- Advertisement -

Тұтынушы талғамынан шыққан өнім

84

- Advertisement -

Жуалы ауданында сүт өңдеу өндірісі жақсы жолға қойылған. Бүгінде оның саны жеті өндіріс ошағына жетіп отыр. Соның бірі – Шақпақата ауылында жұмысын бастаған «Samurai» ЖШС қарауындағы «Хадиша апа» жеке кәсіпкерлігі.

Жұмысын осыдан бір жыл бұрын бастаған шағын цехтың жалпы қуаттылығы 4 тоннаны құрайды. Қазіргі таңда цех тұрғындардан тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдауда. Онда ірімшік, сары май мен ультражоғары термоөңделген табиғи сүт және құрт өнімдері өндірілуде.
Серіктестік директоры Нұрбақыт Тілегеновтің айтуынша, цехтың жылдық қуаттылығы 1500 тоннаны құрайды. Ал тәулігіне цех 4 тонна сүтті өңдеп, дайын өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге 1,5 тонна сүт қабылдап, сүттен шығатын өнімнің 7-8 түрін шығаруда.

– Қазір бұл цехта 5 адам жұмыс істейді. Қондырғылардың денін өзіміз қолдан жасадық. Ол өз тиімділігін көрсетуде. Біз бұл кәсіпті бастамас бұрын нарықты жан- жақты зерделеп барып, қолға алдық. Қазір байқасаңыздар халықтың күнделікті көп тұтынатын өнімінің қатарына сүт өнімдері жатады. Халық талғамынан шығатын, нарықта сұранысқа ие табиғи ірімшік, «Моцарелла» ірімшігін, сары май мен құрт, ультражоғары термоөңделген сүт өнімдерін өндірудеміз. Жұмысты бастағанымызға бір жыл болды. Үлкен нарықта да өзіміздің бағымызды сынап көрдік. Нәтижесі жаман емес, өнімімізді ел көлемінде таратуға мүмкіндік алдық. Қазірдің өзінде бізде өндірілген өнім Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент пен Түркістан және Тараз қалаларында өткерілуде, – дейді ол.

Қазір серіктестік директоры ауыл сыртынан жер телімін алып, кәсіпорнын кеңейту мақсатында өз жобасын Шақпақ ауылдық округі әкімдігіне өткізіп, қорғауда. Округ әкімі Затыбек Пешенов округте кәсіпкерлік нысандардың көптеп ашылуына ынталы. Ол кәсіпкерге округ тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын айтуда.

– Шақпақ ауылдық округінде соңғы бір жыл көлемінде бірқатар кәсіпкерлік нысандар ашылып, жұмыс істеуде. Бізде ағаш тілу, темір өңдеу цехтарымен қатар жеміс-жидек бақтары көбейген. Міне былтырдан бері «Samurai» ЖШС қарауындағы «Хадиша апа» цехы сүт бағытында жұмыс істеп келеді. Оны Еламан Пернешов басқаруда. Қазіргі таңда біздің округ сүт бағытын таңдап, осы бағытта жұмыс істеуде. Ауыл тұрғындарынан жиналған сүттің бір бөлігі өзіміздегі сүт цехында қалса, қалғаны Б.Момышұлы ауылындағы «Бурное сүт компаниясы» мен «СМТС» ЖШС өткерілуде. Сүт бағытының бір тармағы қымыз өндірісі де жақсы жолға қойылған, – дейді округ әкімі.

Кәсіпкердің жобасы әкімдік тарапынан қолдау тауып, оған қажетті жер телімі бөлініпті. Ал цех басшысы Еламан Пернешов жұмысты жандандыруға барынша күш салып жатқанын айтуда.

– Кәсіп бастау оңай емес. Осының барлығы директорымыз Нұрбақыттың жобасы. Өзінің білім және ғылым саласында істегені, шет мемлекеттерге шығып жүргізген зерттеулері өндірісті жолға қоюға септігін тигізуде. Шет мемлекеттен ала алмаған құрал-жабдықтардың кейбірін басшымыздың жоба сызбасымен өзіміз дайындаудамыз. Оған темір дәнекерлеушілер жұмылдырылған. Қазірдің өзінде цехтағы біршама дүние өз қолымыздан шыққан. Ендігі мақсат – өндіріс орнын толық қуатында жұмыс істету. Округтегі мал басының артуы үшін, шаруалар мен жеке тұрғындарға қарайласудамыз. Мақсатымыз шикізат қорын көбейту, – дейді Еламан Пернешов.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support