Жаңалықтар

Бірнеше мекеме ұжымы Президент Жолдауын бірге тыңдады

Бірнеше мекеме ұжымы Президент Жолдауын бірге тыңдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік- экономикалық жағдайын нығайтуға және әділетті мемлекет құрудағы саяси реформаларға қатысты халықтың назарында жүрген мәселелерді дөп басты. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам». Жолдауда көзделген мақсат-міндеттің түптөркіні осы үш қағидаға негізделген.

Президент Жолдауын облыстағы бірнеше мекеменің ұжымы жұртшылықпен бірге тыңдады. Жолдаудан кейін мамандар салаға қатысты өзгерістерді ой елегінен өткізіп, өзара пікір алмасты. «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды.Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», –деді Президент алғысөзінде. Мемлекет басшысы одан әрі реформалардың нақты бағдарларына тоқталды. Тікелей көрсетілімнен кейін-ақ облыстық аурухана мен облыстық қан орталығының мамандары Жолдаудағы міндеттерге6 соның ішінде денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге зер салды. Сала мамандары келер жылдан бастап ауыл халқының қажеттілігіне арналған Ұлттық жобаның іске асатынын естіп, жылы қабылдады. Өйткені екі жылда емшара жасайтын мекемесі жоқ 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер пайдалануға беріледі. Айтса айтқандай-ақ нақ қазір осы бағыттағы жұмыстар мықтап қолға алынғаны рас. Енді жоспар толық орындалса, төрт миллионнан астам азамат үшін медициналық қызметтің сапасы артпақ. Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналмақ. Сол секілді шалғай аудандардағы халықтың қызмет алуына қолайлы телемедицина жетілдірілмек. Әрине, медицина саласына қатысты жаңашылдықтар ең әуелі қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Мұны Жолдауды ұжымдастармен бірге тыңдаған медицина мамандары да біліп, түйсініп отыр. Президент Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсыратынын айтты. Медициналық инфрақұрылымдарды жақсарту, дәрігерлерді дайындау жүйесін жетілдірумен қатар медициналық оқу орындарының жанынан көпбейінді аурухана мен клиника ашылатыны белгілі болды. Жолдауды Халықаралық Тараз инновациялық институтының, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің және Тараз сервис және технология колледжінің мұғалімдері мен студенттері де ұжым болып тыңдады. Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы тапсырмаларын студенттер мемлекет жастарды қолдайды деген сеніммен ұштастыратынын айтып жатты. Президент ең әуелі педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданатынын баяндады. Сонымен қатар жоғары сыныптарда жаратылыстану- математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту арқылы білімді және бірнеше тілді меңгерген болашағы зор ұрпақ қалыптастыру мәселесі айтылды. «Біздің күшіміз – жастардың білімінде. Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындары еңбек нарығының нақты сұранысына бейімделуі және еліміздің жаңа экономикалық бағдарының міндеттеріне сай болуы керек. Ата-аналар мен оқушылар алған білімнің және игерген машық-дағдысының сапалы және сұранысқа ие болуы үшін белгілі бір деңгейде жауапты екенін сезінуге тиіс. Сондықтан олармен де үнемі әріптестік қатынас орната білу керек. Осы мақсатта жеке білім беру ваучерлерін енгізу жоспарланып отыр. Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капиталы деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады. Жоғары білім саласындағы реформаларды да осы бағытта жүзеге асырған жөн. Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі»,–деген Қасым-Жомарт Кемелұлы студенттерді жатақханамен қамту мәселесін де көтерді. Бұл ретте жоғары оқу орындарының құрылыс компанияларымен мемлекеттік- жекеменшік серіктестік орнату тәсілін енгізу маңызды. Ал мемлекеттен қаражат алып отырған жекеменшік жоғары оқу орындары әуелі жатақхана мәселесін реттеу қажет. Сол секілді әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған студенттердің пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігі қарастырылатыны да жастарға жағымды жаңалық болып отыр. Президент мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керектігін атап өтті. Соның ішінде балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту мәселесін де орынды көтеріп отыр. Осы ретте білім беру саласының дамуын жолға қою үшін балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациядан өткізу де өзекті. «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек. Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн. Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой- беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер қажет», – деген Президент мұғалім мәртебесін арттыру мақсатындағы қыруар жұмыстан бәлендей нәтиже шықпағанын да ашып айтып, бұл бағыттағы шаруаға әлі де болса біршама өзгерістер қажет екенін атап өтті. Мемлекет жалақы мөлшерін біртіндеп өсіру мақсатында ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа тәсілін енгізбек. Сәйкесінше ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылданды. Осы жаңашылдық 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді екен. 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақы мөлшері 27 пайызға көбейеді. Сонымен қатар елдің талап-тілегін басшылыққа алған Мемлекет басшысы әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын айтты. Жалпы Президент Жолдауын өңірдегі төтенше жағдайлар департаментінің және 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы, сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ», «Қазпошта» акционерлік қоғамының қызметкерлері мен өзге де мекемелердің ұжымы бір аудиторияға жиылып тыңдады. Сан саладағы мамандар ауыл шаруашылығына қатысты қараусыз жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, су мәселесі, азық-түлік бағасы, субсидия, коммуналдық мекемелердің тарифтері, кәсіпкерлікті қолдау, кәсіпкерлікпен айналысатын жастарға жеңілдетілген несие беру сынды басқа да Жаңа Қазақстанның жаңашыл бастамаларынан хабардар болды.  

Сәндібек Піренов