Жаңалықтар

Кісілік келбетін танығанмын

Кісілік келбетін танығанмын

Мен – Бөкеңнің, Болат аға Жаппарұлының кісілік келбетін көрген, болмысын бір кісідей білген, танымы мен тәлімін терген адаммын. Аса қадірлеп, сыйлап жүрген сол әріптес ағам бүгін өмір атты ұлы өзеннің жетпісінші өткеліне келіп қалған екен, әлі де аттан түспеген азаматсыз ғой, бұл өткелден тоқтамай өте шығыңыз деген ықыласты лебізімді білдіргелі отырмын.

Бір анығы, Бөкеңді көпшілік құрметіне бөлеген де сол – үлкен-кішіге ілтипат-ізеті, әдебиетке деген көңіл адалдығы, өңірдің өркендеуіне сіңірген ерен еңбегі. Оның өз көңілі көксеген Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан соң еңбек жолы облыстық газетте басталып, көп ұзамай Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінде бөлім меңгерушісі қызметімен жалғасты. Кейіннен осы басылымның бас редакторы қызметін ұзақ жыл атқарды. Сол кезден, яғни 1978 жылдан басталған таныстығымыз, ағалы-інілі араластығымыз әлі күнге күміс жіппен жалғанып келеді. Ол қаншама жастың талабына қанат байлады, қаншама газеттің тынысын ашты. Бөкең жүріп өткен жол кейінгі буын үшін өмір оқулығындай ғибрат пен өнеге жолы дер едім. Журналист аға осы жылдар аралығында газет беттерінде аймақ жетістіктерін жарқырата көрсетіп, халық тұшынып оқитын очерктер мен мақалалар жариялады. Ізгі істерді жеріне жеткізе жазып, мемлекет саясатын насихаттау мен жүзеге асырудың керемет үлгісін көрсетті. Жеке шығармашылығымен де жете таныспын. Оқырмандар жылы қабылдаған бірнеше кітабы қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына үлес болып қосылды. Әр шығармасында ой тұнығын тауып, сөз сарасын баққанын ұғынбай қалмадым. Бар саналы ғұмырында жоғары кәсіби қабілетімен, адами қасиеттерімен дараланған Болат Жаппарұлының қуатты қаламынан алдағы уақытта да дегдар дүниелер туатынына, абзал ағаның тозбайтын сөз жазатынына сенгім келеді.  

Сансызбай БЕРТАЙҰЛЫ,

аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің

2008-2021 жылдардағы бас редакторы.

Жамбыл ауданы.