Жаңалықтар

Ынтымағы жарасып, ырысы артқан ел

Ынтымағы жарасып, ырысы артқан ел

Талас пен Сарысу ауданының Қаратаудың етегін ала жатқан көсегенің көк Жонының сілемдерінде Қасқабұлақ және Арыстанды аталатын ауылдар бар. Бұл ауылдарда негізінен күрді ұлты мекен етеді. Аудандарға іссапарға шыққан сайын ондағы күрді ағайындардың тыныс-тіршілігін көргіміз келеді. Тұрғындардың күн көрісі қалай, қалаға, іргелі мекендерге жасалып жатқан қамқорлық бұл ауылдарда қандай деңгейде? Бұрын қыс мезгілінде жол түскенде ақтүтек бораннан жүре алмай кейін қайтқан кезіміз де болған. Оның үстіне тау-тастағы жол да жетісіп тұрмаушы еді. Қар қалың түскен жылдары көлік қатынасы тоқтап қалып, барып-қайту қиындайтын. Ондайда аудан басшылығы бар, екі қаладағы «Қазфосфат» ЖШС-ның құрылымдары жолды қалың қардан аршуға алып техникаларын жұмылдыратын.

Соғыстың қарсаңында, ұлы жұт – ашаршылық жылдары Талас және Сарысу аудандарына күштеп қоныстандырылған күрді ұлтының өкілдерін жергілікті ұлт өздері аштықтан қынадай қырылып жатқандарына қарамай қолындағы бір уыс талқанын бөліп беріп, құшағына басты. Сталиндік зобалаңнан аман қалған аталарымыз бен әкелерімізді қос ауданның шұрайлы жеріне қоныстандырды. Қазақтың жасаған жақсылығын ұмытпайтын екі ұлт болса, оның бірі немістер де, екіншісі осы күрді ағайындар. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан қасиет. Жолбасшы жігіттер Қасқабұлаққа бара жатқанымызды алдын-ала ескертіп қойса керек, ауылдық округ кеңсесінің іргесіндегі қалың талдың көлеңкесіне стол- орындық қойып, кәдімгідей жоғарыдан келетін лауазымды басшылармен ауыл жұртымен кездесу ұйымдастыратындай болып, күтіп отыр. Ауылдың аңқылдаған азаматтарының қарапайым журналистке мұндай құрметі көңілімізді көтеріп тастаса да, «Біз әкім немесе депутат емеспіз, дегенмен көлдей көңілдеріңізге, шынайы пейілдеріңізге көп рақмет!» деп үлкендермен емен-жарқын әңгімелестік. 69649 гектар аумақты алып жатқан Қасқабұлақ ауылдық округінде 168 отбасында 1160 адам тұрады. Оның 1150-і күрді, қалған оны өзге ұлттың өкілдері. Ауыл шаруашылығы мақсатында 23 986, егістік 1 740, шабындық жер – 175, ал жайылымдық жерлер 22 055 және елді мекендер жері 3 767 гектарды құрайды. Мұнымен қоса, 175 гектар алқапта көпжылдық екпе де бар. Мақсатсыз пайдаланбай жатқан жер жоқ ауылдық округте. Мұның өзі бейнетқор күрді ағайынның еңбексүйгіштігін, төрт түлік малдың қадірін білетінін сездіртсе керек. Округке бөлінген бюджет қаржысының игерілуі де жылдан жылға артып келеді. Салық түсімі де солай. Ауылдағы шаруашылық құрылымдары биыл 1 090 гектарға бидай, 400 гектарға арпа, 21 гектарға көпжылдық шөп егіп, жоспарды асыра орындап, көңілдегідей өнім алған. Қасқабұлақтағы екі дүкен тұрғындардың күнделікті тұрмысқа қажетті тауарын алуды толық қамтамасыз етеді. Мал бағып, егін салатын жұрт ас-ауқаттың неше түрін өздері дайындайды. Қазақтың еті, күрдінің қуырдағы дейсіз бе, қай үйдің болмасын қазанында қайнап, қуырылып жатқаны. Ағарған да ағыл-тегіл. 14 шаруа қожалығының жетеуі малмен, тағы жетеуі егін шаруашылығымен айналысады. «Не ішіп, не жейміз?» демейді тауды мекен еткен күрді жұрты. Білім саласында 48, мемлекеттік органдарда 9, денсаулықта 6, мәдениетте 5, спортта 1 адам еңбек етіп, бюджеттен айлық-жалақысын алып, алаңсыз ғұмыр кешуде. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған 155 адам бар, өндірісте, шаруа қожалықтарында, ауылдық округтен тысқары барып еңбек ететіндер бар, экономикалық белсенді тұрғындардың жұмыс жоқ деп, қол қусырып, қарап отырғанын көрмедік. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар болса да мемлекеттің қамқорлығында. 132 оқушы Қасқабұлақ орта мектебінде білім алады. Ауылда клуб, ауылдық фельдшерлік-акушерлік, ветеринарлық, учаскелік полиция пункті, телекоммуникация және байланыс операторлары жұмыс істейді. 133 аула орталықтандырылған ауыз суға қосылған. Көшіп кетуіне байланысты 10 аула ғана қосылмапты. Аудандық маңызы бар 20 километр жолдың жағдайы жақсы. Қасқабұлақтағы 7 көшенің үшеуінің жағдайы жақсы екенін көрдік. Орташа және нашар жағдайдағы төрт көшені ретке келтіру алдағы жылдары қолға алынбақ. Жеті көшенің төртеуі жарықтандырылған. Ауылдық ардагерлер және қоғамдық кеңес тұрғындардың тыныс-тіршілігін, мекенге не қажет, шешімін күткен мәселе қандай, осының бәрін назарға алып, ауылдық округ әкімімен бірге аудан басшылығына жеткізіп отыратын көрінеді. – Тау ішінде үлкен жолдан бұрыс жатқан ауылымызға мұндағы жұрттың жағдайымен танысуға арнайы атбасын бұрғаныңыз үшін рақмет! Бізге жоғарыдан басшылар да келіп, жағдайымызды біліп тұрады. Ал аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы болса бір аптада кем дегенде бір рет соғып кетеді. Ол жігітке айтар алғысымыз шексіз! Біз өсіп-өніп, осындай жағдайда өмір сүріп жатсақ, ол бірінші Алла, содан соң қайырымды да, бауырмал ұлт – қазақтардың арқасы. Кезінде кеңес деген алып державаның тұсында сан ұлтты «жасампаз совет халқы» деп келсек, қазақ елі тәуелсіздігін алып, еркін ел болған соң да көште қалған жоқпыз. Қайта ауданға келген қаржының қомақты бөлігі біздің ауылға бөлінеді. Әлі де солай, экономика көтеріліп, елдің еңсесі түзелді, қазір. Кейде жерлестер арасында «Қасқабұлаққа газ қашан келеді?» деп жоғарыдан келген кісілерге орынсыз сұрақ қойып жататындар да бар. Тау-тасты жарып, қыруар қаржыға газ тартудың машақатын біздер – үлкендер білеміз. «Сабыр сақтаңдар» деп кейінгілерге тоқтау сөз айтып отырамыз. Жастарды бірлікке, ынтымаққа шақырамыз. Қазақ бауырларда «Ынтымақ қайда барасың, бірлігі жарасқан елге барамын» деген аталы сөз бар. Осыны біздің аталарымыз, әкелеріміз санамызға құйып өсті. Иә, ынтымақ бар жерде бәрі болады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исмайл Алдабергенов. Қарияның сөзіне ауылдың басқа да тұрғындары қосылып, Мемлекет басшысының саясатын бірауыздан қолдайтындарын, Үкімет, облыс және аудан әкімдіктері тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа, қолдауға ризашылықтарын жеткізді. Ауылдық округ әкімі Жардис Исмайлов мемлекеттік жергілікті басқару мамандығы бар жоғары білімді азамат. 14 жыл мемлекеттік қызметте еңбек етіпті. 2020 жылдың маусымында ауыл тізгінін қолға алған. Сөзі ширақ, іске мығым азамат. Қай үйдің немен айналысатынына, кімнің қандай тірлікпен шұғылданатынына дейін айтып берді.  

Амангелді ӘБІЛ Талас ауданы.