Түлеген Түркістан

60

Аудандарға іссапарға шыққан сайын ауылдарды аралап, ел-жұрттың тыныс-тіршілігін көргің келеді. Бір өңірде кемі оншақты елді мекен бар, оның бәрін тағы да аралап шыға алмайсың. Сонда да реті келіп жатқанына соғып, ондағы тұрғындармен тілдесіп, әңгімелесесің, айналдырып жатқан жұмысымен танысасың. Ажары атқан таңдай ауылды көрсең қуанып қайтасың, тіршілігін дөңгелетіп күнін көріп, отбасын асырап отырған ағайынның бейнетіне сүйсінесің. Қазір көп ауылда газ бар, ауыз су тартылған, жарық жарқырап тұр. Елдің еңсесі көтерілген. Төрт түлік малын бағып, егінін салып, бау-бақшасын өңдеп, өнімін алып жатқан жұртқа риза боласың. Әлбетте елді мекеннің бәріне бірдей «жұмақ» орнап кетті дей алмаймыз. Әлі де кей ауылдарда жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Бұл жолғы сапарда негізінен көркейген ауылды, табыстың тай қазанын қайнатып жатқан бейнетқор жұртты көрдік.

Осыдан оншақты жыл бұрын «Түркістан, даңқың қайда дүрілдеген?» деп облыстың бас басылымы – «Aq jol»-ға жазған едік. Бұл қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің табаны тиіп, айлап жатып «Түркістан солай туған» атты әйгілі очеркін жазған астықты кеңшар болатын. Одан кейін де қайта айналып соғып, атақты ауылдың азып-тозып кеткенін қайта қозғадық газет бетінде. Содан көп ұзамады-ау, бірте-бірте кешегі «Түркістан» кеңшарының ажары кіріп, базары орала бастады. Сарысуға тағы бір барғанда оны да жазып шырайы кіре бастаған ауылдың жетістігін көрсеттік. Бұл жолы түлеген Түркістанды көрдік. Ауылдық округ орталығы бүгінде отызыншы жылдардың ойранында «халық жауы» болып атылып кеткен қазақтың даңқты перзенттерінің бірі – Әшір Бүркітбаев есімімен аталады.

Жолбасшымыз, аудандық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова Жаңатастың тіршілігімен танысқан соң, Түркістан ауылдық аймағына бастады. Астықты мекеннің бүгінгі ахуалы, Арыстанды ауылындағы күрді ағайындардың жағдайы өзімізді де қызықтырды. Берекелі аймақтың тіршілігін көзбен көріп, көңілге түйгенге не жетсін?! Ауылдық округ әкімдігінің бөлім басшысы Жанысбек Арыстанбеков әкімнің міндетін атқарып жүр екен. Бұрыннан осы ауылдық клубта мәдени қызметкер болып жүргеннен жақсы танимын. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған азамат. Өзі әнші. Әкімдік қызметіне де әбден ысылыпты. Түркістан туралы аудандық, облыстық басылымдарға жазған дүниелерімді қай жылы, қай күнгі нөмірге шыққанына дейін есінде сақталыпты.

Арыстанды ауылының арғы жағынан табылған атам заманғы жәдігер туралы жазғанда жолсерік болғанын еске түсірді азамат. Округке қарасты Әшір Бүркітбаев, Арыстанды және Үшбас ауылдарындағы мал-жанның саны, жалпы атқарылып жатқан тірлік туралы толық мағлұмат берді.

– Жұмыс жүрген жерде жетістік болады. Былтыр белгіленген межеге қол жетсе, биылғы екі тоқсанның қорытындысымен белгіленген 20 индикаторлық көрсеткіштің 15-і орындалыпты, бұл 75 пайызды құрайды. Үш ауылдағы 255 аулада 343 отбасы, 1 475 адам тұрады. Осыдан екі жыл бұрын 1 432 адам болса, бүгінде 43 адамға көбейді. Аудандағы күрді ұлтының 90 пайызы округке қарасты Арыстанды елді мекенінде тұрып жатыр. Ондағы 416 адамның 302-сі күрді, 114-і қазақ. Округте этносаралық татулық сақталған. Күрділермен жергілікті тұрғындар арасында ауызбіршілік мықты. Бір-бірімен туған бауырдай, қимас достай араласып кеткен. «Соғым басы», «ерулік», «құдайы тамақ», «беташар», той-думанда, басқа да түрлі басқосуларда бір дастарқанның басында. Аудандық «БАРБАНГ» күрділер этносаяси орталығының төрағасы Камал Айдаров былтыр қараша айынан бастап, ауылдық округ әкімі аппаратына әдіскер болып қабылданды, – дейді Жанысбек Арыстанбеков.

Түркістан кешегі кеңшар кезінен астық егіп, мал өсірумен аты шыққан аудандағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі болды. Теріскейдегі «Коммунар», «Байқадам» және «Жайылма» кеңшарлары Жон өңірінде егін салатын. Бала кезімізде Жаңатасты бетке алып, одан әрі көсегенің көк Жонына асатын «Дала кемесі» – қаздай тізілген комбайнға қызыға қарап тұрар едік. Одан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті…

Округ бойынша жер көлемі 49 632,85, оның ішінде жайылымдық 2 6752, 56, егістік 13459,64 гектар. Қай заманнан егін егіп, ел дәулетін арттырып келе жатқан өңірде жерге алтын дән себілмей, игерілмей қалу деген болған емес. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Ауылдық округ бойынша 75 шаруа қожалығы мен 15 жеке кәсіпкер тіркеліп, олар ауыл шаруашылығы мен басқа салаларда еңбек етеді. Осы жеке шаруашылық құрылымдарында 120 адам тұрақты, 62 адам маусымдық жұмыстарға қамтылған.

Биыл күздік бидай 3112, арпа 2551, мақсары 5304, жоңышқа 600 гектар алқапқа егіліген. Егін жинау науқаны ойдағыдай аяқталыпты. Түркістандық дихандар жер қадірін қалай түсінсе, техниканы да жаңартып отыруды ұмытпайды. Былтыр 13 ауыл шаруашылығы техникасы 155 миллион 180 мың теңгеге лизингке және шаруалардың өздерінің қаражаттарына алынған. Ал биыл жыл басынан бері «Тасбұлақ», «Азамат-2002» шаруашылық құрылымдары жаңадан «Беларусь-892», «Беларусь-28,1» алыпты. Техниканы жаңалау жыл бойы жалғаса беретін көрінеді.

Берекелі өңірде мал басы да жыл сайын арта түсуде. Мүйізді іріқара 1 586, қой- ешкі 16 129 және жылқы 720 бас. Округ бойынша ветеринариялық пункт мамандары мал емдеу жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Жыл басынан бері 13 000 бас уақ мал, 1 600 мүйізді ірі қара малға аусыл ауруына екпе егілген. 1 100 бас мүйізді ірі қара малына тейлериоз ауруына қарсы және сібір жарасына қарсы 3 000 уақ малға басқа екпе егілген. Округте мал өлексесін тастайтын «Беккер» шұңқырының жобалық-сметалық құжаты аудандық құрылыс бөлімі арқылы дайындалып, жері таңдалып, қазір арнайы сараптамадан өткізіліп жатса керек.
Биыл жергілікті бюджет есебінен аудандық маңызы бар Жаңатас қаласы мен Ә.Бүркітбаев ауылы арасындағы 8,56 шақырым жол 233 466 мың теңгеге орташа жөндеуден өтіпті.

Аудандық электр жүйесі мекемесі тарапынан үш ауылдың араларындағы электр бағаналарындағы ескірген сым ауыстырылған. Қазір бұл жұмыс ауылдарда қолға алынуда. Ә.Бүркітбаев – Арыстанды ауылдары арасындағы ойылған жерлер жөнделуде, Арыстанды ауылындағы А.Асанов көшесі бойынан балалар ойын алаңшасы салынуда.Үшбас ауылындағы орталық көше бойынан шағын футбол алаңының құрылысы жүруде. Ә.Бүркітбаев ауылындағы С.Бекпенбетов көшесінен саябақ қоршалуда. Арыстандыдағы А.Әлиев көшесі бойына орнатылған электр жарығы ауылды түн мезгілінің өзінде жарқырата түскен. Осы көшенің бойынан асфальт жабындысы төселетін көрінеді. Көшелерді жөндеу екі ауылда да жалғасын табатынын да естідік. «Жомарт жүрек» жобасы аясында 40 жылдық түлектер «Ақырқа» асуының төбесіне 500 мың теңгеге «Барыс» монументін орнатып, «Мейірім» жобасы аясында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетілген.

Әлеуметтік салаға да баса назар аударылатынын да еске салған Ж.Арыстанбеков округ бойынша 72 көпбалалы ана, 35 мүмкіндігі шектеулі азамат және 10 аз қамтамасыз етілген отбасы бар екенін де жеткізді. Биылғы бірінші тоқсанда 14, екінші тоқсанда 14, үшінші тоқсанда 16 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындалып, жыл басынан бері аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға 350 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Округте «Асар» жобасы арқылы ауылдан тыс жерлерде еңбек етіп жүрген кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен бұрнағы жылы көпбалалы, тұрмысы төмен күрді ұлтының өкілі Ислам Гасановтың отбасына тұрғын үй салынды. Былтыр да осы қайырымды азаматтар Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны, толық емес отбасы, еңбекке жарамсыз Қуат Сартаевтың үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп берді. Биыл көпбалалы, аз қамтылған отбасы, орыс ұлтының өкілі Вася Орищуктің үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын көріп, берекелі өңірдегі ел бірлігі мен ынтымағына сүйсіндік.

Түркістан ауылдық округіне сапарымызды Арыстандыда аяқтап, ауыл қариясы Тахир Аджповқа сәлем бере барып, дастарқанынан дәм таттық. Тахаң қазақ- күрдіге тән қонақжайлықпен, құшағын жая қарсы алды. Елдің амандығын қозғап, облыс, аудан басшылығы тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен көмекті айтты. Сөз арасында мал жанынан да хабар беріп, 40 сиыр, 15 жылқы, 140 уақ малы және 1000-дай түйе тауығы бар екенін де жеткізіп, Құдай қосқан қосағы екеуі бес қыз, бір ұл өсіріп отырған отағасы елдің бірлігі жайлы да сөз қозғады.

– Бұрынғылар «қазақтан асқан халық жоқ, жергілікті ұлттың бірде-бір азаматын ренжітпеңдер, біз бір ауылды тұтастай мекен етіп, бала көріп, немере сүйіп бақытты ғұмыр кешіп отырғанымыз, осы қазақтың, Сарысудың қайырымды халқының арқасы» деп отыратын. Жетпіске жетіп, қариялық жасқа келгенде жастарға мұндай өсиетті бүгінде біз айтатын болдық. Құдайға шүкір, ауылда болсын, Түркістан ауылдық округіндегі торқалы елдің ынтымағы алдыңғы толқынның осындай сөзінен бекем бола түскен шығар. Бізде торқалы той да ортақ, топырақты өлім де ортақ. Қуаныш болған үйге «Құтты болсын!» айтып, қазалы шаңыраққа «Ой, бауырымдап» барып көңіл айтуды көрсетіп кеткен тағы да сол үлкендер. Осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында біздер бірге туған бауырдаймыз. Мына Гүлнұр қызым Жаңатастан жиі келіп, түрлі мәдени- көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, басы-қасында жүргені. Ал Жанысбек болса, екі күннің бірінде осында, – деді Тахир қария.

…Ымырт үйіріліп, қас қарая Жаңатасты бетке алдық. Соңымызда еңбектің тай қазанын қайнатқан, ел бірлігін сақтаған Вали Ахметов, Жаңабай Дәндібаев, Сухадин Хасимов, Телман Әлиев сынды Арыстандының ғана емес, Сарысудың өсіп- өркендеуіне үлес қосқан ел азаматтары мекен еткен ауыл қалып барады…

 

Амангелді ӘБІЛ
Сарысу ауданы.

 

Comments are closed.