Саясат

Ұлттық идеологияның темірқазығы –­ мемлекеттілік

Ұлттық идеологияның темірқазығы –­ мемлекеттілік

19Ерлан ҚАРИН, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар кандидаты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана қаласы әкімдігінде сөйлеген сөзін қалың жұртшылық зор ықылас сезіммен қабылдап, қызу талқылауда. Әсіресе, Президенттің Астана активімен кездесу кезінде 2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланатындығы туралы мәлімдемесі ақпараттық кеңістіктегі негізгі тақырыпқа айналды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады.Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды. Біз – бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушыларымыз» – деген болатын. Осылайша, Елбасы қалың бұқараның көкейінде жүрген ойды дөп басып айтып қана қоймай, жаңа бастаманың төңірегінде бүкіл елді, халықты тағы бір жұмылдыра түсті. Әсіресе, Мемлекет басшысының айтқан сөздеріне жастар тарапынан ықылас сезімдері ерекше болғанын айта кеткен жөн. Жастардың Елбасы сөздерінен жігерленгендері соншалық, Президенттің мәлімдемесі ақпарат құралдарында жарияланысымен, интернетте, әлеуметтік желілерде өз әсерлерімен шынайы бөлісіп, Мемлекет басшысының сөздерін цитаталарға бөліп, біріне бірі таратып жатты. Осының өзі халықты біріктіріп, бір жұдырықтай жұмылдыратын нағыз шынайы ұлттық идея – мемлекеттілік екенін растайды. Әрине, кейбір сарапшылар мен бақылау­шылар Президенттің бұл мәлімдемесінің астарынан басқа бір мағына іздегені де жасырын емес. Бірін­шіден, біраз жұрт мәлімдемені, әсі­ресе, өзге елдердің де ХV ғасырда қазіргі за­ман­ғы стандарттарға сәйкес мем­лекеттің бүгінгідей болмағандығы жөніндегі сөздерді Президенттің ресейлік саясаткерлерге берген жауабы шығар деп ұғынып жатқанға ұқсайды. Екіншіден, Елбасының Тәуелсіздік азаматтар үшін ең басты киелі де қасиетті ұғым болу қажеттігі жөніндегі сөзі еліміздің алдында қашанда түрлі қатерлер бар екендігін аңғартқысы келген шығар дейді. Алайда, шын мәнісінде, Қазақстан басшысының мемлекеттіліктің тарихына қатысты ой-толғамдарының, тарихи сананы жаңғыртуға арналған бастамаларының тамыры одан да тереңде жатыр. Ең бастысы, Президент Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау бас­тамасы «Мәңгілік Ел» идеясының ұлттық идеялогияға айналуы қажет екен­дігін тағы бір аңғартады.

Қазақ хандығының мерейтойы – тарихи зерттеулердің нәтижесі

Біздің пайымдауымызша, соңғы мәлімдемесімен Нұрсұлтан Назарбаев бірінші кезекте қазақтың тарихына қатысты ұзаққа созылған пікірталасқа ресми түрде нүкте қойған тәрізді. Әдетте, қазақтың мемлекеттілік дәстүрі тым тереңге кете­тін­дігін тарихшылар жақсы біледі. Алайда, ХV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Қазақ хандығының құрылған нақты жылдарына қатысты зерттеушілер бір пікірге келе алмай, үнемі дауласатын. Ғылыми ортадағы бұл пікірталастар бұқараның тарихи санасына да өз ықпалын, дәлірек айтқанда, кері әсерін тигізбей қалған жоқ. Айналадағы халықтар өздерінің мемлекеттілік тарихын мыңдаған жылдарға апарып тіреп жатқан тұста және тарихты ғылым үшін емес тек қана саясат үшін сөз ететіндердің қарасы көбейген қазіргі кезде Қазақ хандығының құрылған кезін нақты анықтай алмау халықтың көңіліне кірбің ұялататын жайт еді. Енді, міне, бұл пікірталастарға тоқ­тау салынды. Және де Елбасының бұл шешімін тек саяси қажеттіліктен туындаған шешім деп қабылдау дұрыс болмас, себебі, ұлттық тарихтың бірден-бір зерттеушісі мен жанашыры кім десек біріншіден, Елбасының өзін атасақ әділ болар еді. Еліміздің дамуының түрлі кезеңдерінде, Президент саяси және экономикалық мәселелермен шұғылдана отырып, әрдайым тарих, руханият мәселелеріне де бірдей көңіл бөлетін. Президент көптеген зерттеулерге бастамашы болып қоймай, сол зерттеулердің қорытындыларын ғалымдармен ұзақ уақыт бірге отырып жиі талдайтын да. Елбасының бастамасымен, сол себепті, Қазақ хандығының құрылуы, ұлттың арғы-бергі тарихы, рухани және материалдық мәдениетін түбегейлі зерттеу мәселесіне басымдық берілді. Сол үшін мемлекет қыруар қаржы бөліп, көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, 2004 жылы ұлттың тарихы мен мәдени құндылықтарын тү­ген­деу үшін «Мәдени мұра» бағдар­ла­ма­сы қабылданып, жылдар бойы жүргізілді. Аталған бағдарлама үшін мем­лекет қазынасынан 8 млрд. 280 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Яғни, Президенттің бастамасымен жүзеге асырылған бағдарлама арқылы біз, ең алдымен, қазақтың тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне, өнеріне қатысты құнды деректерді жинақтадық. Тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді. Археологиялық қазбалар жүргізіліп, бабаларымыздан қалған құнды жәдігерлерді таптық. Тіпті, өзге мемлекеттердің ау­ма­ғын­да қалған бабалардың зираттарын да анық­тадық. Оларға мемлекет қаржысы арқылы жөндеу жұмыстары да жүргізілді. Оған нақты мысал ретінде, Дамаскіде Әбу Насыр әл-Фарабидің кесенесі мен тарихи-мәдени орталығын салу жұмыстарын, Дамаскідегі Сұлтан әз-Захир Бейбарыс кесенесінің, Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітінің реставрациясын атауға болады. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 537 кітап бір жарым миллион данамен шығарылды. Қазақтың дәстүрлі ән-күйінің «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күйі, 1000 әні» антологиялары жарық көрді. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Иран, Мы­сыр, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропа елдерінен қазақтың тарихына, мәдениетіне қатысты 5 мыңнан астам архив құжаттары, қолжазбалар, баспа өнімдері алынды. Яғни, тарихымызды түгендедік. Мол деректер жинадық. Енді сол деректерді ықтиятты түрде қорытып, сараптама жасап, ғылыми айналымға енгізу мәселесі тұр. Міне, осы «Мәдени мұра» бағдарламасының тікелей Президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылғанын ескеретін болсақ, демек, Елбасы өз мәлімдемесін тарихшы ғалымдардың біршама жылдарда жасаған зерттеулердің нәтижесін сараптай отырып шығарған және ғылыми негізделген ой түйіні деп қабылдау қажет. Рас, көрші елдердегі саяси жағдайлар бізге де өз ықпалын тигізетіндігі анық жайт. Қазақстанның да Украинадағы оқиғаларға бейжай қарамасы белгілі. Бірақ, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау тек сол оқиғалардың ықпалымен қабылданған шешім емес. Бұл биліктің ұзақ жылдар бойғы жоспарлы да тиянақты жұмысының бір нәтижесі. Нұрсұлтан Назарбаев Керей мен Жәнібек хандар жайлы тек осы жолы ғана айтып отырған жоқ. 2010 жылдың маусымында Астанадағы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші ашылған кезде сөйлеген сөзінде Президент: «Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманында ұйыстырған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткішін ашып отырмыз. Бұл тұғырлы тарихымызға, біздің елдік дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі. Баршаңыз білесіздер, Керей мен Жәнібек хандар қасиетті Қозыбасы жерінде Қазақ деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қағады. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген қазақ ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті. Түптеп келгенде Керей мен Жәнібек тұсында тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағынаны береді. Бабаларымыздың ұлыстың атына таңған азаттық аңсарын ақиқатқа айналдыру біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты», – деген еді. Бір сөзбен айтқанда, елдік дәстүрдің терең екендігін бұқараға сезіндіру үшін жасалған қадамдар. Тарихи сананы жаңғырту оңай іс емес екендігін ескерсек, Елбасының бастамалары бір-бірін толықтырған, тереңнен ойластырылған дүниелер. Астана­дағы жаңа көшелерге тарихи тұлға­лары­мыз­дың, көне қалаларымыздың, жер-су атау­­ларының берілуі де осы кешенді жоспардың бір бөлшегі. Президент астананы Алматыдан Арқа төсіне көшірген сәтте қалада ең бірінші тұрғызылған ескерткіш Кенесары ханға арналған болатын. 1990 жылдардың басында батырлар мен хандардың, 1995 жылы ұлы Абайдың мерейтойларын атап, 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп атау, 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын тойлау, 2001 жылы Астанаға Күлтегін ескерткішінің көшір­месінің әкелінуі, 2009 жылы «Қазақ елі» монументінің ашылуы, 2011 жылы Астанада «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының орнатылуы ұлттық тарихты насихаттап, елдік дәстүрді бұқараның санасында жаңғыртуға бағытталған жүйелі де салмақты саясаттың көрінісі мен нәтижесі.

Мемлекеттілік сабақтастығы

Мемлекеттілік дәстүрдің тереңдігін паш ету, оны айрықша атап өту ХХ ғасыр­дың екінші жартысынан бастап жиі байқала бастады. Шамасы, бұл да мемлекеттік идеялогиясының, қоғамды бір идея төңірегіне жұмылдырудың тәсілдерінің бірі болса керек. Тіпті, мұндай мерейтойлар қарсаңында көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер де шешімін тауып жатады. Мәселен, 1971 жылы Иран елі парсы мемлекеттілігінің 2500 жылдығын тойлаған. Олар өз мемлекеттілігінің басын Ахемен әулетінің патшасы Кирден бастайды. Осы мереке қарсаңында елде 2500 мектеп салынды. Көптеген қалаларда абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ірі кәсіп­орын­дар мен компаниялар мектеп, ауру­хана салу жұмыстарына белсене қатыс­ты. Мерейтойдан хабар тарату үшін әлем­нің ірі БАҚ-тары мен ақпараттық агент­тіктерінен 600-ден астам журналист келген. 52 мемлекеттің басшылары мен үкімет басшылары қатысты мерекеге. Бір сөзбен айтқанда, Иран үшін аса ірі PR акция болды ол. Алайда, мерейтой қарсаңында бірінші кезекте елдегі білім беру жүйесіне түбегейлі өзгерістер жасалды. Сауатсыздық мөлшері төмендеді. Жұмыссыздар саны азайды. Денсаулық сақтау мекемелерінің саны артты. Яғни, парсылар өз мемлекеттілігінің мерейтойын тек тамаша идеологияға ғана емес, әлеу­меттік-экономикалық жаң­ғы­рудың құралына айналдырған болатын. Бүгінде Иранның үлгісін Түркия пай­да­лануда. Түріктер 2023 жылы өтетін Түр­кия Республикасының 100 жылдығына арналған кешенді жоба­ларды бастап кетті. Яғни, экономи­каны одан әрмен дамы­ту, қоғамды демо­кратияландыра түсу, білім беру, денсаулық сақтауды дамыту, ұлтаралық татулықты нығайту, ай­мақ­тардың арасындағы әлеуметтік-эконо­микалық айырмашылықтарды жою, заманауи инфрақұрылымдар жасақтау түріктердің мақсаты қазір. Алайда, ресми Анкара мемлекеттілік дәстүрдің тереңдігіне үңілмеді. Селжұқ мемлекеті мен Осман империясынан бері үзілмеген мемлекеттілік дәстүрді насихаттап отырған жоқ. Керісін­ше, Ататүрік құрған республиканың мерей­тойына құрмет басым. Бір байқағанымыз – мемлекеттілік дәстүр­дің тарихына үңілу, оны идеология ретінде пайдалану азаматтық ұлт қалып­таса қоймаған елдерде байқалуда. Өздерінің этностық тегіне қарамастан «америкалықпыз», «французбыз», «германиялықпыз» дейтін халық қалыптасып үлгерген Батыс Еуропада мемлекеттілік тарихын тойлау сирек. Керісінше, нақты этностық тегін ұмытпаған және оны мақтан тұтатын халықтар мемлекеттіліктің тарихына ерекше мән беріп келеді. Оған 1981 жылы Болгарияның өз мемлекеттілігінің 1300 жылдығын, 2000 жылы Венгрияның мемлекеттіліктің 1100 жылдығын той­лағанын мысал ретінде атап өту­ге болады. Ал, посткеңестік елдерге келсек, 1999 жылы Тәжікстан өз мемле­кет­тілігінің 1100 жылдығын тойлады. Олар ІХ-Х ғасырларда Орталық Азияда билік құрған Самани әулеті кезінде тәжік ұлты мен тілі қалыптасқанын алға тартады. Ал, Ресей Федерациясы 2012 жылы мем­лекеттіліктің 1150 жылдығын той­лады. Тіпті, бұл мерейтойды Беларусь және Украина елдерімен бірлесіп атап өту мәселесі де қарастырылды. Мерей­тойлық шаралар ресейліктердің бүгінде насихаттала басталған «Орыс әлемі» идеясының айналасына топтаса түсуіне айрықша ықпал етті. Өзбекстан бол­са Әмір Темірдің мерейтойымен ғана шек­телген. Бірақ, өзбектер түрлі қалалардың мерейтойларын атап өтуде. Мемлекеттілік дәстүрді өте мықты идео­ло­гия құралына айналдыра білген елдердің бірі – Моңғолия. Моңғол жұрты өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап-ақ тарихи танымды жаңғыртуға мықтап кірісіп кетті. 2006 жылы Моң­ғолия Шыңғыс хан құрған моңғол мемлекетінің 800 жылдығын атап өтті. Мерейтойдың тек тарихи ғана астарының болмайтындығын салтанатты шараға АҚШ ауыл шаруашылығы министрі Майкл Йоханс бастаған арнайы делегацияның келгенінен-ақ аңғаруға болады. Амери­калық саясаткерлер президент Дж. Буштың құттықтауын жеткізген. Ресми Улан-Батор мерейтойды ұлтты әлемге танытудың құралы ретінде де пайдалана білді. Алайда, моңғолдар мемлекеттілік дәстүрдің тарихын тіптен тереңдете түсті. Әрі күллі түркіге ортақ тарихты жеке иемдене бастағанын байқаймыз. Олар 2011 жылы Ғұн мемлекетінің 2220 жылдығын да ресми түрде атап өткен. Алайда, соңғы кездері ғұндарды тікелей моңғол ретінде бағалау белең ала бастады. Нәтижесінде, Моңғолия туризм саласын әжептәуір дамытты, елге келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Тек 2013 жылдың өзінде Моңғолияға 500 мыңға жуық турист барған. Инвесторлар да елге келе бастады. Қазір Моңғолия жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім мөлшері өте жылдам артып келе жатқан ел. Бірақ, қалай болғанда да моңғолдар мемлекеттілік дәстүрді тек идеолгия құралы ғана емес, өте жақсы ұйымдастырылған PR акцияларына айналдыра білді. Қалай болғанда да, мемлекет құрылуы мерейтойы тек сол мемлекеттің әлемге өзін өзі таныту үшін емес, ал ең алдымен азаматтардың патриоттық сезімдерін арттыру үшін ұйымдастырылады. Мы­салы, Қытай Коммунистік партиясы­ның жетекшілері 2013 жылғы партия съезінде алдағы онжылдықтардың негі­згі мақ­саты ретінде Қытай Халық Респуб­ли­касының 2049 жылы аталатын 100 жыл­дығына дайындалуды бекітті. Сол сияқ­ты 2023 жылы аталып өтетін Түркия Рес­пуб­ликасының 100 жылдығы да ең алды­мен ішкі аудиторияға арналған іс-шаралар. Сондықтан, Қазақ хандығының мерей­тойын өткізуде өзге елдердің тәжірибесін де қарау қажет.

«Мәңгілік ел» идеясы – мемлекеттілік дәстүрі

Президент сөзінің астарынан ұққан соңғы пайымымыз тарихты насихаттау арқылы мемлекеттілік дәстүрі бірте-бірте ұлттық идеологияға айналып келе жатқандығы. Әдетте, «мемлекеттілік» ұғымын тек мемлекеттік құрылым ретінде бағалаймыз. Алайда, мемлекеттілік дегеніміз, тарихта өз мемлекетін құра білген халықтардың даму деңгейімен де өлшенеді. Әрі мемлекеттің дамуы мен қызметін ұйымдастыруға қажет идея­лар мен көзқарастардың тұтас­тай жүйесін де «мемлекеттілік» деп баға­лайды бірқатар сарапшылар. Демек, «Мәң­гілік Ел» идеясы ұлттық-мемлекеттік идеяның негізі, іргетасы десек те болады. Және де, ең бастысы, бұл идея елдің өткеніне ғана қатысты емес, болашағына қызмет ететін идея. Көне түркілер аңсаған Мәңгілік Ел, шын мәнісінде, бұл бүгінгі біздің түсінігіміздегі мемлекет. Біздің бабаларымыз шынайы түрде берік, өзгелерге де ықпалын жүргізе алатын мемлекет ретінде көргісі келді, міне, біздің ұрпақтың маңдайына сол бабаларымыздың арман еткен қуатты да ықпалды мемлекет құру бақыты тиді. Сондықтан, ертең тек Қазақ хандығының мерейтойы емес, сонымен қатар, 2017 жылы Түрік қағандығының 1465 жылдығы, 2024 жылы Алтын Орда мемлекетінің 800 жылдығы сияқты атау­лы даталарды да ұмытпауымыз тиіс. Әри­не, Қазақ хандығының құрылған жылын анықтап, оған лайықты баға бермей тұрып, Қазақ мемлекетін құрған хан-сұлтандарға, батырларға құрмет көрсетпей тұрып, күллі түркілік құндылықтарға иелік етуге ұмтылу ерте шығар, бірақ біз күллі түр­кінің атажұртында отырған елміз. Оның үстіне, Мәңгілік Ел идеясын қайта жаң­ғырту арқылы Қазақ мемлекеті өзін баяғы Дала империяларының мұрагері, көне мемлекеттілік дәстүрлердің жал­ғас­­тырушысы етіп жариялауда. Түп­тің-түбінде бүгінде біз айтып жүрген «Мәңгілік Ел» ұғымын орыс тіліндегі «державность» сөзінің баламасы ретінде қабыл­дауға болады. Біз жай көптің бірі бола­тын мемлекет емес, озық, ықпалды мемлекет құруға ұмтылуымыз қажет. Себе­бі, қазіргі заманда тек белсенді, қуат­­ты мемлекет қана өміршең, қатерлерге төтеп бере алады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Қазақстан дамыған елу елдің, енді отыз елдің қатарына ену қажеттігі жөнін­дегі Елбасының сөздері бұл тек жай ұран сөздер емес, ұлтты, халықты тек алға, бә­секеге қабілетті болуға тартқан Стратегия. Сондықтан, Қазақ хандығы­ның 550 жылдығы қазақтың жаңа сапаға көтерілуінің кезекті маңызды межесі. Бұл іс-шараға мерейтой деп емес, ал ең бастысы болашақта ұлттың сапасын, мемлекеттілікті арттыру мен азамат­тардың жүрегінде мем­лекет­шілдік сезімін ұялатудың жаңа бір мүм­кін­дігі деп қарауымыз қажет. Яғни, бас­ты мақсат – Мемлекеттілік дәстүрдің сабақ­­тас­тығын жаңғырту, бекіту. Және де бұл мерейтой «Мәңгілік Ел» идеясын бұқараның санасына сіңіру үшін қажет.

(«Егемен Қазақстан», 31 қазан, 2014 жыл).