Жаңалықтар

Кәдесый да табыс көзі

Кәдесый да табыс көзі

Өңірге келетін турист саны жыл санап артып келеді. Бұл ең алдымен ұлттық нақыштағы кәдесыйларға деген сұранысты жоғарылатты. Соның аясында ұлттық қолөнер, зергерлік пен ұсталық өнері қайта даму даңғылына түскені байқалады. Сұраныс болғандықтан да кәсіпкерлер қала қонақтары үшін кәдесый жасауды қолға алған. Осындай іспен «Самғау» жеке кәсіпкерлігі тұрақты айналысып келеді. Жеке кәсіпкер Айдос Бикеевтің айтуынша, ол бұл кәсіппен 2017 жылдан бастап айналысқан.

– Кәдесый өндірісі бізде кенжелеп қалған сала. Ол тек туристер үшін ғана жасалмайды, отандастарымызға да керекті дүниелер бізде көптеп табылады. Айталық, халық көп қызығатын мүсіндер, зергерлік бұйымдар, қыш ыдыстар, тіпті зергерлік қораптар, қаламдар мен дәптерлерге дейін ұлттық нақышта жасап, нарыққа шығарамыз. Бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда кәдесыйларға деген сұраныс артып келеді, бұл жұмыс сапасына қойылатын талапты да жоғарылатып отыр, – дейді Айдос Бикеев. Бүгінгі таңда кәсіпкер өз кәсібін жетілдіру үстінде. Өткен жылы ол өндіріс қарқыны мен көлемін арттыру үшін құрал-жабдық алу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының облыс бойынша филиалына жүгінген. «Толық кеңескеннен кейін несие алуға шешім қабылдадым. Банк өтінішті қарап, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдігімен және пайыздық мөлшерлемені субсидиялаумен несиені мақұлдады. Бұл менің ойымдағы жобаны жүзеге асыруға жол ашты», – дейді кәсіпкер. Қазір оның Тараз қаласында кәдесый дүкені жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде жарнамасы да орналастырылған. Интернет дүкені арқылы да тапсырыс қабылдап, жеткізіп берумен айналысуда. – Қазір ақпарат заманы. Соңғы үлгідегі технологияларды пайдалана отырып, өндіріс көлемін арттырдық. Бізде жүзден аса бұйым, кәдесыйлар, қол сағатымен қатар, күнделікті тұрмыста тұтынатын заттар жасалады. Сапасы да жоғары. Даму қорының қолдауы арқасында ел көлемінде жұмыс істеп, өз өнімімізді республика аумағында насихаттап, таратуға мүмкіндік алдық, – дейді Айдос Бикеев.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.