- Advertisement -

Мәдениеттің әр саласы маңызды

51

- Advertisement -

Жасыратыны жоқ, жайшылықта мәдениет саласының жұмысы күнделікті қазандай қайнап жататынын байқамайды екенбіз. Біз мұны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметі» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында кеңінен аңғардық.

Әуелі БАҚ өкілдері тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясына барды. Дирекция директоры Қуаныш Дәурембеков мекеменің жұмысын, міндетін қысқаша түсіндіріп, оның өңір аумағындағы 3435 тарихи-мәдени ескерткішке қадағалау, бақылау жұмыстарын жүргізіп отырғанын айтты. «2009 жылы облыс аумағында 1176 ғана тарихи-мәдени ескерткіш анықталған еді. Содан бергі тынымсыз зерттеу, анықтау жұмыстарының нәтижесінде ондай құндылықтар саны 3435-ке жетті. Барлық ауданның тарихи ескерткіштерін сипаттайтын жеке-жеке кітаптар жарық көрді.

Оны «Қасиетті Қазақстан» жобасы бойынша Ұлттық музеймен бірлесе отырып жасап шықтық», деді директор. Дирекция басшысы айтып өткендей, мұндай еңбектер Талас өзенінің бойынан табылған ортағасырлық қалалардың, Аса өзенінің бойынан тарихи қазбалардың, Қаратау жоталарынан табылған алғашқы адамның қоныстары, өңірімізде анықталған 80-нен астам үңгілердің қамтылуымен де құнды. Аталған мекеменің бас заңгері Балжан Сыдықалиеваның жұмысы да жеңіл емес. Ол тарихи-ескерткіштерді қорғау және сақтаудағы заңдылықтарды қадағалайды.

«Тарихи маңызы бар ескерткіштерді қорғау бойынша арнайы заң қабылданған. Ескерткіштер халықаралық, республикалық, жергілікті маңызына байланысты үш деңгейге бөлінеді. Ескерткіштерді маңыздылығына қарай тізімге алу немесе тізімнен шығару республикалық комиссия арқылы шешіледі. Археологиялық ескерткіштерді қорғау аумағына терең құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Біз ескерткіштердің зақымданбауын назарда ұстаймыз, оны жергілікті әкімшілік қадағалайды. Жыл басынан бері зақымданған тарихи есткерткіштер жоқ», деді мекеме заңгері. Осындағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеу және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Ілияс Шайбек: «Әлгінде өңірімізде 3435 тарихи ескерткіш бар екенінен хабардар еттік. Оларға біз мониторинг жұмыстарын жүргіземіз.

Мәселен, Жамбыл Жабаевтың 8 ескерткіші заңдастырылып, барлық құжат толтырылды. Заңсыз орнатылатын ескерткіштер де болады. Ол мәселе бойынша да зерттеу жүргізіп, заңсыздықты анықтаймыз», – деді. Мекеменің бас инспекторы Асыл Санатбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында құрылған «Қасиетті Қазақстан» жобасы сәтті жүргізілгенін айтты. Қазіргі таңда 8 ұлттық нысан, 27 жергілікті нысан тізімге алынған. «Қасиетті Қазақстан» жобасымен шыққан сериялық кітаптардың үшінші томына облысымыздан 82 нысан енгізіліпті.

Бұл ретте де аталған мекеме мамандарының белсенді жұмысы байқалады. Археология және ансамбльдермен кешенді жұмыс бөліміндегі жұмыстар да өте ауқымды екеніне көзіміз жетті. Біз де «Ансамбльдермен кешенді жұмыс деген не?» деп сұрап, қызығушылық таныттық. Ескерткіштердің бір үйлесіммен орналасуын солай атайтындарын түсіндірді. Бұл бөлім сырттан жер сұрап келетін ірі компанияларға берілетін көлемді жерде қазба байлық немесе тарихи қалашықтардың орны жоқ па, бар ма соны анықтаумен айналысады екен. Бөлім меңгерушісі Бақытжан Ізтаевтың сөзінен жұмыстары ауқымды екенін аңғардық.

Ғылыми қызметкер Сания Нағашыбекова өзінің Байзақ ауданы бойынша тарихи ескерткіштерге жауапты екенін айта келіп, Түркия еліне зерттеу жұмыстарымен барғанын, Стамбул қаласындағы Сүлеймания кітапханасынан көптеген тарихи құндылықтарды тапқанын айтып өтті.

Қазіргі таңда аудандарды қамтығанда жүзден астам қызметкер еңбек ететін, 91 жылдық тарихы бар облыстық тарихи өлкетану музейінің археологиялық залдарымен экскурсовод Айдана Мекембаева таныстырды. Мұнда да назар аударарлық дүниелер бар. Мәселен, Қордайдан табылған Сақ жауынгерінің дулығасы ТМД елдері бойынша үш жерде ғана бар екен. Өңіріміздегі Жетітөбе деген ауылдан Алтын адам дәуіріндегі обалар табылған. Олардың кең көлемде таралып кетпеуін, алтын әшекейлерінің аздығымен байланыстырды.

Аталған жәдігер аңдық стильде жасалған екен. Сондай-ақ музей қызметкері тас, қола, ерте темір дәуірлерінен белгі беретін жәдігерлерді де таныстырып өтті. 6 ғасырлардан ескерткіш болып қалған Ұмай ана бейнеленген тас 1950 жылдары Билікөлден табылыпты. Сол 8-ғасырларда да аталарымыз түрлі шырағдандар қолданған.

Бақуатты кісілер қола шырағдандарды пайдаланса, шамасы келмегендер мыстан жасалған шырағданға шүкіршілік еткен. Қазекем «Шырағың сөнбесін» деген қасиетті сол кезден-ақ мықтап көңілге түйген тәрізді. Қазақ халқының этнографиялық залындағы Керей мен Жәнібек хан бейнелері, Қозыбасы тауының көркем көрінісі ерекше әсерлі. Ықылас тартқан қобыздың түпнұсқасы, басқа да қобыз түрлері, ұлттық киімдер көздің жауын алады. Киіз үй мен тоғызқұмалақ тақтасы да көзімізге оттай басылды.

Музейдің бас қор сақтаушысы Айша Бегалиева қорда 70 мыңға жуық жәдігер бар екенін, оның 20 мың данасы аудандағы музейлерде екенін айтып өтті. Әсіресе 2014 жылы Шахристанның орны қазылғанда табылған жәдігерлер қордың толығуына ерекше әсер еткен екен.

Келесі кезекте Балнұр Райқұлова басқаратын көркемсурет галлереясына бас сұқтық. Галлерея басшысы мұнда 1600 картина бар екенін айтып өтті. Біз барғанда «Балалар бояу әлемінде» атты қалалық оқушылар байқауы басталып жатты. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Қаспақованы да сол жерден жолықтырдық. Ол кісі балалардың жұмысын бағалауға, бағыт-бағдар беруге келген екен. Галлерея жұмысын кеңінен таныстырған Б.Райқұлова өз сөзінде кезінде Жамбыл жеріне әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің келгенін, ол кісінің Меркі, Талас аудандарының көркем жерлері бойынша сурет-картина салғанына тоқталды. Сондай-ақ ол бұл өңірге неміс суретшісі Леонид Брюммер де ерекше еңбек сіңіргенін, 82 жас жасаған суретші бүкіл сурет мұраларын Жамбыл жерінде қалдырғанын айтып өтті. Қазіргі таңда Брюммер суреттері мен картиналары аталған галлереяның негізгі байлығы болып тұр.

Баспасөз турына қатысушылар Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының жұмысымен де танысты. Орталық директоры Сауран Қалиев «орталық 2019 жылы облыстың 80 жылдығына орай құрылғанын, мекеменің ықпалымен өңірдің 80 жылдығына 80 том кітап шыққанын айтты.

Аталған орталықтың Шерхантану бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова баспасөз турына қатысушыларды Халық жазушысы Шерхан Мұртазаға қатысты құндылықтармен таныстырды. Журналистерді Шерағаның 50 жылдығында ол кісіге Фариза Оңғарсынова сыйлаған Шерағаның кеудемүсіні қызықтырды. Бір қызығы орталық қызметкерлері әуелі бұл кеудемүсінді кім сыйлағанын білмеген екен. Бірде ақын Ұлықбек Есдәулет Таразға келгенде Фариза сыйлауы мүмкін деп шамалап болжам айтса, бұл туралы естіген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова «Ол кеудемүсінді Фариза Оңғарсынова сыйлаған» деп нақты дерегін айтып, анықтап беріпті.

Назым Қожамарова жиналғандарды Шерхан Мұртазаның бала күнінен бастап жазған күнделіктерімен қысқаша таныстырып өтті. Мұнда Шерханның 1950 жылы өз қолымен әкесіне арнап жазған төрт шумақ өлеңі де сақталыпты. «Шерхан аға Мәскеуге орысша білмей барса да, өзін қамшылап орыс тілін мәскеуліктерден артық меңгеріп кеткен. Ол кісі күнделігін латын, төте жазу (араб), орыс, қазақ тілдерінде жазған. Оның ішінде әкеге сағынышын, анасына жазған хаттарын тебіренбей оқу мүмкін емес. Тіпті жүрегін жаулаған алғашқы аруды да ұзақ уақыттар бойы ұмыта алмағанын біз осы хаттары мен күнделіктері арқылы білеміз. Сол бала күнінің өзінде Шерхан есейіп кеткендей үлкен-үлкен ойларды айтатын болған», деді Назым Қожамарова.

Мәдениет саласының бірқатар нысандарына арналған баспасөз туры міне осы орталықтан түйінделді. Біз шын мәнісінде дирекцияда, музейде, галлереяда, Руханият және тарихтану орталығында қандай қызу жұмыстар жүріп жатқанын кеңірек байқап, көзімізбен көріп, осы салаларға деген құрметіміз одан сайын арта түсті.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support