Құқық

ҚҰҚЫҚ: талап және міндет

ҚҰҚЫҚ: талап және міндет

Қазіргі заманда құқықтық сауаттылық аса қажет. Қазақстан Республикасының заңдарына енгізілген өзгерістерден мағлұмат алып, қылмысқа бармас үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік жөнінде біліп жүргенге не жетсін? Жамбыл политехникалық колледжінде студенттердің қатысуымен «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» атты пікірталас өтті. Оған оқу орнындағы «Шешендік өнер» үйірмесінің студенттері қатысты.  «Мұндағы көздегеніміз – жастардың құқықтық білімдерін жетілдіріп, олардың заң алдындағы жауапкершіліктерін арттыру, алдына мақсат қоя білуге баулу», – дейді осы шараның ұйымдастырушылары Айгүл Абитаева мен Айман Қарауылова. «Әділет» және «Ақиқат» тобына бөлінген бірінші курс студенттері бес бөлім бойынша сынға түсті. Топ атын, белгісін таныстырып, құқықтық сұрақтарға жауап беріп, сол тақырыптағы мақалдар айтып, берілген сұрақтарға жауап берді. «Әділдік» пен «Ақиқатты» ту етіп алған екі топтың да дайындықтары, көрсеткіштері бірдей түсті. Бір атап өтерлігі, жастар ойларын шебер жеткізіп, еркін сөйледі. Құқықтық сауаттылықтары да қуантады. Сондықтан осындай ой салатын шараларды көптеп өткізе бергеннің зияны жоқ.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».