Жаңалықтар

Ел есіндегі ерен тұлға

Ел есіндегі ерен тұлға

Фәни дүниеде арманға жетпей, жалғаннан өткен данышпандар да, ғұламалар да аз емес. Ал сол кемеңгерлердің қатарында туған халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп, келешек дәуірге өнеге болған жандар, тіпті, саусақпен санарлық. Себебі, халық перзенті атанып, ел ықыласына ие болу кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Қазақстанды 40 жыл басқарған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев осындай бақыт пен бақтың иесі. Еңбек жолын Балқаштың Қоңырат кенішінен бастаған қайреткерге халықтың құрметі көзі тірісінде-ақ ерекше болатын. Ел-жұрттың осынау ыстық ықыласы есімі дүниежүзіне мәшһүр болған таутұлға өмірден өткенде де еш басылған емес. Мәселен, бір ғана Тараз қаласының өзінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің атында кітапхана, көше және орталық бар. Бұдан бөлек, жуырда ғана біртуар азаматтың 110 жылдығына орай облыс орталығында еңселі ескерткіш бой көтерді. Бұл «Елу жыл ел ағасы» атанған азаматтың өмірі мен даналығына, еліне қылған игі істеріне берілген бүгінгі замандағы лайықты баға.

Еңселі ескерткіш

Жуырда Тараз төрінен көрнекті қайраткер Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескерткіші ашылған еді. Қоладан құйылған ескерткіштің салтанатты ашылуына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, генерал Амангелді Шабдарбаев, КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов сондай-ақ белгілі ақын, жазушы, ғалымдар мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысқан болатын. Айтулы шарада өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы ерен тұлғаның тарихтан алар орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар Дінмұхамед Қонаев – қазақ халқы үшін ерен еңбек сіңірген тұлға екенін, ол кісінің басшылығымен біздің ел сол кездегі Кеңес Одағы құрамында Ресей мен Украинадан кейін экономикасы дамыған үшінші республика болғанын атап өткен еді. Ал халықаралық «Қонаев қорының» президенті Элдар Қонаев әулиеаталық жұртшылықтың атасына көрсеткен шексіз ықылысына риза болып, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Дінмұхамед Ахметұлы биік қызметте жүргенде де атажұртын ұмытпағанын, кейін зейнетке шыққан кезінде де Жамбыл жеріне арнайы келіп, Талас ауданының халқына сәлем бергенін еске алды. Жалпы, облыс орталығындағы Қонаев көшесінің бойында бой көтерген еңселі ескерткіштің астындағы тұғыртасы мен биіктігі 4 метрді құрайды. Осы тұста халықтың көңілін тауып, шаруаны тиісті биіктерге шарықтатқан Қонаевтай жанның болмысын аша түсетін алып ескерткіштің тұрғызылуына жергілікті билік өкілдері де тиісті қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.

6 мың оқырманы бар кітапхана

2017 жылы облыс орталығындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Іргетасы 1958 жылы қаланған бұл кітапханада бүгінде 107 мыңнан астам кітап қоры бар. Мұнда жыл сайын 6 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетіледі. Жас жеткіншектерді қызықтыру мақсатында «Кәсіби өсу», «Оқитын озық ел», «Алтын бесік – Атажұрт», «Біз біргеміз бәріміз», «100 кітап» және «Онлайн кітапхана» жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Директор Гульфайруз Инкарбекова кітапхана қызметкерлері Тараз қаласындағы барлық мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқандығын жеткізді.

– Облыс әкімдігі мәдениет басқармасы бекіткен меморандумның аясында үйлестіру жоспарына сай қаладағы барлық мектептермен біздің байланысымыз арта түсті. Бұл күнде мұнда тек оқушылар ғана емес, ұстаздыққа қадам басқан жас мамандар да жиі келеді. Себебі, біз де оларға қажетті әдістемелік оқу-құралдары бар. Маңайымыздағы мектеп, балабақшалардың қызметкерлері мен тәрбиеленушілері тұрақты оқырмандарымыз. Жасыратыны жоқ, қазір жастар арасында кітап оқуға деген қызығушылық тым бәсеңдеп кетті. Десе де, өз бетімен ізденіп келіп оқитын балалар да аз емес. Оның үстіне, оларға мектептегі мұғалімдері түрлі тапсырмалар береді ғой. Осы тұста жас жеткіншектердің қажетін өтеп отырған бұл кітапхананың рөлі айрықша.

Ерекше тоқтала кететін жайт, біз жүзеге асыратын тағы бір жоба «Түнгі кітапхана» деп аталады. Дәлірек айтқанда, оқу жылы басталысымен-ақ аптасына бір рет түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейміз, келушілерге қызмет көрсетеміз. Сонда байқағанымыз, балалармен қоса ата-аналар да келеді. Әрбір ата-ана баласының үй тапсырмасын орындауға көмектесіп, өздері де рухани сусындап қайтады. Бұл күні келушілерді кітапхана қызметкерлері арнайы көлікпен мекенжайларына жеткізіп салады, – деді Гульфайруз Қапалқызы.

 width=

Айта кетейік, жуырда ғана бой көтерген Қонаев ескерткішіне кітапхана қызметкерлері де хал- қадірлерінше қаржылық қолдау көрсеткен. Олар келешекте балалар және жасөспірімдер кітапханасы бөлек бір ғимаратта болса дейді. Себебі, көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатына орналасқан кітапхана ғимаратының машақаты көп, қиындығы да жетерлік. Ал халықаралық «Қонаев қорының» кеңесшісі, 75 жастағы ақсақал Жаппар Күздеубековтің ендігі арманы Қонаев есімін мектеп оқулықтарына енгізу. Оның пікірінше, Дінмұхамед Қонаев тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаушы саясаткер ретінде оқулықтарда лайықты орын алуға тиіс әрі өнегелі өмірі жастарға насихатталуы қажет-ақ. Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар шаруалар қолға алынып үлгерген.

Бұрынғы – Украинская, қазіргі – Қонаев

Бүгінде Тараз қаласындағы орталық көшелердің біріне Қонаевтың есімі берілген. 1992 жылы Украинская деп аталатын көшенің атауы тарихи таутұлғаның құрметіне ауыстырылды. Қазіргі таңда бұл көшенің бойында көне шаһардың шырайын кіргізіп, келбетіне сән қосқан заманауи ғимараттар күн санап бой көтеруде. Қала тұрғыны Ғабит Қыдырбаев бар өмірін елінің өркендеуіне арнаған Дінмұхамед Ахметұлының дара еңбек жолы мен елеулі үлесін атап өтіп, таутұлғаның аты халық жадында мәңгілік жаңғыратынына сенімді.

– Бұл көшеге Қонаевтың есімі берілуі халықтың оған берген шынайы бағасы. Ол адалдық пен туралықтың, кемелдік пен кемеңгерліктің үлгісін көрсеткен үлкен парасат иесі. Дінмұхамед Ахметұлы туған жері Қазақстанның дамуы, гүлденіп, көркеюі үшін барын салды. Оның рухына қандай құрмет көрсетсек те бәрі жарасымды. Халықтың ықыласы мен көңілінен шыққан тұлғаға деген құрметті ешкім де, ешқандай күшпен тоқтата алмайтынын көз көрді. Өзім Қонаев көшесінің тұрғынымын. Алып тұлға атындағы кітапханаға жиі бас сұғамын. Себебі, мектеп жасындағы үш немерем бар. Соларды мектепке апару, алып қайту маған жүктелген. Өздеріңіз білетіндей, жақында ғана қазақтың аяулы перзентіне үлкен құрмет көрсетіліп, осы көшенің бойынан еңселі ескерткіші орнатылды. Осылайша, халық жүрегінен орын алған перзент ата-бабасы қоныстанған топыраққа қалыпқа құйылған зор мүсін болып қайта оралды. Жалпы, ірі тұлғалардың ерен еңбектерін үлгі етіп, ұлыларды ұлықтау – басты парызымыз. Қонаевтың бойындағы ұлтжандылық жастарға жұғысты болсын! Қазақтың дара тұлғасының ескерткіші құтты болсын, – деді Ғабит Жарылқасынұлы.

 width=

P:S: Кез келген тұлғаның тарихтағы рөлін ресми құжаттардан емес, замандастарының естеліктерінен, жақын адамдарына айтқан сөздерінен-ақ байқауға болады. Өйткені халық айтса, қалып айтпайды. Қиын дәуірде өмір сүріп, шамасы келгенше халықтың жағдайын ойлап, ұлттық мүддені қорғаған Қонаевтың дәл осы тұста бағы басым. Ол ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп ұлт ретінде ұйыса түсуіне ерекше үлес қосып қана қоймай, тәуелсіз елдің қарапайым халқы шын құрметтейтін алып адамға айналды.

 

Есен ӨТЕУЛІ