Денсаулық

Балаларына бар мейірін төгіп өткен асыл жар

Балаларына бар мейірін төгіп өткен асыл жар

Балаларымның аяулы анасы, немерелерімнің сүйікті әжесі Күлзипа Анабекқызы Омарованың фәниден бақиға озғанына да жыл толып қалды. Осы уақыт ішінде елу бес жыл отасқан қимас жарымды жиі-жиі шексіз сағынышпен еске алумен келемін.

Халқымызда «Алғаны жақсы жігіттің, әрқашан ісін оңдайды» деген қанатты сөз бар. Ақсақалдық жасқа жеткенше талай асулардан абыроймен асып, еткен еңбек, сіңірген қызметіме сай құрмет- қошаметке бөленсем, ол ертеде өткен асыл аналардың ерін пір тұтқан салтын жалғастырған Күлзипамның да арқасы. Тағдыр бізді бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараз қаласындағы технологиялық институттың қабырғасында табыстырды. Отбасын құрған кезімізде мен – төртінші, ал ол үшінші курстың студенті едік. Оқуды үздік бітірген Күлзипа институтта қалдырылып, аз жылда өзін істе жақсы таныта біліп, химия кафедрасының аға ғылыми қызметкері – зертхана меңгерушілігіне дейін өсті. Ғылымға бейімділігі байқалып, аспирантурада оқып, кандидаттық диссертация қорғау жөнінде ұсыныс жасалды. Мен бұл тұста екінші жоғары оқу орнын – Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, шаруашылықтарда істеп, тәжірибем толысқан соң облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысқан едім. Әрі Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында сырттай оқып жүрдім. Күлзипа осы жайды ескеріп, аспирантураны оқудан бас тартты. Екеуіміз қатар оқу қуып жүрсек, балалардың жайы болмайтынын ана жүрегі ұғынды. Кейін де өмірге деген көзқарасымыз бен ой-ниеттеріміз үндес екендігінен талай күрделі мәселелердің оң шешімін тауып отырдық. Бұл бала-шағалы болған жас отбасы тап болатын қиындықтарды еңсеруімізге көмектесті. Әке – отбасы тірегі, асыраушысы болса, ана – берекесі болуы тиістігін жан-жүрегімен ұғынған Күлзипа өзін ерінің қызметте мансабы өсуін ойлайтын парасатты, ақылды әйел ретінде танытты. Облыс басшылығы мені облыс орталығынан шалғай Шу ауданына бірінші басшы етіп жібергенде де бауыр басқан кафедрасынан өз еркімен босату туралы өтінішін жазды. «Ерін сыйлаған әйелдің, – еңсесі биік» деген қағиданы ұстанған Күлзипа мен іргелі екі ауданды, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған, зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстармен айналысқан кезде ел алдындағы беделімнің мысқалдай да төмендеуіне жол берген жоқ. Қай ортада үлкен-кішімен тез тіл табысып кететін, қолы ашық, қонақжай, дастарқаны берекелі, көпшіл, ағайын-туысқа, құда- жекжаттарға сыйлы Күлзипаның бойында жақсы қасиеттер мол еді. Енесімен он алты жыл бірге тұрды. Сонда күн сайын институттағы қызметінен түскі үзіліске шыққанда үйге автобуспен келіп, шайын беріп, жағдайын біліп кетуші еді. Демалыс күндерінде енесінің киімдерін де жуып, үтіктеп қоятын. Мұны көрген, араласып жүрген дос, жолдастарым енені Күлзипадай күту керектігін үлгі етіп, әйелдеріне айтатын. Менің қызмет жайыммен қай жерде тұрсақ та үй ауласын мұнтаздай таза ұстайтын, алуан түрлі көкөністер мен гүл түрлерін өсіретін. Аймаққа белгілі оқыған әулеттен шыққан, жастай өнегелі тәрбие көрген Күлзипа Алланың бізге берген үш ұл, екі қызын білімге құштар етіп өсірді. Бәрі жоғары оқу орындарында оқып, қалаған мамандықтарын алып шықты. Ең үлкен ұл менің жолымды қуып, мен оқыған институт пен Мәскеудегі аспирантураны бітірген, экономика ғылымының кандидаты. Екінші ұлымыз жас кезінде қайтыс болды. Қыздардың үлкені бизнесмен, кішісі заңгер. Бәрі де өз алдарына отау құрған, немерелеріміз бар. Кенже ұлымыз, болмысы бөлек Болат халықаралық дәрежедегі заңгер мамандығын алған, Ақтау халықаралық портында Корпоративтік даму басқармасы бастығының орынбасары әрі заң бөлімінің бастығы болып істеген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияның Кардиф университетінің магистратурасында оқып жүргенінде, бірге оқитын сүйген қызы Айнұрмен үйленбек мақсатпен қысқы каникульда елге келе жатып, Каспий теңізі үстінде ұшақ апатына ұшырады. Бұл қайғылы оқиға туралы кезінде кеңінен жазылды, бейнефильмдер түсірілді. «XXI ғасырдың Қозы Көрпеш пен Баян сұлуы» атанған Болат пен Айнұрдың есімдерін есте қалдыру жолында ел тілегімен көп іс атқарылды. Тараз қаласында екеуіне арналған «Махаббат символы» ескерткіші тұрғызылған, Ертіс өзенінде Үкіметтің қаулысымен ұлымыздың аты берілген «Болат Карентаев» кемесі жүзіп жүр. Үлкен үміт күттірген перзентімізден айырылғаннан кейін Күлзипа біраз жылға дейін ауыр қайғыдан сейіле алмады. Денсаулығы да сыр бере бастады. Мұны менен, балалардан, алды шетелде оқу орнын бітірген, кейінгілері университеттерде оқитын немерелерінен жасыруға тырысатын. Науқасы меңдеген кезде Алматы мен ел астанасындағы білікті дәрігерлерге қараттық, шетелдің айтулы емханаларының кеңесіне жүгіндік. Амал не, көмегі болмады. Өмірінің соңғы сәтіне дейін өзін ұстай білген, сабырлы қалпынан танбаған Күлзипаның жүрегі сезді ме, Алматы емханасынан Таразға, үйге апаруды сұраған еді. Өтінішін орындадық. Келгеннен кейін өз шаңырағында тыныстап жатып, аяулы жарым өмірден өтті. Қайғы жамылған сол күндерді еске алудың өзі жүрекке ауыр... Күні ертең жылдық асы. Өмірі өсіп-өніп келе жатқан өнегелі ұрпағымен жалғаса беретін жан- жарымның рухына құран бағыштап, оқыған дұғамыз қабыл болып, пейіште нұры шалқысын деп тілейміз.  

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,

Жамбыл облысының Құрметті азаматы.