Әлеумет

Қоңыраудан қашқан қазақтар...

Қоңыраудан қашқан қазақтар...

Бүгінде өмірімізді ұялы байланыссыз елестете алмаймыз. Бір күн телефонсыз жүрсек, бүкіл шаруамыз шешілмей қалатындай. Баламыз да телефонға әуес. Атамыздың да құлағында телефон. Сүйіншіні телефонмен сұраймыз. Көңілді телефонмен айтамыз. Ұнамағанды «қара тізімге» жібереміз. Ең өкініштісі, осы адамдардың дені банктің «қара тізімінде» тұрғандар. «Қарызды қашан қайтарасыз?» деген сауалмен хабарласқан қоңыраудан қашқан қазақтардың қарасы өте көп, өте...

PapaerLab агенттігінің зерттеуінше Қазақстанда бір басында үш кредиті бар азаматтардың саны көбейіп барады. Бірінші кезекте бұл әлеуметтік жағдайдың төмендеуімен байланысты. Бірінші несие бюросының мәліметінше, Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 миллион. Олардың ішінде 1,7 млн. адам мүлде несие алмаған. Ал еліміздің қалған 7,5 млн. азаматының банктер мен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Бұл статистика нені көрсетеді? Қазақстан халқының жартысына жуығының қарызы бар деген сөз. Ал қарыздың салмағы ауыр. Қайтарымы қиын. Ілкіде қазақ қарызға қалай қарады? Қазақта қарыз алысу, берісу бұрыннан болған әдет. Әу баста ауылы аралас, қойы қоралас адамдар мал берісіп, алысуды бір-біріне қарыз санамаған. Ал нарық заманында бұл қарыз банктегі несиемен, мемлекетке төлейтін салықпен өлшене бастады. Бұрында да ақшалай қарыз алу аз болған. Қазіргі кездегі тауарлық несие сияқты, мал-мүлікпен саудаласып, сонымен есептескен. Қыздың қалыңмалы да малмен өтелген. Қандай малды қарызға алса, дәл сол жастағы малды қайтарған. Ал қарыз беру ауызша рәсімделіп, ант су ішумен бекітілген. «Уәде – Құдайдың бір аты» дейтін қазақ, берген сертін жұтпаған. Егер кешіксе, үстеме ақысына қой мен сиыр, қозылы саулық, бұзаулы сиыр берген. Қарыз алу, қайтару шариғатта қалай? Ол мұсылман үшін рұқсат етілген игі іс. Мұсылмандардың бір-бірінен қарыз сұрауына болады. Бірақ қарыз беруші қарыз алушының ол ақшаны теріс істерге жұмсайтынын біле тұра, қарыз берсе – харам. Сондықтан қарызды мұқтаж жандарға, отбасын асырауға, жақсы істерге беру керек. Ал үстіне өсім қосып, пайызымен қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған. Егер адамның қарызды қайтаруға жағдайы жоқ болса, шамасы келмесе, ол қарызды кешкен жөн. Себебі қарыз беру – сауапты іс болып саналады. Алайда қазір ауыл-ауылдың өзінде «процентке ақша беруді» кәсіп етіп алғандар көп. Сол қарызды деніміз кейде саналы түрде, кейде амалсыз жағдайда алып жүрміз. Еліміздегі еңбекке жарамды 8,5 миллион азаматтың 2 миллионға жуығы қарызын қайтара алмай жүр екен. Бұл – бармақ шайнататын жайт. Демек, несие алушылардың қарасы көп деген сөз. Бұрын несиенің үстеме пайызы жоғары болатын. Сондықтан несие алушылардың да қатары сирек еді. Ал қазір банктердің несиелік жүйесі өзгерді. Жеңілдетілген түрлі бағыт бойынша халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Бірақ банк бәрібір өз ұпайын арттыруға жұмыс істейтінін қарапайым халықтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы арада несие қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақтың қойылуы заңды. Расында да, ел кепілмен, кепілсіз алған қарызын қайда жұмсайды? Бір басында бірнеше кредиті барлар ше? Олар жан бағу үшін қарыз алды ма? Әлде қосымша керек-жарағына жеткізе алмай отыр ма? Оның да жауабы дайын. Зерттеулердің нәтижесі бойынша алынған қарыздың 85 пайызы мақсатсыз жұмсалады екен. Яғни, қымбат көлік, той-думан мен өлім-жітім, қымбат тондарға жұмсалады. Кезінде әйгілі украиндық «Орел и Решка» бағдарламасы Алматыға арнайы түсіріліммен келді. Сондағы жүргізушінің «Қазақтар сән- салтанатты ұнатады. Бір қызығы, бұл қаланың тұрғындары басында үйі жоқ, пәтерді жалдап тұрса да, несиеге қымбат көлік мінгенді ұнатады» деген кекесін сипаттамасы әлі күнге дейін есімізде. Бірақ қазір намысты ойламаймыз. Өзіміз айтқандай, «қарызды күлдіріп келтіріп, жылатып қайтарып жүрген» жайымыз бар... ТҮЙІН: Қоңыраудан қашу дегеннен шығады, қарыздың кесірінен таныс емес нөмірді көтермейтін күйге жеттік. Мүмкін, бұл – сіздің өміріңізді жаңа арнаға бұратын жағымды жаңалығы бар қоңырау шығар. Мүмкін, дәл сол сәтте сіздің көмегіңіз өте жақын адамыңызға керек болған шығар. Мүмкін... Қоңыраудан қашанғы қашамыз?  

Гүлжан РАХМАН