Әлеумет

Таласта қос жел электр стансасы жұмысын бастады

Таласта қос жел электр стансасы жұмысын бастады

Еліміздің «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бұл мемлекетімізді әлемнің аса дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар үшін негіз қалайды. Осы мақсатта Талас ауданында да әлеуетті жобалар қабылданған.

Атап айтсақ, ауданда «Жасыл» экономиканы құру мақсатында жалпы құны 9 миллиард 222 миллион теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы құны 3 миллиард 735,2 миллион теңгені құрайтын 2 жобаның құрылысы аяқталып, бір жарым жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Оларға жеке тоқталар болсақ, біріншісі «Wind Power city» ЖШС салған жел электр стансасы. Оның құны 1 миллиард 867,6 миллион теңгені құрайды. Стансаның қуаттылығы – 4,5 мегаватт. Бұл жобаны іске асыру үшін «Wind Power city» ЖШС Қызыләуіт ауылдық округі аумағынан 21 гектар жер телімі бөлініп берілген. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровты сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, аталған жоба Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Power city» ЖШС тарапынан ауданға 1 миллиард 910 миллион теңге инвестиция тартылған. Бір жарым жыл бұрын нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, бүгінде станса толық қуатында жұмыс істеуде. Онда 11 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өткен жылы жел электр стансасында 15569 мың киловатт электр қуаты өндіріліп, ауданның экономикасын арттыруға өз үлесін қосқан. – Екінші нысан да Қызыләуіт ауылдық округі аумағында орналасқан. Оған округтен 22 гектар жер телімі бөлінген. Жобалық құны 1 миллиард 867,6 миллион теңгені құрайтын стансаның қуаттылығы да 4,5 мегаватт. Бұл жоба да Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Electricity» ЖШС тарапынан ауданға инвестиция тарту мақсатында 2020 миллион теңге инвестиция тартылған. 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылған нысанда 10 адам жұмыс істейді. Өткен жылы бұл стансада 1500 мың киловатт электр энергиясы өндірілді, – дейді Ауданбек Тауасаров.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Талас ауданы.