- Advertisement -

Ата заңым – айбыным!

232

- Advertisement -

ҚР Конституциясы – мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы құжат екенін баршамыз білеміз. 1995 жылы қабылданған Конституцияға әр жылдары өзгерістер енгізіліп, жаңарғанынан да халық хабардар. Сонымен қатар биыл жалпыхалықтық референдумда Ата заңның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу туралы ұсынысқа дауыс бердік. Осылайша халықтың басым көпшілігі дамудың жаңаша бағытын қолдайтынын аңғартты.

Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты жиыннан жамбылдықтар да шет қалмады. Мереке қарсаңында өңір тұрғындары «Баласағұн» орталық концерт залында өткен талантты өнерпаздардың концертін тамашалады.

Мерекелік іс-шараның алдында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі.

– Конституция қоғамдық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Тұрақтылық – ел экономикасының дамуының басты факторы. Бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталып, аграрлы сектор мен әлеуметтік салада тұрақты жағдай қалыптастырып отыр. Қымбатты жамбылдықтар, бұл күн еліміздің әрбір азаматы үшін ең маңызды және басты мерекелердің бірі. «Көптің сөзі – киелі!» дейді дана халқымыз. Ел талқысынан өтіп, таңдауға айналған басты құжатымыздың авторы барша Қазақстан халқы. Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихында тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз дәуірге қадам басты. Ата заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Біз аз уақытта айбары асқан қуаттылыққа, дәулеті тасқан әлеуетті елге айналдық. Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегінде топтасты. Еуразия кіндігінде орналасқан елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде таңдалды, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Бұдан соң өңір басшысы ҚР Конституциясы адам өмірін, құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі құжат екенін тағы бір мәрте айтып, сан салада өңірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік жиында жамбылдықтар күмбірлеген күй мен әуезді әндерді ерекше ықыласпен тыңдап, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

 

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support