- Advertisement -

Өңір ақындары неге өлең жазбай жүр?

241

- Advertisement -

Еліміздің баһадүр батысы, дүршайыр шығысы, оғланжыр оңтүстігі мен нұрсауыт солтүстігі, Жұмекенше (Нәжімеденов) айтқанда әр түкпірі төр болған, құмы да қара өлең боп құйылған Ұлы далада тасқа қашалып, нақты айтқанда петроглиф тілінен басталған поэзия бүгін де заманмен зымыранша жарысып, жаһан әдебиетінің, жалпы айтқанда адамзат әдебиетінің дамуына қомақты үлесін қосып-ақ келеді.

Ал ел аумағында, күні кеше Абай облысы құрылғанша жалғыз ақынның атымен аталып келген, одан арыға көз сүңгітсек сонау Руми мен Рудакилер мың жыл бойы жырлап өткен Тараз шәрі музалардың бойтұмары болғаны бесенеден белгілі. Сіркіреп өлең оқитын Серік Томанов, жыр найзағайы Нарша Қашағанұлы, өлеңнің батыры Бауыржан Үсенов, арыны қатты Артығали Ыбыраев, өзегі өлең болып өртеніп кеткен Өрнек Құлекеев секілді ақындардың ізі де осы қалада сайрап жатыр. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де әдебиет ауылында бір үйдің баласындай өсіп-өнген жас ақындар келді. Әңгіме олардың республикалық мүшәйраларда алған орындарында емес. Жандүниенің жеңісі мен жемісі болған жазуларында. Ол ақындар қазір не жазып жүр? Заманды тұрмыс билеген бүгінгідей кезеңде қасиетті сөз короліне көңіл төрінен орын табыла ма, әлде босағаға итеріп тастадық па? Әулиеатаның әдеби жастары қазір немен айналысып жүр? Әдебиетпен бе жоқ әлде әлеуметтік мәселелердің әлегімен бе?

Бірер жыл бұрын тараздық жас ақындар ел аумағында тұңғыш рет еркін форматта «Авангард» атты тәуелсіз шығармашыл ұйым құрды. Қаланың кешкі кафелері мен кофеханаларында дүрілдетіп жыр оқыды. Құдіретті поэзия әлі де қала тұрғындарының жүрегін тебірентті. Қызығушылығын тудырды. Тіпті бұл қатарға орыстілді жас ақындар легі де қосылды. Өз кезегінде музыканттар да топтасты. Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде оң іс онлайн форматта жалғасты. Пандемия демекші, әлем әдебиетіндегі бірқатар ірі шығармалар мен туындылар осындай карантин кезінде жазылғаны тағы бар. Бізге бұл жағдай қалай әсер етті? Ағын деген сөзбен ғана толқыны тоғысатын ақындық қасиет қазір Тараз жастарының бойына қанмен құйылып, сүйекке сіңгенімен, оның нәтижесі қандай? Тараздың жырсоққан жастары соңғы уақытта неліктен жыр жазбай кетті? Бірімен бірі жарысып, жалындап жыр оқитын олардың қатары неліктен сиреп, жазарлары некен-саяқтан аса алмай қалды? Әлде тұрмыстың, күнделікті күйбең тіршіліктің күресінде жүр ме? Олай болса мұның жауабын да Мұқағали «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта. Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан, Күнделікті тірлікке бой суытпа» де айтып кетті емес пе? Әрине, әдебиет жанкешті әрі азапты жұмыс. Барлығы түбегейлі жазбай кетті дегеннен аулақпыз. Бірақ бұрынғы лептің жоқ екені жасырын емес. Өлеңді тастап кеткен алдыңғы толқын ағалар да бар. Бірақ аспандағы бұлт жауынын жауады ма, жаумайды ма, бірінші Тәңір, екіншіден өзі біледі. Бірақ олардың бір жауабы, жастар жазсын дегенге саятыны анық. Сол үшін көкжиегімізді кейінгі буынмен кестеледік.

– Шынымды айтсам, шөпті де, шөңгені де өлеңге айналдырғым келмейді. «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз бар. Аз жазсақ та саз жазған дұрыс. Мектеп қабырғасында Абайдың, Тұманбайдың, Мұқағалидің, Артығалидың өлеңдерін оқып жүріп, қолға қалам алдым. Жаным жабырқаған сәттерде ішкі сырымды ақ қағаздың бетіне түсіретінмін. Қуанышты сәттерім де өлең болып өріле кететін. Сол тұстарда үздіксіз жазған жырларым «Көктем – көңіл» атты шағын кітап болып жарыққа шықты. Бірқатар ұжымдық жинақтарға енгізілді, республикалық газеттерде жарияланды. Абай оқулары мен өзге де түрлі мүшәйраларда жүлделі орындардан көріндік. Дегенмен журналистика саласында еңбек жолымды бастап, тілшілік тіршілікке етене еніп кеткен соң ба, әлде тұрмыстық түйткілдердің әсері ме екен, өлең жазудан алыстап кеткенімді байқаймын. Кейде ғайыптан тайып, ғазалға лайық ғажап шумақтар ойға оралады. «Міне, келді!» деп қанша оқталсам да сәті түспей-ақ қойды. Баспасөзге басымдық беріп, өлеңді өкпелетіп алған сияқтымын, – деп түсіндірді жан дүниесінің жай-күйін ақын, облыстық «Ar-Ai» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек.

Шынтуайтында осыдан он жыл бұрын ортасы сетінемей жүретін әулиеаталық жастардың қазір басын қосатын әдеби іс-шаралар да жоқ. Бұрынғы ақындарды еске алу шаралары да болмайды. Бірақ бұл өлең жазбау үшін нақты себеп емес екені тағы бар. Қазір Тараздық әдеби орта қалыптастырып, есімдері республикаға танылып қалған жастардың әрбірі Маралтайша айтқанда (Райымбекұлы) бытырадай шашырап, әр салада һәм кейбірі әр өңірде жүр. Бірақ өлең өлкесінде ма?

– Жасыратыны жоқ, қазір сенің жазған өлеңің ешкімге керек емес. Арагідік орталарда оқылып, сол жерде уақытша шапалақ ұрылып, арқадан қағылғаннан кейін, өлеңнің рухы сол жерде қалады. Себебі қазіргідей қым-қуат заманда ешкімнің мұңы ешкімге керек емес. Сол секілді біреудің бақыты да, қуанышы да біреуге бақыт болмайды. Бұрындары өлең жазып және ол өлең үлкендер тарапынан еленіп жатса, мұңдасыңды тапқандай қуанатын едік. Өзіміз де өлеңнен, әдебиеттен небір керемет образдарды көрдік. Аға буынға еліктедік. Өлеңнің қадірі қазір сахнада да ауыз толтырып айтарлықтай емес. Сондықтан саналы түрде өлең жазбаймын деп шештім. Одан да халыққа қолымнан келгенше басқаша жолмен қызмет етуді таңдадым. Бірақ қазақ әдебиетінен түбегейлі қол үзгенім жоқ. Ол мүмкін емес. Жақсы өлең немесе шығарма оқысам, ол үшін шынайы тыңдарман бола аламын, – дейді ақын, Қордай ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Нұрболат Сатымқұл.

Жас ақындардың жалынына су сепкен себептер оны өшіре алмауы қажет-ақ. Ол жалын Жұматай айтқандай (Жақыпбаев) төрт мұхиттың суын төбеден төксе де суымауы тиіс. Бірақ кез келген таяқтың екі ұшы болатындай, бұл жайтқа оқырмандардың да тікелей қатысы бар болуы мүмкін. Таразда жоғарыда айтып өткен «Авангард» жобасы авторларының бірі, қазіргі таңда қара шаңырақ Қазақстан Жазушылар одағында еңбек етіп жүрген Арайлы Жақсылық бүй дейді:

– Былтыр бір жыл бойы өлең жазбаған болатынмын. Себебі жаңа өмірге бейімделу керек болды. Жаңа отбасым өлеңге жай өнер деп емес, ғылым һәм кәсіп деп қарауды үйретті. Әсіресе күйеуім. Кәсіп дегенде ақша табу құралы емес, баяғы алып-ұшқан сезімдерді доғарып, саналы көзқараста қарау керектігін жиі айтады. Мен 25 жасқа дейін өлеңге эмоциямды шығаруға көмектесетін есірткі сияқты қарадым. Өлеңді сол үшін жаздым. Көбіне қоғамдағы стереотиптерге қарсы ішкі бұлқынысым өлең болатын. Сол өлеңді қайта-қайта оқысам жаным тынышталатын. Қазір есейген соң бәлкім, дұрыс нәрсе жазғым келеді. Бірақ соның реті келмей жатыр. Бәрібір айналаға көрсете алмайтын эмоциям өлеңімде жылт беріп қояды. Соған қарағанда өлең бәрібір сезімге құралатын болып тұр ғой. Әлде ізденіс жетіспей ме, түсініксіз. Шынын айту керек, қазір өлең жазғаныммен ештеңе оқып жүрген жоқпын. Жағдайды өзгертуге тырысып бағамын. Былтыр алғашқы кітабым жарық көрді ғой. Әділдік үшін ішінде жақсылы-жаман жазған нәрсемнің бәрін енгіздім. Келесі дүнием сапалырақ болуы үшін кешкен күйлерімді қағазға дереу түсірмес бұрын қатаң сүзгіден өткізетін болдым. Өлеңге саналы көзқарас осылай басталып келе жатыр десем де болады. Эмоция һәм сезім, терең ізденіс, ұшқыр интеллект, тапқырлық, осылар қосылғанда тәуір дүние шығатынына сенемін. Десек те қорқынышым – мөлдірлікті жоғалтып алу. Қазір өзі біздің қолымыздан онсыз да жазудан басқа ештеңе келмейді. Капиталистік қоғамда жан бағу да қиын боп барады. Шынын айту керек. Мұның ұршығына түсіп, робот болып кетпес үшін де жазамыз. Басқа амал жоқ. Күндіз жұмыста компьютер басамыз, үйде қағазға шұқшиып отырамыз. Оның арасында басқа да міндеттеріміз бар. Құдай солай жаратқасын, қолға қалам бергесін қарманып қалып жүрміз. Оқыған адамға тозаңдай пайдамыз тисе игі. Жазған дүниеміз кімге қалады, кім оқиды, аудиторияның рухани қажеттілігін қанағаттандыра аламыз ба, жалпы не үшін жазу керек, қазіргі қазақ қоғамында поэзияны толыққанды рухани айналымға енгізе аламыз ба, мұның бәрі өз алдына бөлек тақырып. Қолында бір-бір гаджеті бар, 2000 жылдан былай қарай туған балалардың 98 пайызы виртуал әлемде. Олардың санасына қалай рухани дүние тоқимыз, қандай әдістерге барамыз, кітап оқитын буынды қалай қалыптастырамыз? Кейде осыған бас қатырып, жетер жеріне жете алмаймын. Бізге өз ортамызда жүргесін елдің бәрі кітап оқитындай болып көрінеді. Ал айналаға мойыныңды созып қарасаң – хаос. Олар біз өндіріп жатқан рухани өнімді тұтынбайды. Әрине, бұған бас қатырмауға да болады. Біздің қаламгерлер оларды «тобырға» санап, деңгейлеріне түспеуді құп көретін сияқтанады да тұрады. Бірақ өмірге сапалы дүние әкелуді үдете түссек дұрыс талғам қалыптаспай ма?! Мен сол үшін замандастарым тоқтамай ізденіп, жаза берсе екен деймін. Қазіргідей алмағайып кезең өмірге мықты қаламгерлерді әкеледі деп ойлаймын. Бұрын да солай болған еді ғой. Бірақ құр кітап шығарып, оны таратып бере салғаннан гөрі заманауи әдістерге бару керек сияқты. Мен қазір жазсам, осы үшін жазғым келеді. Тіпті прозаны да көрсем деймін. Әсілінде менде бұл миссия үшін барлық жағдай бар. Тек өз шығармашылық лабораториямды қалыптастыруым керек.

Жөн һәм жаны бар сөз. Өз өзін іздеп, қалыптастырып жүрген әрі көңілдегі күйзелістерді әдеби мезгілдер ретінде қабылдайтын һәм оқырмандарға үміт беретін сөз. Әрине, нәзік жандылар үшін поэзия нағыз мәнді ұғар, ұғындырар кие. Бұл ретте қазір еліміздің бас қаласында еңбек етіп жүрген тараздық Ұлжан Шораева: «Өлең жазбағалы көп уақыт болды. Себебі өлең тумай жүр. Шабыт жоқ па, тақырып таппай жүрмін бе, білмеймін. Бірақ жазғым келіп жүр. Туған жер тақырыбында жақсы дүниені қағазға түсірсем деймін. Жазбай кеткенімнің себебі, тұрмыс көбірек билеп кеткен сияқты. Шығармашылыққа терең енгім келеді, бірақ ой-санам, уақытым, көңілім жұмыс, тұрмыстың қамы, материалдық тұрақтылыққа көбірек энергия жұмсап, шығармашылыққа жетпей жүрмін» десе, Айман Найзабаева да отбасылық жағдайға, үй шаруасына байланысты мүмкіндіктің жоқтығын алға тартты.

– Жаз бойы өлең жазбадым. Себебі оқу, білім жағына қатты назар аудардым. Шығармашылықпен айналысу үшін ештеңеге алаңдамай, жүректі тыңдау керек. Ал жаз айлары мен үшін қарбаласқа толы уақытқа айналды. Былайша айтқанда, тұлғалық даму, мамандығым бойынша білімімді шыңдауға қолайлы болды. Осы соңғы аптада ғана өлең жазатыным есіме түсіп, бір-екі өлеңнің қылт еткені бар. Күз мезгілі шығармашылық адамдары үшін ерекше мезгіл дейді ғой. Бәлкім, күздің иісі өлең арқылы байқалып жатқан болар. Бір түсінгенім, бұрынғыдай махаббат тақырыбынан гөрі адамның ішкі күйінен, психологиясынан хабар беретін өлеңдерді жазуға құмар болып алыппын. Бірақ, өзіме тым жоғары талап қоятындықтан өлеңдерімді жариялауға құмар емеспін. Соңғы кездері поэзиядан гөрі прозаны жазуға бейім сияқтымын деген ойдың ұшы мен басымнан өткен белгілі бір оқиғаға қатысты шығарма фабуласы ойыма келіп жүр. Бұйырса, бір повесть жазу ойда бар. Болашақта прозаға қалам тербесем, ешкім таңқала қоймас деген пікірдемін, – дейді жас ақын, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы Ғалия Абылай.

Сол секілді әрдайым тараздық жас ақындардың ортасынан табылып, нәзік нәркес нәзиралы өлеңдерін оқып жүретін Назерке Оңғар:

– Қазір бала күтімі демалысымнан жұмысқа шықтым. Жазбай кеткен кездерім болды. Ол кезде интернеттен поэзия тыңдап қалсам бет басып ұялатынмын. Өлең оқуды, өзіммен өзім қалып жазуды, жүректің жүгін жүз жинап ақтаруды армандадым. Алайда тұрмыстың кей өткелдері оған мойын бұрғызбады. Шабыттың арқасынан қағып шығарып салған кездер де болды. Бірақ ішіңде бар жанар тау қамыр жайып жатсың ба, бала қарап жатсың ба, қонақ күтіп жатсың ба демейді екен. Бір күні ақтарылдым. Өлеңім қаламнан гөрі жасыммен жазыла бастады. Солай қу тірлікке қолымды бір сілтеп шабыт келгенде шарт еткізіп ұстап жібермей жазып қалуды да үйрендім. Нәтиже өзімді қамаған торуылдан босадым. Өлең менің жан дүниемнің сөзі. Оны буындырып, тұншықтырып жүре алмайды екенмін. Кейде бір көсілсем тоқтай алмай қаламын, – деп қуантып қойды.

Жалпы түйеге мінгенінің төрт ауыз, атқа мінгенінің алты ауыз өлеңі бар қазақ баласының әрқайсысының бойында бар ақындық қасиет үлкен еңбекпен қалыптасатыны һәм мойындалатыны белгілі. Бұл ретте Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз бөлімінде еңбек етіп жүрген ақын Жанғазы Ахмет: «Өлең жазып жүрмін. Бірақ, саяқ жазып жүрмін. Оған бір себеп: күнделікті тұрмыс илеуі, жұмыс күйбеңі. Сезімнің, көңілдің адамы болған соң күнделікті тіршілікте әсерленбейтін, толқымайтын сәттер аз. Әр кішкентай оқиға да сезіміміз селт еткіш-ақ. Сондай әсерлі кездің бәрінде өлең жазуға жүрек тартып тұрады. Ондай көңіл-күймен күнде бір, екі өлең жазуға да болар еді… Бірақ, оның бәрі сәтті шықпасы анық қой. Сондықтан көп дүниені көкейде пісіріп алып, қалам ұстаған дұрыс деп ойлаймын. Арнайы жазайын деп дайындалмаған соң, көбіне көңіл-күй тақырыбынан алысқа ұзай алмай жүрмін», десе былтырғы республикалық «Алтын тобылғы» байқауының жеңімпазы атанған жас ақын Шапағат Әбдір: «Мен ішкі менімнің тұтқынына айналған сияқтымын. Алғашқы жыр жинағымнан кейін, қалам ұйқыда. Ақынның жан дүниесі де мәуелі ағаш сияқты ғой. Бұтақтары ол сенің әдеби әлемің.

Міне сол бұтақтарың тірліктің болмайтын бір іске керегі үшін балталанса, жапырақтарыңды өмірдің қара шаңды дауылынан қорғай алмасаң, өлең құсы қонудан қашады. Ол ұя сала алмайды.Ал мен өлең құсымды күтіп жүрмін», – дейді.

Қорыта айтқанда, ақын өлеңді тастамауы мүмкін, бірақ өлең ақынды тастап кетуі ғажап емес. Батыс әдебиетіндегі көптеген ұлы ақындар өлеңді өндіре ерте жазып, тастап кеткен де. Жоғарыда біз пікірлескен ақындардың барлығы елге белгілі, басым көпшілігінің жеке авторлық жыр жинақтары да шыққан. Бастысы – сонымен шектеліп қалмау. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп хакім Абай айтқандай, жазар таусылмасын, ақындар!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support