Мойынқұмдықтар сыйлаған мереке
Мойынқұмдықтар сыйлаған мереке
Сонымен мойынқұмдықтардың концерті «Ербол мен Гүлдана» тобының «Сағынамын», «Әдемі» деген әндерімен басталды. Аудан халқы алақанда ұстап жүрген Төреби Жексенбек орындаған «Кеш деме», «Ғашықсың ба» әндерін де тараздықтар жылы қабылдады. Гүлгүл Тәйтімова шырқаған «Мойынқұм вальсіне» бірқатар көрермендер билеп кетсе, Ержан Омаров орындаған «Адай» күйі де түнгі Тараз кешінде талай жерге жетіп жатты. Ақжан Мәмбеталиев, Нілзия Пәрмеш, Жансерік Пәрмеш те өзгеше дауыс, ерекше өнерлерімен ел көңілінен шықты. Нұрбол Жиренше, Жамила Омарова орындаған әндер де Әулиеата аспанында ақ шағала сезімдей қалықтады. Концерт арқылы Мойынқұмда да мәнері бөлек жақсы әншілер бар екенін байқадық. – Мойынқұм – мен үшін ыстық. Сол жақта қызмет атқарғанмын. Сондықтан сол Мойынқұмда қалып қойған жастығымды сағынып, осы концертті көруге келдім. Жақсы демалып, әдемі әсер алдым. Бұл жоба – өте керек, сәтті жоба екен, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ерубай Әбілдашев. Мойынқұмның концертімен аудан өнерпаздарының «Көне Тараздағы» мәдениет және өнер күндері өз мәресіне жетті.
Есет ДОСАЛЫ