Әлеумет

Үш мектеп пайдалануға берілді

Үш мектеп пайдалануға берілді

Жуалылықтар жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен қарсы алды. Аудандағы Диқан, Алатау орта мектептері мен Ақтасты негізгі мектебі бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Осылайша аядай мектепте білім алған балалардың енді заманауи үлгідегі білім ошақтарында тәлім алуына мүмкіндік туды. Бұл күні, сондай-ақ аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназиясына Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімі берілді. Жаңа мектептердегі алғашқы қоңырау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев арнайы қатысып, мемлекет тарапынан білім саласына айрықша қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.

– Биыл облыс бойынша 22 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Алты мектеп жаңа оқу жылында пайдалануға берілсе, оның үшеуі Жуалы ауданында. Әрине, мұның барлығы мемлекеттің қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да білім саласына ерекше назар аударылып, тиісті қолдау көрсетілетін болады. Себебі білімді ұрпақ – ел болашағы. Жаңа оқу жылында барлықтарыңызға табыс тілеймін, – деді Еркін Құлымбайұлы. Жалпы, аудан бойынша жалпы білім беретін 39 білім ошағында 10 724 бала білім алады. Оның ішінде, 900-ден астам бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр.  

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Жуалы ауданы.