- Advertisement -

Жамбыл жерінен Нұр-Сұлтан төріне

120

- Advertisement -

Диқан қауымы үшін қарбалас шақ, әрі жиын-теріннің қызған тұсы. Шаруа өндірген өнімімді қайда өткеремін деп те алаңдайтын мазасыз тұс осы кез. Осы ретте ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелер шаруаның өнімін делдалсыз нарыққа шығаруына сеп болуда. Тараз қаласында да күзгі жиын-терін басталғалы бірнеше жәрмеңке ұйымдастырылды. Ал кеше жамбылдық шаруалар өз өнімдерін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жәрмеңкеге «Жамбыл жерінен Нұр-Сұлтан төріне» атты керуенмен жолға шықты.

Аудандардан жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер таң сәріден тұрып, Тараз қаласындағы автобекет аумағында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы дайындаған ондаған жүк көліктеріне тауарларын тиеді.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жинеқұловтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне облыстан Тараз қаласы мен барлық аудан кәсіпкерлері тартылған. Жәрмеңкеге жалпы құны 423,2 миллион теңгені құрайтын 495,8 тонна ауыл шаруашылығы тауары және 10 тонна қант жіберілмек.

– Бұл жәрмеңкеге облысымызда 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасына қатысушы ауыл шаруашылығы кооперативтері де атсалысуда. Атап айтсам, кооперативтермен қатар шаруа қожалықтар елордаға 47 тонна ет, 15 тонна тауық еті, 14 тонна шұжық пен 38,8 тонна сүт өнімдерін жөнелтті. Бұдан бөлек, 6 мың жұмыртқа, 10 тонна кондитерлік, 13,4 тонна макарон өнімдері, 10 тонна балық, 6 тонна бал, 5,5 тонна мақсары, 336,1 тонна көкөніс-бақша және жеміс-жидек өнімдері бар. Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілері өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға өткеруге мүмкіндік береді. Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен өткерілетін болады, – дейді Ербол Жұмабекұлы.

Жәрмеңкеге Сарысу ауданынан 13 шаруа қожалық қатысуда. Олар 5 сиыр, 2 жылқы, 35 қойдың етінен бөлек, 700 литр қымыз, шұбат пен 500 килограмм тұз әкеліпті. Досбол ауылдық округінің әкімі Нұрлан Молдабеков жәрмеңкеге округтегі шаруалар үнемі атсалысып келе жатқанын айтты. Біздің округтің шаруалары Тараз және аудан орталығы Жаңатас қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерден тыс қалған емес. Үнемі қатысып, мал еті мен сүт өнімдерін ойындағы бағаға өткеріп жүр. Өз беттерінше мал етін базарларға апарып өткізейін десе арзанға бағаланады. Ал жәрмеңке оларға үлкен мүмкіндік. Елордада өтетін жәрмеңкеге бұл жолы тек мал етін әкеліп отырмыз», – дейді Ербол Жұмабекұлы.

Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 47 тонна мал етінің 9 тоннасы бір ғана Сарысу ауданына тиесілі екен.
Байзақтық шаруа, «Жеміс-жидек» шаруа қожалығының жетекшісі Жәнібек Құлпашов 1,5 тонна қараөрік артуда.

– 30 гектар жеміс-жидек алқабым бар. Онда алма, қара өрік, өрік, шабдалы бар. Алманы жинап үлгермедік. Алдағы жәрмеңкелерге алма, шабдалы және басқа жемістерді жинап өткеретін боламын. Елордадағы жәрмеңкеге биыл екінші рет қатысқалы отырмын. Биыл Тараз қаласындағы екі жәрмеңкеге қатысып, жеміс-жидектерді делдалсыз жақсы бағаға өткіздім. Әрбір жәрмеңкеден қалмауға тырысудамын. Жәрмеңке біз үшін өнімді халыққа делдалсыз өткеретін зор мүмкіндік. Елордаға апаратын қара өріктің әрбір килограмын 200 теңгеден бермек ниеттемін, – дейді шаруа.

Былтыр бұл шаруашылық жеміс-жидек алқабынан – 30 тонна өнім жинаған болса, биыл 53-60 тонна өнім аламын деген үмітте. Жас бау- бақшаның өнім бере бастағанына да екі-үш жыл болыпты.
Жуалы ауданынан да жеткізілген жеміс-жидек пен сүт өнімі мол. Бір ғана «Қуана бер» шаруа қожалығы жүк ккөлігіне 4 тонна Жуалының апортын артқан.

– Елордамызда өтетін жәрмеңкеден жуалылық шаруалар да тыс қалып жүрген жоқ. Осы жәрмеңкеге аудан шаруалары 3 тонна сүт өнімдерін, 2 жылқы мен 2 сиыр, 1 тонна тауық етін артты. Жеміс-жидегінен бөлек, 1 тонна сәбіз, 5 тонна қырыққабат, 1,5 тонна сәбіз және 800 килограмм бал бар. Ауданда тоқыма қолөнері жақсы дамып келеді. Бұл іспен айналысатын «Ақсай» ауыл шаруашылығы кооперативі кілемдер мен қолөнер бұйымдарын да сатылымға қоймақ ниетте, – дейді Жуалы ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына бет алған керуенді облыс басшылығы Тараз қаласының шығыс қақпасына салтанатты жағдайда сәт-сапар тілеп, шығарып салды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Тараз қаласы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support