- Advertisement -

Мұхтар Шаханов Шайқорық тұрғындарымен кездесті

217

- Advertisement -

Жамбыл ауданы Шайқорық ауылында жергілікті әкімдік шарапаты мол жобаларды қолға алып, үйлесімді іске асыруда. Бұған ауыл ақсақалдары мен жастар да үн қосып, қолдан келген көмегін аянып қалмақ емес. Әсіресе, былтыр ауыл жастарының ықпалымен округке қарасты дүкен қожайындары ішімдік сатудан бас тартқанын көпшілік жақсы біледі. Енді биыл тұрғындардың ұсынысымен Шайқорықта әмбебап спорт кешені салынса, ауылдық мешітте әлеуметтік дүкен ашылған.

Бірлігі жарасқан ауылда «Игілікке шақырған ауыл тұрғындары» форумының өтуіне де жастар ұйытқы болды. Оған Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, Қырғызстанның халық ақыны, тіл жанашыры Мұхтар Шахановтың қатысуы айрықша жағдай болды. Биыл сексен жасқа толған болмысы бөлек ақынның шындықты ту еткен рухты өлеңін жұрт жақсы біледі.

Форумға жиылған зиялы қауым, ауыл ақсақалдары мен жастары алдымен «Ұлт жанашыры Мұхтар Шаханов» атты кітап көрмесін тамашалады. Аудандық кітапханада нақ қазір 242 мыңнан астам кітап қоры болса, оның ішінде 250 кітап Мұхтар Шахановтың кітабы екен. Көрмеде облыстық көркемсөз оқуларында жеңімпаз, жүлдегерлер атанған Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің оқушылары Мөлдір Тоқтасын мен Нарбек Инсан ақын өлеңін жатқа оқыды. Кейін, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев форумның ашылу салтанатында ауыл жастарына алғыс айтып, ақын Мұхтар Шахановты мерейтоймен құттықтады.

Жарқын жүздесуде халқы асыға күткен адуынды ақын ортаға шығып, ауыл тұрғындарына рухты өлеңдерін оқып берді.

– «Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.

Тек сол үшін оны ардақтау жөнсіздеу, Һәм күлкілі.

Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды, Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды…» – деп бастаған, ақын жастарды шыншыл болудан тайсалмауға шақырды. Кейін сөзін түйіндей келе, «Перзенттеріңіз тек шындық биігінен, елдік ұлттық мүдде, рухани парасат, әділдік биігінен бой көрсетсін», – деп батасын берді.

Форумның өтуіне ұйытқы болған ауылдың белсенді азаматтары, облыстық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Мамед Даврушев ақынға сый-құрмет көрсетті. Бірлестік төрағасы жастардың атынан Мұхтар Шахановқа шапан жауып, ат мінгізді.

Форумда айтыскер ақын Айтмұхамбет Исақов Шахановқа арнауын нақышына келтіріп орындаса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әндерден шашу шашты.

Бұл күні Шайқорық ауылының орталық стадионына жиылған жұрт әшекей бұйымдар, қыштан жасалған ыдыстар мен көне соғыс құралдары тізілген аудандық музейдің көне жәдігерлерін тамашалады. Балалар жағы қазақ күресінен сынға түсіп, мәз-мейрам болысты.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support