- Advertisement -

Жүрек толқытқан қойылым

65

- Advertisement -

Облыстық орыс драма театры 36-маусымын Болат Ұзақовтың «Звезда Надежды» психологиялық драмасымен ашты. Театр директоры Ақылдос Тәжиев жаңа маусымда өзгеше қойылымдарды көбейтуді ойлап отырса, қоюшы-режиссер Қуандық Қасымовтың еңбегі ерекше. Қоюшы-суретші Владимир Сизинцев, балетмейстер Шүкіржан Хакімбаевтың қолтаңбасын айқын көруге болады.

Сонымен қойылым несімен құнды, несімен әсерлі? Ең әуелі айтарымыз – қойылым адамның жандүниесін бей-жай қалдырмайтын психологиялық сезімдерге бай. Күйзеліске түскен адам жанының ішкі иірімдерін ашатын түрлі шешімдерге толы. Бұл автор мен режиссердің шеберлігі, ортақ үйлесімнің жемісі.

Мұндағы оқиға негізінен балалар үйінің ересек тәрбиеленушілері Замир (Санжар Ботайбек) мен Әлияның (Айжан Несіпбаева) арасындағы қарым-қатынас, ыстық сезім төңірегінде өрбиді. Қойылым бір топ бұзақы топтың Замирді соққыға жығып, есінен тандырып, өздері қашып кеткен тұсынан бастау алады. Міне, осы тұста Әлия есінен танып жатқан Замирдің үстінен түседі. Әлия дәрменсіз шырылдаған құс секілді бебеулеп жүріп, Замирді тұрғызып алады. Неге екенін қайдам (бәлкім намыстанды ма?) Замир әуелі Әлияға ұрсып, ауыр сөз айтады. Тіпті, шапалақпен тартып та жібереді.

Әлия да сондай түсініксіз жанжалдың үстінде Замирге шапалақ жұмсап, екеуі бір-бірінен алшақ тұрып қалады. Біраз уақыттан соң, Замир өз-өзіне келіп, Әлиядан кешірім сұрап, жөнге келеді. Әлия да одан кешірім сұрап, екі жас түсініседі. Осы күннен кейін екеуі жиі кездесіп жүреді. Екеуінің арманы да бір. «Ата-анамыз болса, шіркін!» деп арман әлеміне саяхаттайды. Осылайша, олар кәмелеттік жасқа толады. Замир алыс, үлкен қала Алматыға барып анасын іздеп, бір мақсатқа жетіп, бағын сынамақшы болады. Әлия болса «Алматы үлкен қала. Қоя тұршы. Бәлкім кейінірек бірге барармыз», деп өтінеді. Ол өтінішті тыңдамай, Замир Алматыға кететін болып, Әлиямен уақытша қоштасады.

Арада шамамен екі-үш жыл өтеді. Бұл уақытта Әлия да біреуге алданып, сәбилі болып қалған. Ол сәбиі ауыр науқасқа шалдығады. Алматыға қоныс аударып, сауда жасап, бір бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатады. Бір күні сауда жасап отырған (сусындар, азық-түлік сатып) жерінде көз алдында полиция бір маскүнем азаматты соққыға жығып, сабап кетеді. Полицияны көрген соң, біраз саудагерлер де кетіп қалады. Әлия әлгі соққыға жығылған азаматқа көмектеспекші болады. Жанына барғанда таниды. Ол – маскүнемдікке салынып кеткен Замир еді.

Оқиға Арманның сырқатынан айығып, Замир мен Әлияның ажырамастай болып табысуымен мәресіне жетеді. Бұл қойылымда Эльмира Аққұлиева, Елена Козаченко, Самат Маханбетов, Әділет Құлмырзаев, Ольга Ізбасарова, Тимур Ичиков өз рөлдерін жақсы ойнап шықты. Ал көрермен өзгеше сезімдерге, адамшылыққа жетелейтін, тамаша қойылым үшін орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support