия қатарынан шығарылды. Әрине, бұл қуантарлық жағдай емес. Біздің бастауыш партия ұйымында 136 партия мүшесі бар. Олардың арасында жастардың да үлесі баршылық. Ал осы бастауыш партия ұйымында бүгінге дейін партияның «Жас Отан» жастар қанатының бөлімшесі құрылмаған. Неге? Партияның келешегі осы жастардың қолында емес пе? Сондықтан, осы мәселеге көңіл аудару керек. Тағы бір мәселе. Партияның «Өзіңнен баста» акциясы аясында бастауыш партия ұйымының көптеген мүшелері өз табыстары жайлы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына ақпарат берген жоқ. Бұл қалай? «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы барлық мемлекеттік қызметте жүрген жауапты тұлғалардан – ашықтық пен жариялықты талап етіп отырғанда біздің бастауыш партия ұйымының мүшелері мұндай саясатты неге айналып өтуі тиіс?! Ал баспасөз біздің қызметіміз бен атқарған ісімізді көпшілікке көрсететін, жұртқа жеткізетін саяси құрал. Сондықтан, алдағы уақытта облыс әкімінің баспасөз қызметімен бірлесе отырып, бұл жұмысты белсенді түрде қолға алу керек, – деген Кәрім Нәсбекұлы бастауыш партия ұйымының соңғы екі жылда атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, бірқатар міндеттерді де белгілеп көрсетті. Жиын барысында бастауыш партия ұйымы бюросының мүшелері мен Тараз қалалық филиалының ХIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Партия қатарына қосылуға ниет білдірген азаматтардың өтініші қанағаттандырылды. Тиісті шешімдер қабылданды.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».