Мерейтой
Мерейтой
Қоғамдық сананы қалыптастыруда, халықтың жай-күйін жеткізуде және ұлт рухын көтеруде телеарналардың алар орны ерекше. Өңіріміздегі осы мақсаттағы өз жұмысын аса жауапкершілікпен атқарып келе жатқан «Қазақстан-Тараз» телеарнасы да мыңдаған көрермендердің жүрегінен орын алып үлгергелі қашан...
Сонау, 1989 жылдың қараша айында облыс жұртшылығына жол тартқан «Қазақстан-Тараз» телеарнасына бүгінде 25 жыл толып отыр. Бұл тарих бедеріндегі қас-қағым сәт болса да, телеарна үшін қаншама асуларды артқа тастаған, толысып жетілуге сеп болған жылдар. Осы жылдар ішінде телеарна ұжымы талай жетістіктерді табандап, сандаған көрермендердің жан дүниесімен біте-қайнасып кетті. Кеше «қара шаңырақ» атанған облыстық телеарна 25 жылдық мерейтойын «Ашық есік күні» ретінде атап өтті. Оған арнайы шақырылған телеарна ардагерлері, облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен өңіріміздегі беделді жоғары оқу орындарының басшылары құрметті қонақ ретінде қатысты. Қонақтарды мерекелік шарамен қарсы алуды мақсат тұтқан ұжым телеарнаның үлкен студиясын арнайы концерттік бағдарламаға лайықтапты. Онда шараға қатысушылар әсерлі жиынның куәсі бола білді. Алдымен келушілер үлкен экран арқылы облыстық телеарнаның тарихына негізделген бейнефильмді тамашалап, өткенге көз жүгіртті. Телеарнаның бұрынғы басшыларының біразы бейнеролик арқылы өздерінің ізгі ниеттерін жеткізсе, қонақтар қатарынан табылған Бекет Момынқұл да өзі телеарнаның тізгінін ұстаған жылдарға ой тастап, орамды естеліктер айта білді. – Біздің облыстық телеарнаның мәртебесі ешкімнен кем емес. Бұл қара шаңырақтан қаншама жас таланттар қанаттарын қатайтып ұшуда. Олардың арасында бүгінде ел көлемінде танылып, республикалық арналарда шеберліктерін шыңдап жүрген дикторлар, редакторлар, жүргізушілер де бар. Олар біздің мақтаныштарымыз, – деді бүгінде облыстық «Знамя труда» газетінің директор-бас редакторы Бекет Момынқұл. Осындай әсерлі тілектер мен ниеттермен өріліп отырған жиын барысы ұжымның өнерлі жастарының әуезді әнімен, кербез биімен әрлене түсті. Әсіресе, «Бозторғай» ән-би ансамблінің бүлдіршіндеріне бәрі дән риза болысты. Келген қонақтар облыстық телеарнаны айтулы мерекесімен құттықтай отырып, өздерінің сый-сияпаттарын да жасап жатты. «Қазақстан» республикалық теле-радиокорпорациясы» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалы «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген мырза телеарнаның өткен жылдар жүзінде жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. – Жамбыл телеарнасы республика көлемінде 21 жыл үзілістен кейін, электронды ақпарат кеңістігіне қосылған алғашқы ұжым. 1989 жылдың 1 қарашасында шаңырақ көтерген телеарна алты күннен кейін орталық алаңдағы еңбекшілер шеруінен тікелей хабар жүргізген болатын. Алғашқы кездері телеарна ұжымы эфирге аптасына бір-екі, кейде үш рет шығып, хабарлардың ұзақтығын 15-20 минуттан асырмайтын. КСРО телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет облыстық телехабарларға 40-45 минут уақыт беріп, соған ғана қаржы бөліп отырды. Бүгінгі таңда апталық эфирлік уақытының көлемі – 98 сағат, ал тәуліктегі көрсетілімі – 14 сағатқа дейін жетіп отыр, – дей келе, Мейрамбек Мылтықбайұлы 2011 жылы телеарна республика бойынша аймақтар арасында алғашқылардың бірі болып, лентасыз хабар тарату жүйесіне көшкенін де ерекше атап өтті. Сондай-ақ, жиын аяғында облыстық телеарна басшысы қызметтегі оңды қарым-қатынастары үшін бірнеше мекеме басшыларын, аудан әкімдерін, университет ректорларын «Қазақстан-Тараз» телеарнасының атынан мақтау қағазбен марапаттады. Облыстық телеарнадағы жемісті қызметтері ескерілгендігін атап өтіп, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы директорының арнайы алғыс хатын ұжымның қызметкерлеріне табыс етті.
Жанғазы АХМЕТОВ, «Ақ жол».