- Advertisement -

Тарих пен таным

55

- Advertisement -

Биыл ҚР Конституциясының қабылданғанына 27 жыл болды. Еліміздегі басты құжат 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған. Содан бері бұл күн мемлекеттік мереке болып саналады. Алайда бұған дейін еліміздің қалыптасу тарихымен қатар Конституциямыз да бірнеше рет қабылданғаны белгілі. Сонымен Ата заңымыз қанша рет қабылданды?

 1926 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚ АКСР КОНСТИТУЦИЯСЫ

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған. Конституцияда заң басқару нысаны, мемлекеттік құрылыс, саяси режим, мемлекеттік билік органдары құрылымы, атқарушы, өкім беруші органдар бекітілген. Сайлау құқығы, қаржылық құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. 1926 жылғы Конституцияға сәйкес, Қазақстан РКФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

1937 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚ КСР КОНСТИТУЦИЯСЫ

Осы жылдың 26 наурызында Х Бүкілқазақтар құрылтайы кеңесінде қабылданған Конституция 11 тарау және 124 баптан тұрды. Онда: «СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті дербес жүзеге асырады», – деп жазылған. Конституцияда экономикалық, саяси-қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген. Жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдары заңнамаларының орындалуын бақылау, мемлекеттік, қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу секілді мәселелер қарастырылған.

1978 ЖЫЛҒЫ ҚАЗАҚ КСР КОНСТИТУЦИЯСЫ

Конституция республика Жоғарғы Кеңесінің ІХ шақырылған кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған. Жаңа Ата заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллигенциясы табына жататын халықта болды. Ал басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ пен басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды. Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзіреті, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, сот тәртібі, прокурорлық қадағалау секілді мәселелер қамтылды.

1990 жылдардың басында 1978 жылғы Конституцияға өзгертулер енгізген бірқатар заң қабылданып, Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже енгізілді. Министрлер кеңесі Министрлер кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін-өзі басқару, Қазақ кеңестік социалистік республикасының атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.

1993 ЖЫЛҒЫ ҚР КОНСТИТУЦИЯСЫ

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрды. Конституция Қазақстан егемендік алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, Мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

1995 ЖЫЛҒЫ КОНСТИТУЦИЯ

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Бұл күн мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып табылады. Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілді. Ата заңға әр жылдары бірқатар өзгерістер енгізілді. Қазір Конституция 9 бөлімнен және 99 баптан тұрады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support