Экономика

Қала келбеті: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

Қала келбеті: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

Бас жоспарда бәрі дұрыс...

О бастан облыстың әкімшілік орталығы болып белгіленген Тараз шаһарының бүгінгі мен келешек келбеті қандай болмақ және қандай болуы керек? Көшелері мен ғимараттары қандай сәулеттік үлгімен ерекшеленгені жөн? Ал, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұрап кезекте тұрған 53 мыңға жуық тараздықтың өтініші қалай және қашан орындалады? Міне, Тараз қаласының бас жоспарына қатысты осы сұрақтар мен Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының болашағы жайлы мәселелер жуырда ғана аталған кеңестің күн тәртібіне қойылды. Кеңес төрағасы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев алдымен өткен жылы облыстық мәслихаттың шешімімен осы кеңес құрамының бекітілгенін және биылғы наурыз айында кеңес құрамының жаңартылғанын айтып өтті. Екінші мәрте өткізіліп отырған отырысқа облыс әкімдігінің бірқатар басқармалары мен аумақтық департамент басшылары, Тараз қаласы және Талас ауданы әкімі мен бөлім басшылары, жобалаушы мекеме өкілдерінен құралған кеңес мүшелері қатысты. Олар алдымен облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметов пен Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровті тыңдады. Алғашқы хабарламаға қысқаша тоқталатын болсақ, Е.Ахметов 2010 жылы Үкімет қаулысымен Тараз қаласының бас жоспары бекітілгенін және осы қаулы негізінде көршілес Жамбыл және Байзақ аудандары аумағынан облыс орталығына қосымша жер телімдері беріліп, нәтижесінде қала аумағы 5953,75 гектарға ұлғайғанын айтып өтті. Дегенмен, бұл цифр тек бас жоспардағы көрсеткішімен ғана көңіл көншіткенімен іс жүзінде олай болмай шықты. Хабарламадан сөзбе сөз үзінді келтірсек: – Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес 2012 жылы облыстық бюджеттен трансферттер арқылы Тараз қаласы әкімдігіне қаржы бөлініп, оған қаланың оңтүстік батыс бөлігінде орналасқан «Арай», «Шалғай Қарасу», «Құмшағал» және Асқаров көшесі соңындағы алқаптарға қаражат бөлінген. 2013 жылы «Хамукат», «Қарасай», автобекет маңындағы, Сүлейменов көшесі соңындағы Орталық базар, «Арай» алқаптарындағы тұрғын аудандарының құрылыс жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлары толығымен дайындалып, 2014 жылы бекітілген. Алайда, тұрғын алқаптарының жер телімдері мемлекеттің меншігіне толық көлемде қайтарылып алынбаған, – дей келе басқарма басшысы аталған алқаптардың қайсысында қанша гектар жер әлі жеке шаруашылықтардың иелігінде қалып отырғанын нақты тізіп берді. Бұл жағдай алқаптарда инфрақұрылымдық жұмыстарды жүргізуге кедергісін келтіріп жатқандығын да жасырмады. Осылайша, үлкен еңбекпен, қыруар қаражатпен қабылданған қаланың бас жоспарындағы жобалардың жүзеге асуы әзірге кешеуілдеп келеді. Қалай десек те, қала бюджетінен және қосымша трансферттер есебінен бұл бағытта қолға алынып жатқан жұмыстар баршылық. Оның үстіне жаңа бас жоспардың толық жүзеге асуына әлі бірнеше жыл бар. Ал, Тараз қаласы әкімі Н.Календеров Тараз қаласының жаңа бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысымен бекітілгенін және бұған дейін Тараз қаласының ескі бас жоспары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 24 шілдедегі № 322 қаулысымен қабылданғанын айтып өтті. Әрі қабылданған жаңа бас жоспар аясында алғашқы мәселе ретінде тұрғын үй құрылысына жіті назар аударылып отырғанына да тоқталды. – 2011-2012 жылдары 45 миллион теңгеге Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектар тұрғын ауданына, 250 гектарлық «Көлтоған» тұрғын ауданына, 369 гектарлық «Құмшағал» және «Шалғай Қарасу» тұрғын ауданы және «Арай» алқабындағы 35 гектар тұрғын аудандарына егжей-тегжейлі жоспар дайындалды, – деді қала әкімі. Одан бөлек ол облыс орталығының балабақша, мектеп, емхана сынды болашақ әлеуметтік нысандары жайлы да тарқатып айтып берді. – 2013 жылға Тараз қаласы аумағында 156,626 миллион теңгеге «Қарасай» алқабындағы 126,6 гектар, «Хамукат» алқабындағы 125 гектар, автобекет маңындағы 100 және 539 гектар, «Арай» алқабындағы 14 гектар, Сүлейменов көшесінің соңындағы 362,2 гектар және Орталық аумақтағы 201 гектар жер телімдеріне геологиялық және геодезиялық ізденіс жұмыстары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары дайындалды. Оның ішінде 121,176 миллион теңге облыстық бюджеттен, 35,45 миллион теңге қалалық бюджеттен бөлінді. Осы аталған тұрғын алқаптарда жалпы 3033-ке жуық жеке меншік тұрғын үй, 237 көпқабатты тұрғын үй, соның ішінде жалпы 25296 пәтерлік 149 бес қабатты тұрғын үй, 88 тоғыз қабатты тұрғын үй, 23 балабақша, 10 орта мектеп, 5 емхана, балаларды бейімдеу орталығы, онкологиялық диспансер, мектепаралық оқу-әдістемелік комбинаты және басқа да қоғамдық-әлеуметтік нысандар жоспарланған, – деді хабарлама барысында қала әкімі Н.Календеров. Осы аталған негізгі нысандардан бөлек алқаптарда перинатальдық орталықтың, футболмен шұғылдануға бейімделген спорт мектебі мен ішінде спорт залдар мен спорттық-сауықтыру кешенінің, құрамында би залдары, клубтар, қалалық кітапхана және кинотеатр қарастырылған демалыс орталығының, тұрмыстық қызмет көрсету нүктелері, мешіт құрылысының, байланыс, банк филиалдарының бөлімшелері орналасқан сауда-ойын сауық кешенінің, бизнес орталығының құрылысы мен мыңдаған автокөлікке арналған көпқабатты паркинг нысандарының құрылысы және басқа да қоғамдық, әлеуметтік-мәдени нысандар жоспарланыпты. Бір сөзбен айтқанда Тараздың болашағы үшін жүзеге асуы тиіс жоспар көп. Оның үстіне Таразға әлі 22 мыңдай гектар жер керектігі де белгілі болып отыр.

Көшедегі көлік кептелісі қашан сейіледі?

Сондай-ақ, Е.Ахметов облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Тараздың бас жоспарына сәйкес қалада Жамбыл даңғылында – 8, Абай даңғылында – 4, Төле би көшесінде 4 жолайрықтарын салу жоспарланғанын атап өтті. Осының нәтижесінде қаладағы ескі нысандардың тарихи келбетін сақтай отырып, жаңарту, сонымен қатар қазіргі заманғы сәулеттің алдыңғы үлгідегі санитарлық нормаларына байланысты негізгі көшелерді кеңейту жұмыстары пысықталып, қала ішіндегі көлік қозғалысы қарқынының артуына байланысты жолайрықтар салынатын орындар белгіленіп қойыпты. – Қазіргі таңда көлік кептелісін азайту мақсатында бірнеше кезеңде Абай даңғылы мен Төле би көшелері қиылысындағы жолайрығының эскиз-жобасына 2013 жылы Тараз қаласы әкімдігіне қалалық бюджет есебінен қаржы бөлу туралы ұсыныс жасалған болатын. Тараз қаласы әкімінің тарапынан қаланың бас жоспарын түзету үшін жобалау жұмыстарына облыстық бюджет есебінен қаржы қарастыру облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына тапсырыс берілген, – деді бұл мәселеге қатысты Е.Ахметов. Хабарламаларды мұқият тыңдаған облыс әкімі бұл жобаларға өзінің жоғары бағасын беріп, бірқатар проблемаларды қозғады. Алдымен, аймақ басшысы саяжай алқаптарының инфрақұрылым жұмыстарын реттеп алуды алға тартты. Ал, қалада күн санап көліктердің көбейіп жатқаны жүргізушілерді де, жүргіншілерді де тығырыққа тірей бастағаны белгілі. Кейбір көшелердің тарлығы өз алдына бір әңгіме. Автотұрақтардың аздығы да алқымнан алып келеді. Облыс басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, 2009 жылдардан бергі уақытты алатын болсақ, Тараздағы көліктер саны екі есеге өсіп отыр екен. 2009 жылы көліктер саны 109 мың болса, бүгінде ол 220-230 мыңға жетіп отыр. Бір адамға бір көліктен келетін жағдайға жетіп қалыппыз. Міне, осы түйткілді көтерген Кәрім Нәсбекұлы қала әкімінен жолайрықтардың егжей-тегжейлі жұмыстарына қала бюджетінен қанша қаржы қарастырылғанын сұрады. – Тараздың Төле би, Абай және Жамбыл көшелеріне егжей-тегжейлі жоспар жасауды көздеп отырмыз. Ол үшін бізге 200 миллион теңге қаржы керек, – деді Н.Календеров. Сондай-ақ, ірі мегаполистерде кеңінен қолға алына бастаған жерасты паркингтерінің қажеттілігі бізде де сезіліп келеді. Бұл жөнінде қала әкімі Н. Календеров көпшілік-мәдени, сауда-саттық нысандары құрылысына рұқсат алуға келген азаматтарға бірінші кезекте осы мәселені төтесінен қойып отырғандарын жеткізді. Атап айтсақ, «Тараз мол», «Шангрила» сынды қалада құрылысы жүріп жатқан бірқатар ірі сауда, мәдени-көпшілік кешендердің астында автотұрақ қарастырылғанын баяндады. Қысқасы, қала көшелеріндегі жолайрықтар сынды мегажобалардың қашан және қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз күйде қалып отыр. Себебі, қажетті қаржы көлемі белгіленгенімен көзі табылған жоқ. Жолайрықтардың егжей-тегжейлі жұмыстарына 200 миллион теңге сұралып отырса, оны жобалау, құрылысын жүргізуге одан да көп кететіні айдан анық. Сондықтан, облыс әкімінің тікелей бақылауындағы бұл мәселе де өз уақытында шешімін табатынына күмәніміз жоқ. Бірақ, қаладағы қат-қабат қарбалас тірліктің күре тамырына айналған жолдардың қаптаған көлік есебінен тарылып келе жатқаны ақиқат.

Қаратау қаласына қамқорлық керек

Бас жоспары 1980 жылы жасалған Қаратау қаласында 1990 жылға дейін 45 мыңдай халық тұрған екен. Бас жоспар қаланың ұлғаюына жобаланып жасалғанымен кейінірек келген тоқырау салдарынан бұл қалада 60 тұрғын үй босап қалған. Тұрғындарының басқа жақтарға көшіп кетуімен қоймай, бірнеше көшелердегі тұрғын үйлер бұзылуға ұшыраған. Сөйтіп, тұрғындардың саны 26 мыңға бірақ түскен. Аудан әкімі Болат Рысмендиевтің хабарламасына сүйенсек қазір қала ішіндегі жол жүйесі 86 шақырымды құрап отыр. Тұрғын үй қорында 136 шағын және көпқабатты тұрғын үйлер бар. Былтырғы дауылдан кейін қаладағы көптеген үйлердің шатырлары жөнделіп, жаңартылған. Ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен 120 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй сатып алыныпты. Оның инфрақұрылым жұмыстары да қолға алынған. Одан бөлек 6 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіріп, жаңарту мақсатында да жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Ал, моноқалаларды дамытуға бағытталған республикалық бағдарлама аясында мұнда апатты күйдегі 18 көпқабатты тұрғын үй бөлшектеніп, бұзылған. Биыл бос тұрған тағы 27 тұрғын үйдің техникалық жағдайын анықтауға қаржы бөлініпті. Қала инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандары бойынша ақпарат беріп өткен аудан басшысын тыңдап болған соң Кәрім Нәсбекұлы Қаратаудағы қала құрылысы мен сәулетіне байланысты бірқатар ұсыныстарын айтып өтті. Мәселен, қаланың орталық көшелерінің ортасын бөліп тұрған жиек тастарды алып тастап көшені кеңейту мен көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатының сырт келбетін бірыңғайландыруды ұсынды. Кеңесте көтеріліп, кеңінен талқыланған мәселелер төңірегіндегі сол ұсыныстары бойынша облыс әкімі орынбасары мен Тараз қаласы және Талас ауданы әкімдеріне, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».