- Advertisement -

Ауыз су мәселесі алаңдатады

43

- Advertisement -

Мәселенің мәнісі Меркі ауданы, Жамбыл ауылындағы Өмірбек Қабылов көшесінде тұратын көпбалалы ана Жайна Қырықбаева жайында болып тұр.

Ауылда ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен оңынан шешілуде. Дегенмен, ішінара суға қолы жетпей жүрген отбасылар да бар. Мысалы, Жайна Қырықбаевалардың суды көршілерінен тасып ішіп жүргеніне екі жылдан асыпты. Жас отбасы қазіргі ахуалына қарамастан қолдан келсе, Үкіметке алақан жаюдан аулақ. Алайда осыдан 5 жыл бұрын Жайна үй алдына құдық қағып шығарған тұщы су бүгінде тартылып кеткен.

Амалы таусылған отбасы 20 метр тереңдікке құбыр тастаса да қайыр болмаған. Су жоқ, бітті. Содан жас отбасының ахуалын айтып аудан әкіміне екі мәрте өтініш жаздық. Қуанышымызға қарай, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев аталған мекенжайға барып, көшеге келіп тұрған судан Жайналардың үйі шамамен 150-200 метр қашық орналасқанын білген.

Алайда, аудан басшысының орынбасары бір жауабында 200 метр қашықтыққа құбыр тартылса, судың бізге жетпейтінін айтты. Кейін ауданның қаражаты жоқ деп сендірді. Бірақ осы екі жауапқа кім сенеді?

Жайна мен Сержанның екі үлкен қыздары мектепте оқыса, кейінгі құлындары әлі мектеп жасына да жеткен жоқ. Үш бөлмелі үйдің ахуалы адам шошырлық халде. Іргесі үгітілген қырық жамаулы үйдің қай күні жарамсыз қалатыны белгісіз. Қала берді отағасы да ауыр жұмысқа жарамай, денсаулығы сыр бере бастаған. Несиелері де үсті-үстіне үйіліп, берешегінен пайызы әлдеқайда көбейіп кеткен. Сержанның тапқан- таянғаны бір отбасының ас-суынан артылмайтыны содан екен.

Ауданда көпбалалы, аз қамтылған, ерекше қабілетті бала асырап отырған отбасылар баршылық. Оларға үкімет те жәрдемдесіп, қажетінше қолдау көрсетсе, қайырлысы сол емес пе?


Әшен ҚЫРҒАБАҚОВ,

еңбек ардагері

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support