- Advertisement -

Досымжан Таңатаров, әнші: «Бүркіт жоғары қалықтаған сайын қасына ілескен қарғаның тынысы тарылады…»

362

- Advertisement -

Өнер дейтін өлкеге бала жастан келіп, тамылжыта шырқаған әнімен талайды тамсандырған әншілер туралы сөз қозғасақ, Жамбыл жерінің тумасы Досымжан Таңатаров бірден еске түседі. Оның «Шұбар ат», «Тау ішінде», «Біздің елдің жігіттері» сынды көптеген әні елдің жадында жатталып қалған. Өйткені Досымжанның халық әндері мен термелерді шебер орындайтын қасиеті барын жұрт жақсы біледі. Жуырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Досымжан Таңатаровпен жүздескенімізде әншінің шығармашылығы және әншілік өнер жайында аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Досымжан мырза, бейнелеу өнері, шешендік өнер, сөз өнері секілді, әншілікті саз өнерінің бір тармағы деп білеміз. Үлкен сахнада жүрген аға-әпкелер сұхбаттарында өнерді өмір деп танып, бала кезден ән айтуға әуес болғанын айтады. Сіз де мектеп сахнасында, құрбы-құрдастардың ортасында ән шырқап, әуелі ауылдастардың батасын алған шығарсыз.

– Әрине, ес білгелі ән айтып, өнерге ынтық болдық. Малды ауылда еңбекке араласа жүріп, шырқаған әніңді қалай ұмытасың? Әлі есімде, мектепке барған жылы қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Теміржан Базарбаев ағамыздың «Тамаша той-думанмен таң атырса» деп басталатын әнді орындадым. Міне, содан бері өткенді еске алсам болғаны әнге аңсары ауған 6 жасар бүлдіршіннің жаңа жылдық кеште домбыраның пернелеріне қолы жетпей қипақтаған сұлбасы еске түсе береді. Өмір-ай десеңші, әне-міне дегенше сол аралықтан бері арада 40 жылға жуық уақыт өте шығыпты. Демек, үлкен сахнаның баспалдағынан аттағаныма да 25 жылға жуықтапты. Біз Кеңес Үкіметін көрдік. Сол сары ауыз балапан кезден-ақ шағын сары автобуспен ауыл араласақ, жайлауға, қойшы ауылдарға жиі баратынбыз. Әсіресе, қой қырқатын мезгілде, егінге орақ түскенде шаруаның басында талай ән шырқадық. Ел-жер көре жүріп, орындаған әрбір әнім мен үшін үлкен олжа саналды. Қазір де сол ойымнан айныған жоқпын. Сонда бізді ілестіріп жүрген ауылдағы клубтың басшылығына, жалпы ауылдастарға алғысым шексіз. Әнші ағаларға еліктеп, сол кісілерден қалмай жүріп ән шырқадық. Балалық шақтан тағы бір оқиға есіме түсіп тұрғаны. Жаңылмасам, 1991 жылы болса керек, біздің Карл Маркс колхозына тележурналистер келіп, ауыл тіршілігі туралы бағдарлама дайындапты. Өкінішке қарай, мен соған бара алмай қалдым. Не үшін қалғаным есте жоқ, бірақ ойын баласы болған соң әлденені қызықтап, соның соңында жүрдім бе, нақты есте қалмады. Дегенмен менің сол кешке бармағанымды да ұйымдастырушылар елеп-ескеріп, «біздің үмітімізді ақтап, жолымызды жалғап келе жатқан Досымжан Таңатаров деген әнші бала өсіп келе жатыр» деп айтыпты. Қазір ойланып қарасам, менің өнерлі болатынымды ауылдағы ағайындар менен бұрын біліп, батасын беріп қойған екен. Сол бағдарламаның тарихта қалатынын білмегенім ғой сонда. Қазір өткенге көз салсам, әншілік жолдың барлық сатысынан өтіппін. Мектепте әнші балапан атандық. 1995 жылы хакім Абайдың 150 жылдығына орай Абай жерінде, Жидебай елінде қазақтың бас ақынының ән-жырын апта бойы насихаттап қайттық. Манастың 1000 жылдығына да Жамбылдан барған өнерпаздардың қатарында болдым. Осылайша, тұсауымды кескен туған ауылда «әнші бала» атанғанымыз бар.

– Студенттік жылдардан кейін қызметте де бағыңыз жанып, Президент оркестрінде еңбек еткеніңізді ел біледі.

– Иә, мамандығым басқа болғанымен, алға қойған мақсатымнан танбай, осы салада жүргеніме ең бірінші ата-анам, одан кейін өнерімді бағалап, батасын берген ауылдағы ағайын себепкер болды десем, жаңсақ айтқаным емес. Жамбыл технологиялық университетін тәмамдаған соң облыстық филармонияда 4 ай жұмыс істедім. 2000 жылы Президент оркестріне бардым. Әскери мемлекеттік қызметте 20 жыл еңбек етіппін. Шүкір, үш жыл бұрын майор шенімен зейнетке шықтым. Онда әуелі шартты түрде әнші, әскери әнші болдым. Кейін мемлекеттік қызметке өтіп, сол жылдары ел атынан Қытай, Ресей, Біріккен араб әмірлігі, Европа, АҚШ-та да ән шырқадым. Президент оркестрінде әнші, жетекші әнші, бас солист, соңғы жарты жылда Президенттік оркестрдің көркемдік жетекшісі атандым. Сол қызметтен кейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлының ұсынысымен Елордадағы жастар театрына директордың шығармашылық жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, қазір де сонда жемісті еңбек етіп келемін. Елордаға қоныс аударғанымызға 22 жылға жуықтады. Қалай десек те, өнердегі жетістігімізге, асқан асуымызға қарасақ, ең әуелі белімізді буып, бәйгеге қосатын аттай баптаған Әулиеата топырағы, өз жұртым ойға оралады.

– Туған жердің топырағы бәрібір ыстық болады дейсіз ғой.

– Жамбылға жиі келеміз. Әр келгенде арқаны кеңге салып, марқайып қаламыз. Біздің ұл, біздің азаматымыз деп әрдайым жамбылдықтар шақырып жатады. Шақырған жерден біз де барынша қалмауға тырысамыз. Әрі өңірдегі түрлі жаңалықтарға да бейжай қарай алмаймыз. Өйткені көршің жаман десе намыстанатын қазақпыз. «Ер туған жеріне» деген сөзден аттап кете алмаймыз. Бұл менің жершілдігім, бөлінгенім емес, туған жерде балалық шағымның нағыз қызған шағы өткен соң, өлкенің тұмса табиғаты, көз тартатын мәдени ескерткіштері мен үшін қымбат. Өңірден жақсы хабар естісек болғаны абыройымыз асқақтап, бір желпініп алатын қасиетіміз де туған жерге деген махаббаттан шығар. Әке-шешеден 4 ұл, 3 қызбыз. Мен сол үйдің кенжесімін. Үлкен ағамыз қалада болса, кейінгі ағаларым ауылда, қара шаңырақта. Әкеміз де сол үлкен үйде. Той-жиындарда туған-туыстармен қара шаңырақта бас қосамыз. Ауылға барған сайын тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдастарымызбен жүздесу де дағдыға айналған. Қалт етсе, ауылға, елге баруға асығамыз. Оны ауылдың үлкен-кішісінен сұрасаңыз айтып береді.

– Өмірде әр нәрсенің жөн-жосығы, орны, құны болады дейміз. Қалай ойлайсыз, осы біз кейінгі кездері жеңіл әндерді тыңдаймыз деп, өнердің құнын түсіріп алмадық па?

– Заманына қарай адамы ғой. Бірақ заманды да адам жасайды. Кейінгі жастардың ішінде талайды талантымен тамсандырған жезтаңдай әнші ұл-қыздарымыз баршылық. Бірақ кейде оларды тыңдарман дұрыс бағаламай жатады. Ақпараттың дамыған заманында елге таңсық нәрселер қызықтырақ көрінеді екен. Өнердегі кейбір інілеріміз де өкінішке қарай үмітімізді ақтай алмай, үлкендердің сөзіне қалып жатыр. Дегенмен «Көш жүре түзелер» дегенге іштей сенеміз. Тәуелсіздік жылдарында өнерге келген ұл-қыздардың арасынан талай мықтылар қара үзіп шықты. Кейінгі інілеріміз де түзелер, түзетерміз. Ол үшін біз жақсы өнерпаздарды насихаттауымыз керек деп ойлаймын. «Бүркіт жоғары қалықтаған сайын қасына ілескен қарғаның тынысы тарылады» деген тәмсіл бар емес пе? Сол секілді талантты әншінің туындысы ғұмырлы болады. Ал өнерге кездейсоқ келген адамның өнері аққан жұлдыздай өте шығады. Оның барлығын уақыт өзі екшейді. Ең бастысы, елдің ықыласы, пейілі жақсыдан ажырамаса, жақсы ән лайықты орнын табады.

– Бірақ қазір жұрттың өнерге, соның ішінде әуезді әнге деген талғамы төмендеп бара жатқан жоқ па?

– Жаңа технологиялардың мүмкіндігі көбейген сайын адамзат та жаңашылдыққа ұмтылуда. Соның ішінде әлеуметтік желінің пайдасымен қатар, зиянын біз біліп қалдық. Ақпараттық дәуірде ел-жұрт әлденеге таңғалудан қалды. Кез келген нәрсенің ең әуелі кемшілігін көретін қасиетіміз тағы бар. Қазір тек әншілер ғана емес, сан саладағы мамандардың жаңсақ ісі елге лезде жетеді. «Жақсысын асырып, жаманын жасыратын» деген сөз бар. Ұлт боламыз десек, бірімізден-біріміз кемшілік термей, керісінше жаңылғанды жолға салып, жөн сілтесек, қанеки? Ол үшін әуелі әлеуметтік желіде жақсыны жарнамалап, жүйкеге тиетін ақпараттардан арылуымыз қажет пе деп ойлаймын. Кейбір жастарымыз шетелдік мәдениеттің қаңсығына ұрынып, өнер деген осындай болу керек деп өзгеге еліктеп, төл өнерден іргесін алыс салуда. Осындай жастарға ел болып дұрыс жол нұсқасақ, әлі-ақ қазақ халқына тән туындылардың озығы дүниеге келеді. Өйткені жастар артиллерия сияқты ғой. Бәлкім егемендіктің алғашқы жылдары ел болып еңсе тіктей бастағанда жастарға дұрыс тәрбие бере алмадық па? Көп ата-ана құлынын жеткіземін деп тәрбиеге көңіл бөле алмай қалды ма? Бұл да бір өткінші кезең деп қабылдасақ, бәлкім кейінгі отызжылдықта еркін, ешкімге бас имеген жаңа толқын бізден де мықтырақ болар. Сондықтан қазіргі кемшіліктердің барлығын жақсыға жориық, жақсы нәрсе болады деп сенейік.

– «Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» деген. Ал қазір жанын жеп ән айтпаса да ел алдында абыройлы әнші болып жүргендер бар емес пе?

– Жаңылмасам, 2015 жылдан бері ел-жұрт әншілер жанды дауыста ән айту керек деген талабын үдете бастады. Мен әу баста-ақ талап-пікірлерді орынды санап, қолдағанмын. Мысалы, мен сол жылы Президент оркестрінің толық құрамды оркестрімен еліміздің орталық концерт залында жанды дауыста концерт өткіздім. Онда біздің бар ниетіміз – әншілерді жанды дауыста ән шырқауға шақыру болды. Қазір де концерттерде жанды дауыста ән шырқап жүрміз. Аңғарсаңыздар, соңғы жылдары жастар арасында жанды дауыста ән салу үрдісі қалыптасып келеді. Өйткені халықтың талғамы да өзгеруде. Тыңдарман қандай әнді жақсы қабылдаса, өнерпаздар сол әннің төңірегінен алыстамайды. Бүгінде 2000 жылдардағы әндерді жаңартып, қайта түлеткен жастар туындыларын ұлттық аспапта орындап жатқаны қуантады. Демек, осындай әндер халыққа өтімдірек. Тыңдарман нені қаласа, өнерпаздар да соның ығымен жүруге тырысады. Біз бұған қуанамыз. Әншілер осы үрдіспен жаңашылдыққа ұмтылса, ән өнерінде әлі талай жаңалыққа куә боламыз деп ойлаймын.

– Өнер жайында көкейге түйгеніңіз көп екен. Олай болса, ізіңізден ерген шәкірттеріңіз де аз емес шығар?

– Өнерде бір жылдары алдыңғы аға буынның ізінен ерген замандастарымыздың өзі бүгінде шәкірт тәрбиелеп, білгенін үйретіп жүр. Ойланып қарасам, жұмыс бабымен жүріп шәкірт тәрбиелеуге де аса көңіл бөлмеппін. Бәлкім, ол кезеңге әлі жете қоймадық немесе өткізіп алдық па, кім білсін? Дегенмен сахнада өнердегі ұстазым деп жүрген іні-қарындастарымыз баршылық. Оны мен айтпай-ақ өздері ұстаз тұтып жүр. Мысалы, Тараздан шыққан «Жігер» тобының мүшелері мектеп жасында бізден сабақ алды. Үш жігітке домбырамен ән айтуды қажетінше үйреттім десем де болады. Қазір олар өздерінің әуелдегі арманынан таймай, елдің алдында ән шырқап жүр. Әрине, олардың басын қосып, топ қылған мен емес. Бірақ оларды сахнаға шығып, жақсы ән табуына көмектесіп, Бауыржан Есебаев сынды композитордың қасына қосқанымызбен, ұстаз бола қояйын деген ой мазалаған емес. Өнерде бізді ұстаз тұтып жүрген іні-қарындастарымыздың елге танылып, тыңдарман лайықты бағасын беріп жатса, біз де қуанамыз.

– Өнер жұлдыздарының ішінде шоқтығы биік әншілер де кейде мағынасыз әндерді елге ұсынып жатады. Бұған не дер едіңіз?

– Жоғарыда әншілер тыңдарманның талғамына да қарайды, соған сай ән таңдауға тырысады дедік. Сол үшін де кейбір эстрада әншілері жаңа ырғаққа ілесеміз деп жаңашылдықтан қалмауға тырысады. Кейін сол ырғақты дұрыс екен деп репертуар таңдауда жаңылады. Біз де бірден әнші болып қалыптаспадық қой. Ән таңдауда жаңылған кезеңдерден өттік, пістік. Яғни ішінара эстрада әншілері жастардың талғамындағы әндерді шырқағысы келеді. Оған кеюдің қажеті жоқ, өйткені эстрада әншілері айналып келгенде өзінің темірқазығын табады. Себебі Абайша айтсақ, «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» әндердің ғұмыры ұзақ болады. Оны әншілер де, жағымды әннің тыңдаушысы да жақсы біледі. Өнер ұлтпен бірге жасап, салт-дәстүрмен үндеседі. Әншілік өнер де соның үлкен бір тармағы. Өнерде жүрген азаматтың ұлттық өнердің құнын төмендетуге, оған қиянат жасауға еш құқы жоқ. Өнер жолын таңдаған соң, құлақтың құрышын қандыратын, мағыналы да мәнді әндерді дүниеге әкелуге күш салу қажет. Ата-бабаларымыз ежелден төл тарихын ауыз әдебиеті арқылы кейінгіге қалдырған. Демек, өнер – ұлттың тарихы, мұрасы. Өнер ұлтпен бірге жасайды!

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support