- Advertisement -

Әскерге барар алдында (Деректі әңгімеден үзінді)

48

- Advertisement -

…Сол күнгі кешкі астың қамына бола жайылған дастарқанның басында тоқайласқан жандардың назары пәс, азын-аулақ бұйырған дәмге тәбеттері тартпай отырды. Үлкен-кіші деп бөліп жатпай-ақ қоялық, қалай екенін кім білсін, бәрінің жүздерінен бір түрлі үрейдің табы сезілгендей. Осы шаңырақтың отағасы Шәкірден басқасы алдарына келген шайдан бір-екі кеседен ғана ауыз тиіп, шеттеп-шеттеп шыға берді.

Шаңырақ иесі соншама тандыры кеуіп қалғандай қара шайды сыздықтата сораптап, үн-түнсіз отыр. Бұл кісі өмірде кездесіп жататын қандай қиналысты сәттерде де ұнжырғасын түсірмей, ұзын да еңселі бойын тік ұстаған қалпынан бір танбайтын. Бүгін ойда жоқ жерде сол дағдысынан жаңылғандай, екі иығы еңкіш тартып, қайратты белі де бүгіле түскендей. Көкшілдеу келген жанарынан оқта-текте әлдеқалай ашу мен ызаның ұшқыны жарқ-жұрқ білініп, маңайындағыларды бұрынғыдан да мазасыздандырып, дегбірін қашыра түсетіндей. Қалай дегенде, Шәкеңнің осы бір сәттегі ішкі жандүниесіндегі күйзеліс пен арпалыстың жөні бөлек, салмағы ауыр еді. Осындай көп көңілдерді күпті еткен алмағайып тұстың бір қаға берісінде:
– Шал-ау, шай суып барады, шайнекті отқа қояйын ба? – деп еді Әнипа. Шалының жауабы қысқа, шорт- шорт шықты.
– Жоқ, болдым. Қара суды қашанғы сораптай берейін. Бұл, шіркін, ең болмаса көңіл аулауға да жарар деймісің?..
– Көке, нені айтып отырсыз? –деді Сәду. Сәду біресе әкесіне, біресе шешесіне жалтақ-жалтақ қарады. Осындай іштей күйзелістер үстінде әкелі-балалы жандардың жанарлары бір сәт түйісіп қалып, отағасы назарын басқа жаққа аударып әкетіп еді. Бұрындары жер қозғалса қозғалмастай көрінетін әкесінің мұнысы несі? Бозбала Сәдудің де жүрегі қобалжуға айналды.

Осы кезге дейін қабағына қылау түсіріп көрмеген ата-анасының мұнысы қалай болғаны? Көздерінің ағы мен қарасындай көретін жалғыз ұлдарын қатардан қалуға қалай қияды? Бұл Сәдудің үш ұйықтаса ойына оралмақ түгілі, қаперіне кірмеген нәрсесі. Бозбала жігітті осындай ойлар мазалап, санасын сан саққа жүгірткенімен, әуелгі шешім, әуелгі байламынан қайта алмады.
– Көке, балалық жасап, артық айтсам кешіріңіз. Сегіз айдан бері еліміздің бір жағын өртке тұншықтырып жатқан соғыс қабырғама қатты батып жүр. Шәкір әке сонда барып тілге келіп еді.
– Е, балам, бәрін сезіп те жүрмін, қазір естіп те отырмын. Бірақ, әр нәрсенің кезі, қисыны болмай ма екен? Сенің шақыру қағазын алмай жатып, майданға өз бетіңмен кете беремін дегенің қалай болмақ? Мен соған түсінбеймін.
– Ой, әке-ай, бір жапырақ қағазда тұрған не бар? Соны күтіп отыра берсек, жаланған жау не тамтығымызды қояды?
– Шырағым, бала дейін десем, бала емессің. Ол жақта той болып жатыр дейсің бе? Соғыстың аты-соғыс. Өмір мен өлім бетпе-бет келіп жатыр. Ең болмаса қабырғаңды қатайтып барып аттанбайсың ба? Сонан кейін алдыңда ағаң, не артыңда інің тұрса…

Онда әкең екеуміздің етегіміз жасқа толмас еді ғой. Қабырғасы қатпаған жалғыз тұяқты қалай қиямыз? Адуынды ана омыраулап, тебірене сөйледі. Бірақ бала қанша айтқанмен ананың алдында батылдау, еркіндеу келеді емес пе?
– Ой, апа-ай, мына Күләшай мен Мейрамкүлдер тұрғанда мен қалай жалғыз болам? Бұл екеуі менің қос қанатым емес пе? Тұлымшақтары желбіреген екі қыз өздерінің аттары аталғанда біріне-бірі қарап, өздерінше масайрап қалған еді.

Шәкір мен Әнипа әлі күнге дейін аузынан ана сүті кетпегендей көрінетін Сәдуден мұндай сөз күтпеген-ді. Бұл уақыттан жүйрік, уақыттан шапшаң еш нәрсе жоқ екен ғой. Кеше ғана ақ таяқты ат қып мініп, көшенің борпылдақ топырағының шаңын шығарып, асыр салып ойнағаннан басқа еш нәрсемен ісі жоқ Сәду емес пе еді бұл? Соның бәрі бір-ақ күнде көзден ғайып болып, бозбаланың «майданға аттанамын, жарақты жаумен айқасамын» деп құлшынып шыға келгенін қарамайсың ба? Ата мен ана бұл жағын ойлап, тәубеге келетін болса, балаларының ер жетіп, демнің арасында есейіп шыға келгенінен артық қуаныш бар ма? Соғыс деген бәле әлгінде Сәду айтқан аз уақыттың ішінде қаншама жас азаматтың өмірін қиып, ауыл-аймақты, туған-туысты күңірентіп кетті. Ойға осы жағы оралғанда ата мен ана іштей үн-түнсіз қан жұтып, жандарын қоярға жер таппай шыға келгендей еді. Бұған жалғас екеуінің де жандүниесін «осыларды көре, біле отыра шақыру қағазы, мерзімі келмей жатып мұның сонша желіккені несі, әлде қан тартып тұрғаннан сау ма?» деген күдік жегідей жеп бара жатқандай.

Қанша іштей қажып, қалжырағанымен, әке енді бір сәт қажыр-қайратын жинап алғандай болды.
– Балам, әлі де ойланып көр. Кешікпей саған да пешенеңе жазылған шақыру қағазы келіп қалар.
– Көке, оған неге сонша мазасыздана бересіз. Майданға өзі сұранып кетіп жатқан азаматтар аз ба? Және бұл ойымды Жартыбай көкеме де айтқанмын. Ол кісі Ақкөлге дейін шығарып саламын деп отыр, – деп Сәду бұрынғысынан да батылдана сөйледі. Осы кезде Шәкең «бәрін бүлдіріп, мұның қолтығына су бүркіп жүрген сен екенсің ғой» дегендей інісіне ала көзімен ата қарап еді. Үлкен кісінің қабағы тіпті қатулана түсіп, жазықсыз Жартыбайды үн-түнсіз-ақ түтіп жібере жаздап отырды. Бұл көрініс ағадан гөрі Сәдуге қатты батып бара жатты. Ең болмаса сөзбен араша түсуге ұмтылды.

– Көке, сіздер Жартыбай көкемді жазғыра көрмеңіздер. Бұл кісі де өз кезегіңді күтсеңші, жөнсіз қайда асыға бересің деп қиылып та айтты, қиналып та айтты. Бірақ мен де азамат емеспін бе? Олай болса, сол азаматтық борышымды елден қалмай неге өтемеске?

Сәдудің алған бетінен қайтпасына үй-ішінің, ата-анасының көзі жетті.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

журналист.
Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support