- Advertisement -

Мектепке қарай жүгірдім…

57

- Advertisement -

Жадыраған жаз да бітті. Келген күзді сыңғырлаған жез қоңырау үнімен қарсы алудың өзі ғанибет. Мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттері де ерекше. Әріп танытып, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін, достарын сағынған балалардың бұл асығуларының өзі ғажап.

Жаңа оқу жылында облысымыздағы 447 мектеп 244 мың оқушыға есігін айқара ашады. 23 мың оқушы жаңадан 1-сыныпқа келеді. Демек, олар әліппенің сиқырлы әріптерімен таныстырып, қолға қалам ұстауды үйрететін алғашқы ұстаздарымен де осы білім ошағында табысады. Ғалымның да, ел қорғаған батырдың да, тілінен бал тамған ақынның да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшының да, егін салған диханның да, мал бағып, терін төккен шопанның да, тіпті, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкердің де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алғанын тарыдай болып кірген сәттен түйсіне бастайды. Мектеп – үлкен өмірге дайындайтын құтты мекен, жаңа таныстық, үлкен өмірге қадам басар баспалдақ. Бала жақсы мен жаманды айыруды, қателіктерді қайталамауды, достасуды, өзгені ғана емес, өзін тануды да осы мектеп табалдырығынан бастайды. Ал мұғалім – сол мектептің жүрегі. Ғалымды да, шахтерды да бас идірген ұстаздың міндеті жауапты. Олар оқушыға тек кітап бетіндегі жазуды ғана үйретіп қоймай, өзінің өмірлік ақыл-кеңесін де санасына құяды.

Міне, ұстаз бен шәкірт арасындағы адами түсіністік осы күннен бастау алады. Бұл күннің құдіреттілігі сонда, одан әрі есейген жылдармен бірге өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын ала береді.

Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмірге топшысын қатайтып ұшыратын ұстаз, расында да, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Егер олай болмаса, біз неге ұстазды диханға теңейміз. Өйткені, ол әр адамның жанына білім дәнін себе біледі. Осы білімді алуға ұмтылған балаларды жадырап күтіп алатын ұстаздардың күні бұл. Білім беруге ұмтылған ұстаздарынан жақсы білім алуға ұмсынған шәкірттердің де күні.

Бұл күн – түпсіз білім тұңғиығына бойлауға асыққандардың күні…

 

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support