- Advertisement -

Қазақ қарасөзінің қайраткері

337

- Advertisement -

Талант пен тағдыр ежелден егіз ұғым секілді. Әдебиеттің тарихында да талантты адамның тағдырлы болатыны жайлы деректер көп-ақ.

Сондай-ақ шығармашылық адамына өзі өмір сүрген заманның, қоғамның түрлі құбылыстары да әсер етпей қоймайды. Көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың да балалық шағы ауыр болды. Болашақ қаламгер ата-анасынан ерте айырылып, ағасы Қасым екеуі тағдырдың тауқыметін тартады. Бұл ретте жазушының ұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» атты кітабында кеңінен жазады. Өмірдің түрлі өткелінен өткен, тағдырдың басқа салған сынағын қайыспай көтерген Кемел Тоқаевтың әрбір шығармасында шынайы өмірдің суреті тұнып тұратыны сондықтан. Тағдыры маңдайынан сипамаған бала Кемел ағасымен бірге интернатта оқиды. Бұл сәттерді Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әкейдің ағасы интернаттан кейін фельдшерлік училищені аяқтаған соң, Свердловскіге жіберіледі. Сонда жас офицерлерді әзірлейтін қысқа мерзімдік курсты тәмамдайды. Сабақтан бос уақытта інісіне хат жазады. Сондағы хаттары оқыған адамды бейжай қалдырмайды, мағынасы терең, әр жолынан інісіне ағалық қамқорлықтың лебі еседі. Қасым әрбір хатында Кемелге оқуға жауапкершілікпен қараудың және қоғамдық тапсырмаларды орындаудың маңыздылығын еске салады. Ол інісінен төбелесқой балалардан алыс жүріп, өзін сақтауды тапсырады.

Былайша айтқанда, Қасым қайғылы жағдайда өмірден ерте кеткен ата-ананың орнын басуға ұмтылып, бар жауапкершілікті өз мойнына алған. Алғыр шәкірт ретінде интернаттағы оқуды әкей еркін игереді. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін жақсы оқиды. Мектепте жүргенінде ол Абайдың шығармашылығымен танысып, ұлы ақынның, қазақ даласынан шыққан философтың дана туындыларын ерекше жақсы көрді. Осының бәрі мамандық таңдауына әсерін тигізгені анық», деп суреттейді. Осы бір шағын ғана үзіндіде өмірдің боямасыз шындығы жатыр.

Кемел Тоқаевтың қым-қиғаш тағдыры көз алдымызға келеді. «Әкем өмір бойы білім алуға ұмтылды, шектен тыс еңбекқор һәм тиянақты еді», – деп жазады Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сонымен қатар жазушының соғыста болған сәттерін «Әкей танк полкімен бірге Беларуссияда, Украина мен Польшада болған, Сталинградты қорғауға қатысқан. Ұрыстағы ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылдың аяғында Отан соғысы орденімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталды», – деп жазса, шығармашылық портреті туралы «Көркем шығарма жазу үстіндегі әкейдің түнгі толғаныстары әлі есімде. 50 жылдары біздің отбасы өте ауыр тұрмыстық жағдайларда өмір сүретін – барлығымыз коммуналдық пәтердің жалғыз тар бөлмесіне сыйып тұрдық.

Түнде оянып кетсем, әкей үстел шамының әлсіз жарығымен қағаздарына шұқшиып отыратын», – деп жазады. Кемел Тоқаевтың тағдырмен тайталаса жүріп, талай тың туындыларды өмірге алып келгені оқырманға аян. «Әке туралы ой-толғау» кітабында Кемел Тоқаев сияқты қаламгердің кемел кеңістігі, кенен дарыны кеңінен қамтылған.

Уақыттың серті де, қоғамның дерті де, жалпы, қандай құбылыс болмасын, жазушының қаламынан тыс қалмайды. Адамдардың күрделі әлемі, жаратылыс жұмбағы, жер бетінде болып жататын қым-қиғаш оқиғалар, барлығы да қаламда тұнып тұрған бір-бір тағдыр. Әлбетте, жазушы дегеніңіз бастан өткен хикаяларын, көрген-білгенін жаза беретін жазарман емес, ол биік парасат иесі. Әрі-беріден соң қоғамды кесапаттан алдын ала сақтандырушы әулие тектес тұлға. Жазушы нені жазуды емес, қалай жазуды мұрат тұтуы керек деген әлемдік әдебиетте қағида бар. Әлбетте бұл бек рас. Алайда қалай жазса да жазушы өзі өмір сүріп отырған қоғамды, дәуірді, жалпы алғанда уақыттың құбылысын қағазға түсіреді. Қаламгердің әрбір шығармасында өмірдің ақ пен қарасы қатар өріледі. Қазақ әдебиетіндегі көрнекті тұлға Кемел Тоқаевтың шығармашылығы да сан-салалы, күрделі. Оның әрбір шығармасынан өзі өмір сүрген дәуірдің, кезеңнің келбетін көруге болады.

Кемел Тоқаевтың әдебиеттегі буыны соғысты көзімен көрген, қасіретіне куә болған тағдырлы буын. Қан кешіп жүрсе де қаламын қолынан тастаған жоқ. Қасым Аманжолов, Қасым Қайсенов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Әбдіжәміл Нұрпейісов және өзге де қаламгерлермен бірге майдан даласында елін, жерін қорғады. Жасынан жетім қалған жазушының жігіт бола бастаған шағында туған ағасы Қасымнан қапыда айырылып қалуы да оның тағдырындағы ауыр кезеңдердің бірі еді. Ағасы Қасымнан қара қағаз келген күн Кемел үшін аса қайғылы сәттердің бірі болды. Сондықтан да Кемел Тоқаев соғыс қасіретін терең қозғады. Шығармаларында соғыс оқиғаларын суреттеп қана қоймай, сол бір сұрапыл жылдардың адамзат баласының басына түскен нәубетін егіле жазды. Жазушының «Солдат соғысқа кетті» деген шығармасында соғыс шындығы жан-жақты айтылады.

«Қызыл вагондар жол бойын тұтас алып самсап тұр. Бәрінің есігі айқара ашылған. Қанша кісі кірсе де апыр-топыр жұтып жіберетін түпсіз апан секілді…», деген жолдардан адам жаны түршігеді. Расында да, бұл жерге қанша адам мініп, қанша адам қайта түспей қалды. Соғыстың зардабынан беймәлім жұмбақ күйінде қалған тағдырлар да аз емес. Сол «қызыл вагондар» талай тағдырды түпсіз апанға апарып тастады. Шығарманың басты кейіпкерлері Мұхамед деген адал азамат, Мейірманов деген ержүрек сержант. Қазақтың қайсарлығы бойына біткен осы екі жігіт жау самолетін атып түсіреді… бірақ, олардың ерлігін өзге біреу иемденеді.

«Жалын аралас қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Власов жүгері арасынан қуана жүгіріп шықты», дейді жазушы. Ол жау самолетін «қиратқанын» айтып, «сүйінші» сұрайды. Содан жүгері арасында бұғып жатқан Власов құрметке бөленеді де, Мейірмановтың шынайы ерлігі ескерусіз қалады. Алайда қылдай қиянатқа төзбейтін әділ азамат Мұхамед сол бойда екеуінің винтовкасын тексертіп, ақыры жау самолетін атып түсірген Мейірманов екенін дәлелдейді. Ал, Власов болса Мұхамедтің бұл әрекетіне әрине кектенеді. Бұл жерде жазушы майдан даласындағы оқиғалармен қатар, адамдар арасындағы майданды да суреттейді. Сойқан қақтығыстар адамды түрлі ойларға жетелейді. Енді қараңыз: бірін-бірі қиратып, өлтіріп жатқан майдан даласы. Жаумен алысқан жауынгерлер.

Сондай-ақ адамдар арасындағы ақ пен қараның айқасы да бар мұнда. Жау самолетін атып түсірген Мейірмановқа түсінде біреу келіп 28 октябрь күні өлетінін айтады. Дәл сол күні Мейірманов жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Алайда арада екі жыл уақыт өткенде оны Власовтың өлтіргені белгілі болады. Мұхамед Польшаның Ломда қаласының түбінде Мейірмановты өлтірген Власовпен кездеседі. Жазушы бұл шығармасында атаққұмарлық, даңққұмарлық сияқты жағымсыз әрекеттерді астыртын сынға алады. Ерлікті дәріптеу арқылы ертеңгі ұрпаққа сабақ боларлық кейіпкерлер әлемін қалыптастырады.

Жазушының «Сарғабанда болған оқиға» повесінде Сарғабанның сазында отырған Сәндібала ауылының түрлі тағдыр-талайы суреттеледі. Шығармадағы Сәндібала, Талғат, Гүлсара, Нұржан және өзге де кейіпкерлер жазушы шеберлігімен дараланып көрінеді. Сол сияқты, «Түнде атылған оқ» повесі де Кемел Тоқаевты қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының шын шебері ретінде танытты. «Түнде атылған оқ қара орманды жаңғыртты. Мырзаш кеудесіне біз сұғып алғандай сезінді. Жандырып күйдіргендей. Сол сәтте есінен айырылып, талықсып құлап бара жатты», дейді жазушы. Жалпы, жазушы Кемел Тоқаев шығармаларында оқиғаны қолдан құрастыру, оған адам санасына сыймас әсер беруге ұмтылу, оқиғаларды қатты шиеленістіріп, ақыры түйінін таба алмай қалу деген кемшіліктер жоқ. Шығармадағы кейіпкерлердің табиғатымен қатар, жер атаулары да өзгеше. Қазақтың тарихқа һәм табиғатқа бай «Ешкіөлмес», «Перісоққан» деген жерлерінде түрлі оқиғалар өрбіп отырады. Сонымен қатар жазушының «Қастандық», «Көмескі із», «Арнаулы тапсырма» шығармалары да айтар ойымен де, мазмұнымен де, әлеуметтік салмағымен де құнды рухани дүниелердің қатарына жатады. Ал «Соңғы соққы» романының қалай туғаны жөнінде белгілі ғалым Шериаздан Елеукенов өз естелігінде жазады.

Жазушы Қалмұқан Исабай да «Тоқаевтың үш сыйлығы немесе Дутов ұясының қалай талқандалғаны жөніндегі хикаят» атты естелігінде Кемел Тоқаевтың аталған шығармасы туралы сөз қозғайды. Жалпы, Кемел Тоқаевтың шығармашылығының негізгі өзегі, айтпақ ойы – адалдық пен әділдік. Оның ішінде Отанға, адамға деген адалдықтан бастап, қызметке, мамандыққа деген де адалдық бар. Жазушының негізгі кейіпкерлері қара қылды қақ жарған, анық төрелігін айтатын адамдар. Мәселен, «Таудағы жаңғырық» деген әңгімесін алайық. Шығарманың өзі адам жанын селт еткізетін оқиғадан басталады. «Алыстан жарқылдаған сәуле көрінді. Зымырап жақындап келеді. Жарығы молайып, жайыла түсуде. Тілек бойын әрең жинап, тәлтіректеп орнынан тұрды», дейді жазушы. Оқиға мұнда бірден шиеленіседі. Яғни, Тілектің аяқ астынан болған өлімі шығарманы күрделі арнаға бұрады. «Араққа сылқия тойып алған» екеу машиналарымен Тілекті қағып өлтіреді. Әдейі емес, жазым. Қылмыс жасаған бұл екеудің кімдер екені басында айтылмайды. Оқиға орын алғаннан кейін жазушы облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полковник Ердәулетовтің бейнесіне, қырағылығына баса мән береді. Жоғарыда айтылған әділдік, адалдық сияқты керемет қасиеттерді Кемел Тоқаев Ердәулетов бейнесі арқылы көрсетеді. Әуелі орынбасары Шелковников Тілектің өліміне байланысты тергеуді Трухин дегеннен бастайды. Шындығында, бұл қылмысқа Трухиннің түк қатысы жоқ еді. «Екеуі отырған шөмеле маңын, екі ортадағы көк жазықты түгел шарлап, тінтіп, тексеріп шығыңдар. Жаяу адам өлікті алысқа апарып жасыра алмайды.

Ол маңнан Тілекті таба алмасаңдар, онда Трухиннің айтқаны дұрыс, оның сөзіне сенуге болады. Дереу босатқан жөн», – дейді Ердәулетов. Бұдан әрі жазушы оқиғаны қайтадан күрделі арнаға салады. Тәртіп сақшыларының «Москвич» маркалы көліктердің бәрін де қарауы арқылы біраз дүниенің ашылу сырын аңғартады. Әңгіменің басында «Москвич» көлігімен келе жатқан әлгі екеу Тілекті қағып кетіп, артынша ізін жасырып үлгереді. Сынған алдыңғы терезесінің сынықтарын жинап, оқиға орнынан тайып тұрады. Міне, енді милиционерлер аудандағы барлық «Москвич» көлігінің терезелерін қарап жүр. Соңында қылмысты жасаған Банков пен Жалакин дегендер екені қылаң береді. Жазушы оқырмандарын тылсым сырға одан әрі тартып және тәртіп сақшыларының қырағылығын көрсете отырып, қылмыскерлердің торға түсу сәтін бейнелейді. Қаламгер қиыннан қиыстырып әкеліп, қылмысты Банков пен Жалакиннің жасағанын бұлтартпас дәлелдер арқылы баяндайды. Бұдан арғы оқиғаларды жазушы философиялық ойға құрады. Әңгіменің аты «Таудағы жаңғырық». Адам өлімі тауда болды. Енді әлгі екеудің қылмысын таулар жаңғырып, адамдарға айтып тұрғандай әсерлі суреттейді. Ал қылмысты мойындай салу оңай ма? Әрине, оңай емес. Банков сонда не деді? «Мейлі, сол жазасын алып тынайын. Арым таза болсын», – деді. Жазушы бұл жерде ардың азабы ең ауыр азап екенін ескертеді. Осы бір оқиға арқылы оқырманға соны ұқтырады.

Кемел Тоқаев шығармаларында ақиқат желісі үзілмей, қайта бір шығармадан екінші шығармаға қарай ширығып отырады. Біз жазушының бірқатар туындыларынан мысал келтіріп, әрбір шығарманың өмірдің өзіндей шынайы болмысына тоқталдық. Қаламгер «Замандас сыры» атты деректі повесінде де адамдардың тағдырын терең тебіреніспен бейнелейді. Повестің «Алғашқы кездесу» деген бөлімінде Кемел Тоқаев Қасым Қайсеновпен бірге Киевке барғанын жазады. Бұл жалаң баяндау емес, соғыстың ауыртпалығын еске ала отырып, бірқатар жайттарды баян етеді. Жазушы бұл жерде Ирина деген қыздың тағдырына ерекше мән беріп, сол туралы жазады. Шығарманың «Жұмбақ қыз» деген бөлімінде Алексей Васильевичтің айтуы бойынша Ирина туралы деректер белгілі бола бастайды. Бұдан әрі жазушы оқырманды шығарманың шыңырауына тартып, өзінің жазу мәнеріндегі ерекшеліктерді көпшілікке жеткізеді. Әрине, бұл жерде Кемел Тоқаев шығармашылығын тұтас қамту мүмкін емес. Қаламгер шығармаларының шындығы хақында тек қана оны оқыған адамдар ғана біледі.

Кемел Тоқаев әр жылдары «Лениншіл жас», (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газеттерінде жұмыс істеген. Жазушының әр жылдары қаламынан туған журналистік зерттеулері мен публицистикалары да қаламгер мұраларын одан әрі байыта түскен дүниелер. Кемел Тоқаевтың жазушылық ізденісінен бөлек, журналистік жолы да арнайы зерттеуді қажет етеді. Жазушының «Көшкен үйдің қонысы қайда?» атты шығармасында Жамбыл қаласы туралы айтылады. Себебі, Әулиеата жерінде де Кемел Тоқаевтың ізі қалған. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң, сол кездегі облыстық «Сталиндік жол» газетінде еңбек еткен. Бұл туралы жазушының пер зенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой-толғау» атты еңбегінде «Университетті бітірген 1948 жылы әкей Жамбыл қаласына барып, облыстық газетте бір жыл істеді, соңынан Алматы қаласына «Қазақстан пионері» балалар газетінің редакциясына ауыстырылды», деп жазады.

Әулиеата жерінде жүріп, әлеуметтік ауқымы кең мәселелерді көтерді. Талай жылғы тарихтың куәгеріндей болған архивтегі сарғайған газет тігінділерін ақтарғанда да бұған көзіміз жете түсті. Мәселен, 1948 жылы 18 тамыз күні жарық көрген газеттің №164 санындағы «Алыстағы қалыңдық», 1948 жылы 28 қыркүйек күнгі газеттің №193 санында жарияланған «Темекі егушілердің еңбегі», 1948 жылы 24 қазан күнгі №212 санында жарияланған «Жас гвардия» және өзге де мақалалары сол уақыттың тамырын тап басқан дүниелер еді. Кемел Тоқаевтың Жамбыл өңірінен басталған журналистік жолы жазушыны биікке көтерді. Еліміздің беделді басылымдарында ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарды. Атаққа, мансапқа, дүниеге қызықпаған қарапайым қалпында қаламын жанына серік етіп ғұмыр кешті.

Кемел Тоқаевтың шығармалары шынайылығымен ерекше. Жазушы туралы жан тебірентерлік естеліктер де көп. Шериаздан Елеукенов кезінде Кемел Тоқаевтың кітаптары 450 мың данамен тарағандығын, жазушының шығармаларына деген сұраныстың өте жоғары болғанын жазған. Ал академик Серік Қирабаев «Кемел – мінезге бай, көп сөйлемейтін, сабырмен отырып тыңдауға жалықпайтын, жүріс-тұрысы сыпайы, әрқашан таза киінетін сырбаз жігіт еді. Әділдікті, шындықты ғана айтатын. Біреуге жағымпазданып, өзін көрсетуге тырыспайтын, таза еңбектің адамы болды», деп жазады. Жалпы, Кемел Тоқаевтың шығармашылығы, кісілік келбеті туралы көп жазылды. Сол еңбектердің бәрінде де Кемел Тоқаевтың талантымен қоса, әділ, шыншыл, ақиқатшыл тұлға болғаны айтылады. Сол үшін де қазақ оқырманының Кемел Тоқаевқа деген құрметі жоғары.

 

Хамит ЕСАМАН

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support