Мерейдің мерейі үстем болды

28

Болгарияның астанасы София қаласында еркін күрестен U20 өткен әлем чемпионатында 57 килограмм салмақта жерлесіміз Мерей Базарбаев күміс жүлдегер атанды. Айта кетерлігі, өткен шілде айында Бахрейн мемлекетінің Манама қаласында өткен еркін күрестен U20 Азия чемпионатында №22 БМЖСМ-нің түлегі Мерей Базарбаев жүлделі 1-орынға ие болып, Қазақстан туын жоғары көтерген болатын. Жарыстың жартылай финалында Украинаның спортшысы Георгий Казанжийден басым түскен Мерей алтын жүлде үшін таласта америкалық балуан Йорке Рассел Волкке ұпай санымен жол берді.

Балуан жігітті туыстары мен жерлестері Қырғыз елінің Бішкек қаласындағы «Манас» әуежайынан қарсы алды. Барша меркіліктердің сәлемін аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айваз Османов жеткізді.

Салтанатты жиын кезінде сөз алған ауылдың қариясы Жоран Аляхунов Мерей балуанға ақ батасын берсе, еңбек ардагерлері Серік Құралбаев пен Олжабек Қосубаев Мерейдің атасы Базарбай ақсақалдың кезінде жауырыны жер иіскемеген күш иесі болғанын еске алды. Ал ауданымыздың белгілі азаматы Мейірхан Өмірбеков еліміздің, оның ішінде, мерейлі Меркінің мәртебесін үстем еткен Мерей баламыздың жеңісі алда келе жатқан Олимпиада ойындарында алтынмен апталуына сенім артты. Балуанның бұл жеңісі, әрине, жаттықтырушыларының ерен еңбегінің арқасы екенін алға тартқан Мейірхан Азатұлы спортшыға сәттілік тіледі.

 

Әлихан НҰРАЛИЕВ,

журналист.

Меркі ауданы.

Comments are closed.